Талғат Байсуфинов: Біздің үлкен мәселеміз – бір нәрсені бастап, кейін сол бағыттан ауытқып кететініміз

91

Қазақстан құрамасы J тобында 2026 жылы өтетін әлем чемпионатына іріктеу циклын 8 ұпаймен төртінші орында аяқтады.

Талғат Байсуфинов: Біздің үлкен мәселеміз – бір нәрсені бастап, кейін сол бағыттан ауытқып кететініміз

Қазақстан құрамасының бас бапкерінің міндетін атқарушы Талғат Байсуфинов Бельгиямен өткен (1:1) матчты қорытындылады.

Цикл аяқталды. Тең түстік, бір ұпай алдық. Осы нәтижеге көңіліміз толады. Өздеріңіз көрдіңіздер, ойын қандай болды. Бельгияға әлем чемпионатына шығу қажет. Сол себепті олар бізге үлкен қысым жасады. Жігіттерге алғыс айтамын. Соңына дейін шыдады, - дейді бас бапкер. 

Байсуфинов екінші таймда Ислам Чесноковтың алаңнан қуылған сәтіне де пікір білдірді:

– Бұл эпизодты тағы да қараймыз. Біздің ойыншыға қарсы да ереже бұзылды. Бірақ төреші осындай шешім қабылдады. Македонияға қарсы матчта екі ұпай жоғалтқанымызға өкіндік. Бүгін осы нәтижеге лайық болдық деп ойлаймын. Біз чемпионатты аяқтаған әрі әлі бабында жүрген ойыншыларды салыстыра отырып шешім қабылдадық.

Бүгін Тапаловты жартылай қорғаушы ретінде шығардық. Ол қапталға ауысқанда, оның аймағын Рамазан Оразов жапты. Шабуылда үш ойыншы бірден әрекет етті. Сондықтан Максим Самородов төмен түсіп, шабуылға көшкенде, төртінші форвард рөлін атқарды. Мұндай ойыншылармен біз шабуылға көбірек көңіл бөлуіміз керек.

Үзілісте Кенжебек пен Сәтпаев шаршағанын айтты. Сондықтан оларды алмастырдық. Ойын алдында Ғалымжанға вирус жұғып, ол Фарер аралдарына қарсы матчта ойнай алмайды.

Арсен Әшірбекті алаңға шығарғанда, Нұралы Әліп маған келіп: "Енді шабуылда қалай ойнаймыз?" деп сұрады. Бүгін оған ондай сұрақ қоюға негіз болды, - деді Талғат Байсуфинов. 

Байсуфинов Фарер аралдарымен ойында "Қайрат" ойыншылары қатыспайтынын атап өтті.

Бізге үлкен жауапкершілік жүктелгенін жақсы түсіндік. Әли Әлиев құраманы жасартуға қадам жасады. Біз оны қолдауымыз керек болды. Жанкүйерлер ойын философиясына, жігіттердің жанкештілігіне риза. Бұл жұмысты жалғастыруымыз қажет деп ойлаймын.

Анарбеков бүгін бар күшін салды. "Қайрат" ойыншылары керемет матч өткізді. Клуб әлі де еурокубоктарда ойнап жүргендіктен, Фарер аралдарына қарсы матчқа оларды шақырмауды және қалпына келуге уақыт беруді шештік. Бұл шешім басшылықпен кеңескеннен кейін қабылданды. Сондықтан Темірлан, Дастан және басқа жігіттер үйлеріне оралады.

Цикл бойынша көпшілік біз Лихтенштейннен ғана ұпай аламыз деді. Бірақ Уэльспен және Македониямен өткен үй матчтарында қаншама мүмкіндіктер болды. Оны он балдық шкаламен бағаласақ – сегіз. Он емес, себебі біз мундиальға шыққан жоқпыз.

Біздің үлкен мәселеміз – бір нәрсені бастап, кейін сол бағыттан ауытқып кететініміз. Жасарту туралы шешім дұрыс болды. Бұл өскелең ұрпаққа және жас футболшыларға үлкен үлгі, - деп қоса кетті бапкер. 

Сондай-ақ бас бапкер көптің көкейінде жүрген сұраққа қызметінде қала ма, әлде жоқ па деген сұраққа жауап берді. 

Мен қазақпын ғой. Ал ұлттық құраманың аты ұлттық құрама. Менің қалғым келеді, бірақ алдымен Фарер аралдарымен ойнайық. Содан кейін басшылықпен бірге шешім қабылдаймыз. Көмегім қажет болса, әрдайым қол ұшын созамын, - деп қорытындылады сөзін Байсуфинов.

Айта кетейік, 18 қараша күні футболдан Қазақстан құрамасы биылғы маусымдағы соңғы матчын Хорватиядағы "Альдо Дросина" стадионында Фарер аралдарына қарсы өткізеді. Матч Қазақстан уақыцты бойынша 22:00-де басталады. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу