Талғат Байсуфинов: "Қарсыласқа қарамай, өз футболымызды ойнауға тырысамыз"

1187

Қазақстан - Босния және Герцеговина арасындағы матч бүгін Астана-Аренада Нұр-Сұлтан уақытымен 19:00-де басталады.

Талғат Байсуфинов: "Қарсыласқа қарамай, өз футболымызды ойнауға тырысамыз"

Футболдан Қазақстан құрамасының бас бапкері Талғат Байсуфинов 2022 жылғы әлем чемпионатының іріктеу кезеңі аясында Босния және Герцеговина құрамасына қарсы кездесудің алдында баспасөз жиынына келіп, құраманың жағдайы туралы айтып берді. 

- Біз дайындық жұмыстарын 4-қазан күні бастадық. Тек екі ойыншы жарақатына байланысты құрамадан кетті. Олардың орнына басқа жігіттерді шақырдық. Алдағы екі ойындағы басты мақсатымыз - жеңіске жету, - деп бастады жиынды Талған Маруаұлы. 

- Асхат Тағыберген мен Алексей Щеткиннің жағдайы туралы айтып берсеңіз. Олар жарақатынан айықты ма?

- Асхаттың жағдайы жақсы. Қазақстан чемпионатында "Таразға" қарсы кездесуге қатысты. Бүгін тағы бір жаттығу өткізеді. Содан соң көреміз. Ал Щеткин болса сақадай сай. Бұған дейін құрамадан жарақатына байланысты Артур Шушеначев пен Абат Айымбетов секілді жігіттер кетті. Бірақ олардың орнын басатын ойыншылар бар. 

- Құраманың капитаны Азат Нұрғалиевтің орнына неге Бауыржан Байтананы шақырмадыңыз?

- Шынымды айтсам, мен Бауыржанның команда сапында қай позицияда ойнайтынын түсінбей қалдым. Себебі, "Астана" мен "Тараз" арасындағы ойында ол бірінші таймда оң қапталда болса, екінші таймда сол қапталда шықты. Оның үстіне Байтана басқа бәсекелестерінен шамалы жеңіліп жатыр. Ал Азатқа алғыстан басқа айтарым жоқ. Ол бізден сұранып кетті. Отбасылық жағдайына байланысты. 

- Руслан Валиуллиннің жағдайы не болып жатыр?

- 6 қазан күні біз "зум" арқылы антидопинг компаниясымен жиналыс өткіздік. Бірақ қазір ештеңе айта алмаймын. Негізі бұл жағдай жасырын емес. Алайда бізге көп нәрсе айтуға болмайды. Русланмен байланыстамыз. Ол өз кінәсін мойындады. Енді шешімді күтеміз. Басқа айтарым жоқ. 

- Айбол Әбікен неге шақырту алмай жүр?

- Соңғы ойындарда Айбол командасында ойнаған жоқ. Мен ол жігітті ұмытпадым. Мүмкін алдағы уақытта қайта шақыратын шығармын. 

- Алдағы ойында капитан кім болады?

- Жақсы сұрақ. Негізі ертең жариялаймын деп едім. Бірақ айтайын. Юрий Логвиненко Қазақстан құрамасын капитан ретінде алаңға шығады.

-  Бүгін қақпамызды кім қорғайды?

- Жаңа ғана алаңға шығатын бір футболшыны айтып қойдым ғой. Енді қақпашы туралы айтпай қоя тұрайын. Өздеріңіз де білесіздер, бізде таңдау да көп емес. Қақпашылардың бапкерімен ақылдасып, қақпада кім тұратынын анықтаймын. 

- Босния құрамасында бірнеше негізгі футболшы ойнамайды. Бұл туралы не айтасыз?

- Босниядан біраз ойыншының келмегенін естідім. Бірақ, қарсыласымыз ол ойыншыларсыз-ақ мықты. Әлемдік деңгейдегі шабуылшы Эдин Джеко бастап келіп отыр. Иә, Миральем Пьянич жоқ. Дегенмен біз қарсыласқа қарамай, өз ойынымызды ойнауға тырысамыз. 

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу