Талғат Байсуфинов: "Қазан айындағы ойындар бізге ауыр тиді"

1353

Франция-Қазақстан арасындағы ойын 13 қарашадан 14 қарашаға қараған түні Нұр-Сұлтан уақытымен 01:45-те "Парк де Пренс" стадионында өтеді. Ойынды QAZSPORT телеарнасы тікелей эфирде көрсетеді.

Талғат Байсуфинов: "Қазан айындағы ойындар бізге ауыр тиді"

Футболдан 2022 жылғы әлем чемпионатының іріктеу кезеңі аясында Франция құрамасына қарсы матч өткізу үшін Қазақстан ұлттық құрамасы чартерлік рейспен Нұр-Сұлтаннан Парижге келіп жетті. Кездесу алдында Қазақстан құрамасының бас бапкері Талғат Байсуфинов баспасөз мәслихатын өткізді.

- Қазақстан құрамасында негізгі ойыншының бірі Бақтиер Зайнутдинов жарақат алып қалыпты. Бұл жағдай ертеңгі матчқа қалай әсер етеді.

- Бізде тек Зайнутдинов қана емес, Ян Вороговский мен Георгий Жуков, Сергей Малый мен Азат Нұрғалиевтердің де жарақаты бар екенін айтайын. Сосын Логвиненконың да кішігірім жарақаты бар. Рамазан Оразовтың аяғы қатты ауырып, дәрігер бұл футболшыға сенім артпай-ақ қойыңыз деп айтты. Сондықтан да, біз осы жерде жаңа ойыншыларды тексеріп аламыз. Дегенмен іріктеудің басында көрсеткен жақсы ойынымызды қайта көрсеткіміз келеді.

- Франция құрамасының бас бапкері Дидье Дешам күні кеше ғана Қазақстан құрамасын мақтады. Бас бапкері де жақсы маман екен деп айтты. Сіз бұған қалай қарайсыз?

- Дидье Дешам бізге жоғары баға бергеніне ризамын. Футболдан рахат алып ойнағымыз келеді. Қарсыласқа өзіміздің ойынымызды көрсеткіміз келеді. Осылайша түбі өзіміздің мықты ойынымызды табамыз. Қазан айында өз ойынымызды жоғалтып алдық. Сондықтан да, сол ойынды қайтарғымыз келеді. Франция үшін бұл матч өте маңызды. Олар әлем чемпионатына шығуды мақсат тұтады. Бірақ біз қарсыластың атақ даңқына қарап отыратын жағдайда емеспіз. Жаңадан алынатын жастарға жаңа ойыншыларға бұл керемет сенімділік беретін ойын болары анық.

- Негізі жеребе тарту рәсімінде Қазақстанда барлығы бір ауыздан аутсайдер деп санады. Алайда жарыс барысында Сіздер керемет ойын көрсеттіңіздер. Сонда Қазақстан құрамасы дамып келе жатқан команда деп айтуға бола ма?

- Командамызды мақтағаныңызға рахмет. Бұл біз үшін қосымша шабыт берері анық. Алайда ең маңыздысы өзіміздің ойынды көрсету. Қалғанында шаруамыз жоқ. Біздің топ құрылған кезде мамандар пікіріне құлақ астық. 5 турдан кейін біздің тіпті 2 орын алуға мүмкіндігіміз болды. Бірақ қазан айында екі ойында бар үмітті жоғалтып алдық. Біз үшін өзіміздің жыл басында көрсеткен ойынымызды қайталап көрсетуіміз керек. Ең бастысы ойын тұрақтылығы.

- Франциямен өткен алғашқы матчтан бері командаңызда не өзгерді?

- Ойындарымызды көрсеңіз көп өзгеріс байқайсыз. Украинаға қарсы матчтарды еске алайық. Әсіресе қорғаныстағы ойынымыз өзгерді. Қарсыласқа шабуылдауға көп мүмкіндіктер беріп қойдық. Бірақ шабуылға шығуымыз өте жиіледі. Ашық ойын көрсетуге тырыстық. Арасында ойын мәнерін өзгертіп, қорғанысқа сенім артқан матчтарымызда болды.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу