Талғат Байсуфинов: "Мақсатымыз – жеңіске жету. Финляндияның жағдайы біз үшін қызық емес"

1170

Бүгін 12-қазан Қазақстан құрамасы мен Финляндия арасындағы матч "Астана Арена" стадионында өтеді. Кездесу Нұр-Сұлтан уақытымен 20:00-де басталады.

Талғат Байсуфинов: "Мақсатымыз – жеңіске жету. Финляндияның жағдайы біз үшін қызық емес"

Қазақстан құрамасының бас бапкері Талғат Байсуфинов Финляндиямен болатын матч алдында баспасөз мәслихатына қатысып, жергілікті тілшілердің сауалдарына жауап берді.

- Екі күннің ішінде көп жаттығу жасай алмайсың ғой. Тек теориялық дайындық болды. Бүгін бір жаттығу өткіземіз. Жалпы іріктеуде біз өз алаңымыздағы соңғы кездесуімізді ойнаймыз. Сондықтан бар күшімізді саламыз, – деді Талғат Маруаұлы. 

- Қазақстан құрамасының соңғы ойындарында нақты бір құрам болмады. Неге осы Қазақстанда тұрақтылық жоқ?

- Себебі жарақат. Құрамамыздың негізгі ойыншылары жарақат алып қалды. Олар кімдер? Санап шығайық. Серікжан Мужиков, Асхат Тағыберген, Александр Марочкин. Бұл жігіттер жарақат алған. Ал Азат Нұрғалиев отбасына байланысты сұранып кетті. Артур Шушеначевта да жарақат бар. Бұл жігіттер құраманың негізгі ойыншылары. Осындай жарақатқа байланысты құраманы алмастырып отыруға тура келеді. 

- Жеңсек те, жеңілсек те бізге келіп кетер пайда жоқ. Ал Финляндия жеңсе, топтан шығуға мүмкіндік алады. Осы тұста біз қазақылығымызды көрсетіп жеңісті бере салсақ болмай ма? Болашақта бұл жақсылығымыздың да өтеуі болатын шығар дегендей...

- (Күледі). Бұған біздің ар-намысымыз жібермейді. Біз олай ойламаймыз. Жеңіске жетпегенімізге көп уақыт болды. Ертең өз алаңымыздағы соңғы ойынды өткіземіз. Сондықтан жанкүйерлерді қуантуға тырысамыз. Мақсатымыз – жеңіске жету. Финляндияның жағдайы біз үшін қызық емес. Сондықтан ертең тек жеңіс үшін ойнаймыз.

- Владислав Васильев алаңға шыға алады. Бұл дегеніміз Қазақстан құрамасы бір шабуылшымен ойнайды деген сөз бе?

- Иә, Влад сары қағазын өтеп шығады. Бірақ оның алаңға шығу-шықпауы белгісіз. Қазір бір дайындық болады. Содан соң көреміз. Ал ойын тактикасы туралы ештеңе айта алмаймын. 

- Боснияға қарсы кездесуде бірінші голға Стас Покатилов та кінәлі деп өзіңіз айттыңыз. Қақпашы ауыса ма?

- Ол ойыннан кейін мен Стаспен сөйлестім. Гол кірген сәтті талқыладық. Енді қақпаға кім тұратыны әлі белгісіз. Бүгін қақпашылардың бапкерімен де сөйлесемін. Біздің үш бағана күзетшіміз де дайын. Ал кім шығатынын ойында көресіздер.

- Абат Айымбетовтың жағдайы туралы айтып берсеңіз. Ол Ұлттық құрамаға шақыру алмады. Бірақ кеше "Астана" сапында ойнады ...

- Мен "Астана" командасымен сөйлестім. Осыған дейін Айымбетовтың иығынан жарақаты болған. Сол үшін тіпті үш-төрт апта ойнай алмады. Ол төрт-бес күн бұрын жаттығуға қайта кіріскен. Абат құрамадан қашқан жоқ. Тек дайындығы дұрыс болмады. Енді бәрі жақсы болса, қараша айында қатарымызға қайта қосылады. 

- Дмитрий Шомко Босния және Герцоговинаға қарсы кездесуге дайын болмаған сияқты ...

- Мен қателігімді мойындаймын. Иә, Дима дайын болмады. Мен оның тәжірибесіне сеніп шығардым. Енді қараңыздар, біздің құрамада бұл позицияда кім бар? Руслан Валиуллиннің жағдайын білесіздер. Ал Мақсат Тейкенов әлі жас. Ғафуржан Сүйімбаев болса жарақат алған. Басқа кімді шығарамын? Мұны біз де ойландық. Шешім шығарамыз. 

- Асхат Тағыбергеннің ойынға дайындығы қалай?

- Тағыберген кеше ғана бізден дайындық жасады. Оның алдында жарақат болды. Ертең енді екінші таймда Асхат алаңға шықса жаман болмас еді. 

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу