- Талғат Маруаұлы, Сізді орыстілді журналистер Маруанұлы деп жазады. Ол қаншалықты дұрыс?
- Негізі құжат бойынша Маруанұлы. Бірақ, ол қате. Менің әкемнің аты – Маруа. Меккедегі Сафа мен Маруа тауын білесіздер. Сол қасиетті таудың есімі берілген екен. Сондықтан да қазақ тілінде Маруаұлы дегеніңіз дұрыс болады.
- Ендеше, Талғат Маруаұлы, Қазақстан құрамасының бапкері болғаныңыз құтты болсын! Әлем біріншілігінің жеребесі туралы қандай пікірдесіз? Құрама командамыздың алдына қандай мақсат қойылды?
- Әлбетте, жеребе қызық түсті. Франция, Украина, Босния, Финляндия құрамалары өте мықты. Франция Әлем чемпионы. Олармен ойнау ауыр болады. Дегенімен, әр командаға жеке-жеке дайындалып, әрқайсысына бөлек тактика қолданамыз. Сондықтан да, мақсат топтан шығу болғанымен, шынайы көзқараспен қарап, барынша көп ұпай алуға тырысамыз.
- Құрама командаға жаңадан ойыншылар алу жоспарыңызда бар ма?
- Әлбетте бірнеше ойыншы аламыз. Жалпы командада 7-8 жас футболшы жүруі тиіс. Буын алмасу процесі деген болуы қажет қой. "Қайсарда" ойнаған Бағдат Қайыров, Асланбек Кәкімов, Бекзат Шадманов секілді жастарды да қарастырамыз. Шетелде ойнайтын футболшылар туралы да күніге хабардамыз. Бауэр, Меркель секілді ойыншылар құжат мәселесін шешсе, онда оларды да құрамаға шақыртамыз. Алайда, қазір өзіміздің жігіттер де жеткілікті.
- Бауыржан Исламханның допинг дауына ұшырауы құрама командаға қалай әсер етеді? Енді капитан кім болмақ?
- Иә, Бауыржанмен хабарласып, жиі сөйлесіп тұрамыз. Ол біздің командаға қатты керек ойыншы. Оны барлығы біледі. Амал жоқ, осындай жағдайға тап болып отыр. Дегенімен, ол біздің командада. Жаттығуымызға да келеді, араласады, жігіттерге рух береді. Команда Наурыз айында жиналған шақта мен барлығын түсіндіріп айтамын. Жігіттермен кездесіп сөйлесеміз. Барлығы сонда шешіледі. Кім капитан болады, кім Исламханның орнына алаңға шығады.
- Қақпашылар мәселесіне тоқталсақ. Жастар құрамасынан алынған Мұхамеджан Сейсен алдағы оншақты жыл негізгі қақпашы болатын секілді ғой.
- Иә, Мұхамеджан өте талантты қақпашы. Біз оның "Тараздағы" ойынын көріп, бақылап жүрміз. Түбі болашағы бар. Тек дұрыс жаттығып, даму барысын тоқтатпаса құрамаға көмегі тиетін шығар. Бірақ, әзірге ол жас. Тәжірибие жетіспейді. Қақпашы өте сенімді тұрса, қорғаушылар да сенімді ойнайды.
- Құрама команда наурыз айында жолдастық матч өткізе ме?
- Иә біз осыған дейін Түркияда оқу-жаттығу кезінде жолдастық матч өткізетінбіз. Екі жыл бұрын сонда Молдованы 1:0 жеңген едік. Бірақ, наурыз айында УЕФА ресми жолдастық матч өткізуге рұқсат бермейді. Оның үстіне футболшылардың барлығы өз клубында жаттығып жатады. Оларды шақырту қиын. Сондықтан да Франциямен болатын матчтың алдында бір апта бұрын ертерек жиналамыз.
- Биыл премьер-лигада 14 команда өнер көрсететін болды. Бұл дұрыс па, бұрыс па?
- Әлбетте дұрыс. Ұлттық құрама бапкері ретінде мен оны қолдаймын. Себебі, команда көбейгендіктен футболшылар да көбейеді. Таңдау ұлғаяады. Дегенімен, кезінде Скилаччиді екінші лигада жүрген жерінен құрамаға алған италиялықтар еш өкінген жоқ. Ол 6 гол салып сұрмерген атанды. Сондықтан да премьер-лига болсын, 1-лига болсын, жақсы ойнайтын футболшының барлығын назарымызда ұстаймыз.
- Сұқбатыңызға рахмет!
Ермұхамед Мәулен