Талғат Қалиев: Бюрократиялық аппарат өзі үшін ғана жұмыс істейді

2121

Елде билік пен халықтың қарым-қатынасын өзгертудің және әлеуметтік-экономикалық жаңғырудың жаңа бағыты белгіленіп жатыр.    

Талғат Қалиев: Бюрократиялық аппарат өзі үшін ғана жұмыс істейді

Қолданбалы этносаяси зерттеулер орталығының директоры, саясаттанушы Талғат Қалиев inbusiness.kz тілшісіне берген сұхбатында осылай деді.

– Қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық жаңғыруды ашу-ызасыз, қақтығыссыз, қайғылы оқиғасыз жасауға болатын еді ғой. Бізде неге керісінше жағдай орын алды?

– Кез келген өзгеріс бұл – кешенді үдеріс. Қалыптасып қалған жүйе өзгеріске қарсылық танытуға бейім тұрады. Қоғамдағы сілкініс катализатордың қызметін атқарады және жүйенің осал тұсын әшкерелейді.

Наразылық бір күнде пайда болмайды, түрлі салада жылдар бойы қордаланады. Шегіне жеткен күні саяси талапқа айналады. Басқаша айтқанда, жоғары жаққа ашық түрде сенімсіздік білдіріледі. Билік ұзақ уақыт бойы түрлі мәселелерді шеше алмағанын мойындамады. Салдары ел үшін жақсы болмады.  

Бюрократиялық аппарат өзі үшін ғана жұмыс істейді. Халық өз күнін өзі көруге, өз мәселесін өзі шешуге мәжбүр болады. Екеуінің арасында түсінік – аз, текетірес – көп. Осыған дейін жүзеге асқан сценарий жүйенің өзгеруіне әкелді.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мәселені шешу бойынша нақты тапсырма берді. Нәтижесін уақыт көрсетеді.

– Халықтың әлеуметтік көңіл-күйі сабасына қашан түседі деп ойлайсыз?

– Қарапайым адамдардың әлеуметтік көңіл-күйі тек материалдық жағдайға ғана байланысты емес, шенеуніктердің өздеріне деген қарым-қатынасына қарай да өзгеріп отырады. Бізде неге кедейлер әкімдіктерге барып, кедей екенін дәлелдеп, көмек сұрауы керек? Кедейлерге әкімдік қызметкерлері өздері барып, көмек көрсете алады ғой. Бюрократиялық аппарат есеп беру үшін жұмыс істейді. Олар осы тәсілді әдетке айналдырып алған. Шенеуніктер кеңседе отырып, өздеріне әлдекімдердің жылап келгенін күтпей, әрекет етуге тиіс. Билік өкіл бұқарамен байланыста болса, наразылық туған жағдайда диалог орната алады. Ешқашан көрмеген, білмеген, сөйлеспеген шенеунікті кім тыңдайды. Қалай тыңдайды, қалай тілдеседі, бір-бірін танымайды ғой?!

– Қазір бізде тура осы жағдай ғой...

– Билік пен халық арасына азаматтық сектор алтын көпір болуға тиіс. Азаматтық сектордың биліктің бақылаушысы болу мүмкіндігі бар. Жоғарыда айтылғандай, жүйе қарсылыққа бейім болады және халықпен санаспай, өз дегенін жасағысы келеді. Осындайда азаматтық сектор күтіп отыруы емес, әрекет етуі керек. Сонда елде жаппай наразылық орын алмайды.

– Азаматтық сектор осыған дейін назардан тыс қалып келді ғой. Оның қауқары қандай?

– Қазір мәслихаттар партиялық тізім бойынша қалыптасып жатыр. Партияларға зор мүмкіндік берілуде. Олар жұмыстарын жандандырып, халықпен жұмыс істеу тәртібін өзгертуге тиіс. Елде билік пен халықтың қарым-қатынасын өзгертудің және әлеуметтік-экономикалық жаңғырудың жаңа бағыты белгіленіп жатыр. Халық та "өмірін біреу өзгертеді" деп, күтіп отырмауы керек.

– Сіздіңше халық билігін орнататын уақыт келді ма?

– Қоғамға билік пен бұқараның арасындағы қарым-қатынасты өзгерту мүмкіндігі беріліп отыр. Ел жаңа әлеуметтік келісімнің алдында тұр. Бұл келісім біржақты болмауы үшін халық, партиялар, азаматтық белсенділер нақты ұсыныс білдіруі керек. Дәл осы келісім ұрпағымыздың сапалы өмір сүруіне кепіл болатын ұзақ мерзімді келісім болуға тиіс.         

– Сіз Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесісіз. Бұл – консультативтік орган. Қалай ойлайсыз, кеңес бақылау функциясын атқара ала ма?

– Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшелері мәселені талқылау, шешім ұсыну және сараптамалық қорытынды берумен айналысады. Өңірлерді аралап, жағдайды зерттеп, қажет болған жағдайда дабыл қағады. Қаулыға сәйкес, біз бақылау функциясын атқара алмаймыз.

– Жергілікті жердегі шенеуніктердің жұмыс тиімділігін арттыру үшін не істеу керек?

– Оларды бұрынғы бюрократиялық аппараттың тәсілінен бас тартып, заман талабына сай жұмыс істеуге үйрету керек. Жергілікті жердегі шенеуніктер халыққа қызмет көрсететін тұлға екенін түсінуге тиіс. Өңірлердегі шенеуніктердің рейтингін анықтап, қолынан іс келмейтіндерді шығарып салу тәсілін де қолдану қажет. Мысалы, министрліктер түн ортасына дейін жұмыс істейді. Алайда нақты нәтиже болмайды. Жұмыс істеу үшін жұмыс істеудің қажеті жоқ. Қоғам мұндайдан қажыды.

– Ұлттық табыс халыққа жетпей жатыр. Осыны қалай реттеуге болады?

– Қандай да бір оқиға кезінде, қандай да бір өңірге үйіп-төгіп ақша аударып, кейін ештеңе бермей қоюды қолдамаймын. Мемлекет тұрақты жұмыс орнының болуына және бизнеспен айналысу үшін қолайлы жағдай жасауға мүдделі болуға тиіс. Ұлттық компанияларда қызметкер армиясын ұстауды, оларға негізсіз жоғары жалақы төлеуді тоқтату керек. Масылдар мен мешкейлерді құрту үшін жасампаз еңбек пен адал кәсіпке қолдау көрсету қажет.

Айбын Асқарұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу