Талғат Шайкен кәсіпқой бокстағы үшінші жеңісіне қол жеткізді

1676

Жасөспірімдер Олимпиадасының финалисті және 2018-жылы жастар арасында өткен Азия чемпионатының жеңімпазы 20 жастағы Талғат Шайкен кәсіпқой бокстағы өзінің үшінші жекпе-жегін өткізді.

Талғат Шайкен кәсіпқой бокстағы үшінші жеңісіне қол жеткізді

Қазақстандық боксшы МТК Қазақстан ұйымдастырған Алматыда өткен бокс кешіне қатысты. Сонымен қатар, бұл оның төрт айдың ішінде өткізген үшінші кездесуі болды.

Жартылай орта салмақтағы сегіз раундтық жекпе-жекте Шайкенге 34 жастағы ресейлік Максим Чурбановқарсылас атанды. Максим осы уақытқа дейін кәсіпқой бокста 16 жекпе-жек өткізіп үлгерді. Шайкен техникалық нокаутпен жеңіске жетті. Үшінші раундтан кейін оның қарсыласы жекпе-жекті жалғастырудан бас тартты.

Сондай-ақ бүгін бокстан Қазақстан ұлттық құрамасының капитаны Қамшыбек Коңқабаев кәсіпқой рингтегі екінші жекпе-жегін өткізді. Оның жекпе-жегі бірінші ауыр салмақта өтті. Коңқабаевтың қарсыласы өте тәжірибелі украиналық Сергей Радченко болды. Ол үшін бұл 14-інші жекпе-жек еді. Кездесу он раундқа есептелген. Төртінші раундта қазақстандық қарсыласын нокдаунға жіберді. Бесінші раундта ол жекпе-жекті жалғастырудан бас тартты.

Естеріңізге сала кетсек, Коңқабаев дебюттік жекпе-жегінде мерзімінен бұрын жеңіске жеткен еді. Ол 23 тамызда Алматыда екінші раундта Иса Ақбербаевты (20-2, 15 КО) нокаутқа жіберді. Коңқабаев 91 келіден жоғары салмақ дәрежесінде 2021-жылғы өтетін Токио Олимпиадасының лицензиясына ие. Ол ұлттық құрамадан жекпе-жек өткізуге рұқсат алды. Ал әуесқойлар арасында пандемияға байланысты жарыстар өте сирек өтеді. Жақында Шымкентте өткен Қазақстан чемпионатында Қамшыбек 91 келіден жоғары салмақта алтын медаль жеңіп алған болатын.

Қазақстандық Сұлтан Заурбек тағы бір жеңіске қол жеткізді. Заурбек чемпиондық атағын бір жыл бұрын жеңіп алды және бүгін оның "жастар" чемпионы ретіндегі алғашқы жекпе-жегі болды.Жеңіл салмақтағы WBC чемпионы 24 жастағы Сұлтан 22 жастағы украиналық Владислав Мельникпен кездесті. Жекпе-жек он раундқа жоспарланып, соңына дейін өтті. Нәтижесінде Заурбек төрешілердің бірауыздан шығарған шешімімен жеңіске жетті. Әлі жеңіліп көрмеген қазақстандық үшін бұл жеңіс оныншы болды. Ол алдыңғы жекпе-жектің жетеуінде мерзімінен бұрын жеңіске жеткен.

Сонымен қатар бүгін қазақстандық боксшылардың бірі Абай Төлеш Алматыда "MTK Kazakhstan" ұйымдастырған бокс кешінде жеңіске жетті. Бұл оның алтыншы кәсіпқой жекпе-жегі болды. 35 жастағы Бахром Паязов үшін бұл 37-ші жекпе-жек болғанына қарамастан, ол үшінші раундтан кейін кездесуді жалғастырудан бас тартты. Нәтижесінде қазақстандық техникалық нокаутпен жеңіске жетті.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу