Талғат Шайкен ұлыбританиялық промоутерлік компаниямен келісім-шарт жасады

1891

Жасөспірімдер Олимпиадасының күміс жүлдегері, жастар арасындағы Азия чемпионы, 19 жасар боксшы Талғат Шайкен MTK Global менеджерлік компаниясымен келісім-шартқа қол қойды.

Талғат Шайкен ұлыбританиялық промоутерлік компаниямен келісім-шарт жасады

Осы уақытқа дейін қазақстандық боксшылар әуесқой бокста белгілі бір жетістікке жетіп, ересек жаста ғана кәсіпқой боксқа бет бұратын. Дегенмен, бұған дейін Дастан Садуұлы 17 жасында кәсіпқой боксқа ауысып, Tukeshov Boxing Promotions промоутерлік компаниясымен келісім-шарт жасаған болатын. Енді оның қатарына тағы бір боксшы қосылды. 1-маусым күні Әлемге әйгілі MTK Global компаниясының 19 жасар  қазақстандық Талғат Шайкенмен келісім-шарт жасағаны белгілі болды. Аталған компанияның клиенттері арасында ауыр салмақта Әлем чемпионы әрі WBC титулының иегері ұлыбританиялық Тайсон Фьюри және екінші орта салмақ бойынша WBO белбеуінің иегері Билли Джо Сондерс те бар.

"Командаға қош келдің! Біз Талғат Шайкеннің келісім-шартқа қол қойғандығы туралы ресми түрде жариялаймыз", - делінген MTK Kazakhstan хабарламасында.

MTK Kazakhstan филиалы 2019-жылдың наурыз айынан бастап жұмыс атқаруда. Әзірге промоутерлік компанияның аймақтық филиалы Талғаттың дебюттік кездесуі қашан өтетінін жариялаған жоқ. Бірақ, Шайкен кәсіпқой бокстағы алғашқы жұдырықтасуын асыға күтуде.

"MTK Global компаниясымен келісім-шарт жасағаныма қуаныштымын! Бұл әлемдегі ең үздік менеджерлік компания. Болашағыма сеніммен қараймын. Кәсіпқой бокстағы алғашқы жұдырықтасуымды өткізіп, титулды боксшы болғанда Қазақстанда  мені мақтан тұтатын уақытты асыға күтемін", - дейді Шайкен MTK Global компаниясының ресми сайтына берген сұхбатында.

Естеріңізге сала кетсек, соңғы уақытта Талғат 69 келіге дейінгі салмақта өнер көрсетіп жүр. Алайда оның бокста жеткен ең үлкен жетістігі – ол 64 келіге дейінгі салмақта жасөспірімдер арасында өткен Олимпиада ойындарының финалына шығып, күміс жүлдегер атануы. 2018 жылы қазан айында өткен финалдық жұдырықтасуда ол ресейлік Илья Поповқа 1:4 жол берді. Кездесу аяқталысымен екі боксшы да жеңіске жеттім деп қолдарын көтерген. Төрешілер біраз уақыт ақылдасып, ресейлік жеңіске жетті деген шешімге келген. Кездесу нәтижесі жарияланғаннан кейін Талғат бірден Поповтың секунданттарына барып, төрешілер жайлы өз пікірін білдірген еді.

Сондай-ақ Талғат Шайкен жастар арасында өткен Азия чемпионатында жеңімпаз атанған. Енді ол кәсіпқой бокста да биік шыңдарды бағындырсам дейді.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу