Талғат Жайлауов "Сарыарқа" сапына ауысты

2221

Тәжірибелі шабуылшы Талғат Жайлауов "Сарырақа" хоккей клубына ауысты.

Талғат Жайлауов "Сарыарқа" сапына ауысты

Өскемен хоккей мектебінің түлегі үшін "Сарыарқа" бесінші клуб болды. Талғат спорттық мансабын алғаш рет 2000-2001 жылғы маусымда "Торпедо" сапында бастаған. Ал 2007-2008 жылғы маусымда ол "Барысқа" ауысты. 2017 жылға дейін шабуылшы елордалық командада өнер көрсетті. Содан кейін Құрлықтық хоккей лигасында "Номадтың" намысын қорғады. 2018-2019 жылдары Жайлауов өскемендік клубқа ауысып, онда тек "Торпедо" құрамында ғана емес, Қазақстан чемпионатында аталған клубтың жастар командасы – "Алтайда" да ойнады.

2019 жылы қайта "Барысқа" ауысып, биылғы жылдың 30 сәуірі күні елордалық командамен жасалған келісім-шарты аяқталды. Нәтижесінде Талғат Жайлауов клубсыз қалған. Өткен жылғы маусымда ол Құрлықтық хоккей лигасында тек үш ойынға қатысқан. Жалпы хоккейші "Барыста" 11 маусым өткізіп, 418 ойында 180 ұпай (75 гол соғып, 105 нәтижелі пас шығарған) жинаған. Клуб үшін ойын саны бойынша форвард "Барыс" тарихында 4 орында тұр.

2001-2002 жылғы маусымда Жайлауов Қазақстанның жасөспірімдер құрамасында 18 жасқа дейінгі хоккейшілер арасында Әлем чемпионы атанды.

2004/2005 жылдары Қазақстан чемпионатының алтын медалін және 20 жасқа дейінгі жастар арасында өткен Әлем чемпионатының күміс жүлдесін иеленген. 2006/2007 жылғы маусымда Қазақстан Ұлттық құрамасына Әлем чемпионатының бірінші дивизионында қола жүлде иеленуге және 2011 жылы өткен Азия Ойындарында жеңіске жетуге көмектесті. Сонымен қатар, Талғат "Казцинк-Торпедо" сапында екі дүркін Қазақстан чемпионы және Қазақстанның ең үздік хокейшісі атанды.

2013/2014 "Барыстың" намысын қорғап, Құрлықтық Хоккей Лигасының жұлдыздарының ойынына қатысқан. Бұл матчқа қазақстандық хоккейшілерден Жайлауовтан басқа Роман Старченко да шақырту алған еді. Өткен маусымда "Номадта" ойнаған Талғат Жоғарғы Хоккей Лигасының 38 ойынына қатысып, 8 шайба салып, 15 рет нәтижелі пас шығарған. Шабуылшының қарағандылық клубпен жасаған келісім-шарты жайлы егжей-тегжейлі ақпарат жоқ. Мамыр айының соңында Жайлауов спорттық мансабының аяқталуы да мүмкін екенін айтқан.

"Қазіргі таңда кімнің қайда ойнайтыны әлі белгісіз. Ұсыныс болып жатса ойнауға болады. Жағдай 50 де 50. Спорттық мансабымды аяқтайтын шығармын. Егер жақсы ұсыныстар болып жатса, ойнауым да мүмкін", - деген болатын Талғат Жайлауов республикалық БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында. Ол кезде Жайлауов Қарағанды мен Өскеменнің хоккей клубтарынан басқа Жоғарғы Хоккей Лигасынында өнер көрсететін ресейлік клубтардан да ұсыныстар түскенін айтқан. Нәтижесінде шабуылшы Қазақстанда қалды. Бірақ оның спорттық мансабының қаншалықты ұзаққа баратыны жайлы нақты жауап бере алмады. "Бизнесім бар. Бұдан кейін немен айналысамын? Әрине, өз мамандығымды жалғастырғым келеді. Министірлікте ме, клубта немесе федерацияда ма, оны хоккейді аяқтағаннан кейін таңдаймын. Спорттық мансабын аяқтаған кез-келген хоккейшіге келесі қадам жасау өте қиынға соғады. Хоккейді аяқтаған соң көре жатармыз", деп айтқан еді Жайлауов.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу