Тәліптер БАҚ-та адамдар мен жануарлардың бейнесін көрсетуге тыйым салып жатыр

966

Жаңа ереже бірнеше провинцияда күшіне еніп, эфирден адам бейнесі мүлде жоғалып, олардың орнын табиғат туралы көріністер басқан.

Тәліптер БАҚ-та адамдар мен жануарлардың бейнесін көрсетуге тыйым салып жатыр Фото: AP

"Талибан" қозғалысына бағынышты бұқаралық ақпарат құралдары Ауғанстанның кейбір провинцияларында моральдық заңдарды сақтау үшін тірі бейне көрсетуді тоқтатты. Бұны тәліптер үкіметінің ресми өкілі сейсенбі күні хабарлады.

Тамыз айында елдің  ізгілік министрлігі қоғамдық көлікте жүру, қырыну, бұқаралық ақпарат құралдары мен биліктің ислам заңдарын немесе шариғатты түсіндіруі тәрізді күнделікті өмірдің негізгі аспектілерін реттейтін заңдарды жариялады.

Солардың ішіндегі 17-бап тірі жандардың суреттерін жариялауға тыйым салады. Бұл ереже ауғандық БАҚ-тың алаңдаушылығын тудырып отыр.

Ізгілік министрлігінің өкілі Сайф ул Ислам Хайбердің мәлімдеуінше, Тахар, Майдан Вардак және Қандағар провинцияларындағы мемлекеттік ақпарат құралдарында адамдар мен жануарлардың бейнелерін эфирге шығармауға немесе көрсетпеуге кеңес берілген.

Хайбер бұдан бір күн бұрын Associated Press агенттігіне берген сұқбатында өзі қызмет ететін министрліктің мораль туралы заңдарды орындауға жауапты екенін атап өтті.

Дегенмен, ол "Жаңа ережелер барлық БАҚ-қа, соның ішінде шетелдік ақпарат құралдарына жүре ме, әлде тек ауған арналары мен веб-сайттарына ғана қатысты ма?" деген сұрақты жауапсыз қалдырды.

Сонымен қатар, Хайбер аталған заңдардың қалай орындалатынын және оларды орындалу мерзімінің бар-жоғына да арнайы тоқталмады.

Ауғанстан тәуелсіз журналистер одағының директоры Худжатулла Муджадидидің айтуынша, Ізгілік министрлігі әуелі мемлекеттік медиа-мекемелерден тірі бейне көрсетуге тыйым салды. Кейінірек бұл талап бірқатар провинциялардағы барлық бұқаралық ақпарат құралдарына таратылды.

"Кеше түнде жергілікті тәуелсіз бұқаралық ақпарат құралдарында (кейбір провинцияларда) адамдар мен жануарлардың бейнелері мен суреттерін көрсету тоқтатылып, олардың орнына табиғат туралы бейнелер көрсетіле бастады", - дейді Муджадиди.

Халқының басым көпшілігін мұсылмандар құрайтын ешбір ел, солардың ішінде Иран мен Сауд Арабиясы да, мұндай шектеулер енгізбеген. Ал 1990 жылдардың екінші жартысында алғаш рет билік еткен тұста "Талибан" теледидар, радио және газеттердің көпшілігіне мүлдем тыйым салған.

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу