Тәліптердің тілін тапқан қазақ

7142

Кәсіпкерді аяғы асырайды.

Тәліптердің тілін тапқан қазақ Фото: news.myseldon.com

Біздің бүгінгі кейіпкеріміз туралы осылай деуге болады. Әуелгіде Қытайдан Ресейге тауар тасып талмай кәсіп еткен ол қазір Ауғанстанда билік басына келген "Талибан" үкіметінің сенімді серіктесіне айналған. Оның осы елдің экономика министрі Азизи Нуриддинмен бірге түрлі жиындарда түскен суреттері жиі көзге шалынады. Сол жүргенде бірнеше тіл біледі. Ендеше, бәрін басынан бастап айталық.

Теріскейдің тумасы

Әрине ол шалқыған бай емес, бірақ көңілі бай. Олай дейтініміз, өзінің бизнес жолында тың салаларға түрен салғаны сияқты, сол нарықты Қазақстанға да ашсам ғой деген талабы таудай. Геосаяси ахуал теріскей көршімізге бұғау тастағанда, біздің ел бейтараптылықты құптап, оңтүстікке жаңа бағыттар іздей бастаған еді. Міне, кәсіпкер Рүстем Смағұловты осы күнгейдегі көкжиекке қанат қаққан "алғашқы қарлығашы" деуге болады.

Биыл қырықтық қырқасына шыққалы отырған жерлесіміз солтүстік Қазақстанның тумасы. Есіл ауданы Явленка ауылында дүниеге келген. Жастайынан күрес жекпе-жегіне жақын болып өсіпті. Спорт интернатта оқыған, Омскідегі олимпиалық резерв мектебінің түлегі. СҚМУ-ды дене шынықтыру пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша бітірген. Грек-рим күресінен Қазақстан құрамасында талай байрақты бәйгелерде жүлде салған. Десе де, үлкен өмірде спорттық карьерадан бұрын бизнесті қолай тұтыпты.

2005 жылы Қытайдан тауар тасуды бастап, әуелі Қазақстанға, кейіннен Ресей нарығына шыққан. Мәскеу, Екатеринбург, Новосібір қалаларына тауар жеткізіп беретін өзінің логистикалық фирмасы, жүк көліктері, қоймалары болыпты. Біраз күш жинап, дүрілдеп тұрған шақта, 2013 жылы дүнген алаяқтарға тап болып, 800 мың долларға алданған екен. Осыдан соң күйзелісті кезеңдерден өтіп, түрлі кәсіпшілікті зерделей бастаған. Осылайша, Ауған бағытына 2017 жылы келіпті.

"Ауғанстанда мүмкіндік көп. Табиғаты қуаң, саяси-қоғамдық өмірі күрделі болғанымен сауда-саттық, транзиттік бағыт бойынша өте оңтайлы. Жері таулы, ауыл шаруашылығына ыңғайсыз, бірақ жер қойнауы табиғи байлыққа толы. Қазақстанның осы елмен ынтымақтастыққа мүдделестік танытқаны қуана құптарлық жағдай. Менің мақсатым – қос елдің арасында алтын көпір болу. Қытаймен жұмыс жүргізуде тәжірибем үлкен. Соны осында пайдаланғым келеді", - дейді ол.

Мұнда да бизнес бастап кету Рүстемге оңай тимегенге ұқсайды. Өйткені, бастапқыда джамбуряттар, яки АҚШ кезіндегі билік көп мүмкіндік бере қоймапты. Тәліптер келген соң ғана жолы ашылған. Олардың арасында өз адамы пайда болып, осы кезден бастап Ауған экономикасына ақша инвестициялаған. Ал сол екіортада пандемияға тап болып, арнайы қорғаныс құралдарын (СИЗ) сатуды кәсіп еткен екен. Қазір бағалы тастар саудасын дөңгелетіп отыр. Міне, "Талибанның" тілін тапқан кәсіпкер қазақ қазір Алматыда тұрады.

Көздің жауын алатын бағалы тастар

Ауған жері бағалы тастарға өте бай. Онда табиғатта кездесетін барлық асыл тастардың тек екеуі ғана жоқ. Олар - александрия мен алмас. Қалғанының бәрі бар.

Біздің кейіпкеріміз тау хрустальі, аквамарин, турмалин, кунцит, сапфир, изумруд, рубин сынды тастарды өндіреді. Бағалы тастардан бастаған себебі, 2012 жылдары Ресейден Қытайға нефрит тасын тасыған екен. Сол тәжірибесіне көбірек сүйенген. Оның компаниясы жасаған қай жүзік пен сырға да, әшекей мен сағат та көздің жауын алады.

"Бағалы таспен жұмыстың екі түрі бар. Біріншісі, өндіріспен байланысты. Нуристан провинциясындағы карьерден кішкене жарылыс жасау жолымен жер қыртысын қопарамыз да, руда өндіреміз. Ол жерден көбінесе тау хрустальі, аквамарин, турмалин, кунцит сынды жартылай бағалы тастар шығады. Оны сосын шикізат күйінде Қытайға апарып, сол жақта өңдейміз де дайын бұйымға айналдырамыз. Мұның барлығын мен 2022 жылы бастадым. Сол кезде кунцит кен орынын сатып алғам, қазір енді-енді жолға қойып келе жатырмын. Одан бөлек, Джидалагтан рубин, изумруд, Бадахшаннан сапфир тастарын сатып алып, оларды Пәкістан арқылы Малайзия жіберемін. Өйткені ол елде кеденде рәсімдеу оңай. Сол жақта жылтыратып, қырларын шығарып, алтын бұйымдарға, Швейцарлық қымбат сағаттарға орнатамыз. Дайын өнімдеріміздің барлығын Еуропаға, Америкаға жөнелтеміз", - дейді Рүстем.

Оның айтуынша, кен орынын алу оңай дүние емес екен. Кез-келген карьерді тәліптер қараптан қарап беріп қоймайды. Шетелдіктер рұқсатсыз қозғаса қамап тастауы, тіпті өлтіріп тастауы да мүмкін. Өйткені, тәртіп қатал. Мысалы, Ауғанстан билігінің өз ерекшеліктері бар.

Ол жақта лидерлер көп рөл ойнайды. Кабулдағы орталық билікпен келісім жасау аз. Провинциядағы, одан кейін аудандардағы лидерлердің де ауызын алу керек. Саяси ахуал толықтай жақсы деп айтуға болмайды.

Мәселен, бизнеске қатысты өзінің минустары мен плюстары бар. Бірақ, "шегірткеден қорыққан егін екпейді" демекші, тәуекел етуге тұрарлық.

Ауғанның ақ мәрмәрі - арзан әрі сапалы

Былтыр жазда жерлесіміз тағы бір істі қолға алыпты. Бамиан қаласына жақын жерде орналасқан карьерден ақ мәрмәр тасын өндіруді бастаған. Барлық станоктарын орнатып, қазан айында өндірісін жолға қойған. Жер қыртысына жарылыс жасап, аршылған мраморды текшелеп кесіп, көлікке тиеп, 70 шақырым жердегі өндіріс орынына алып келеді екен.

Сол жерде түрлі өлшемдерге бөліп, дайындайды. Әзірге жергілікті сұранысты ғана қанағаттандыруда әрі экспортқа тапсырыс жинауда. 

"Әлемде ақ мрамор 4 елде ғана шығады. Олар - Вьетнам, Италия, Грекия, сосын Ауғанстан. Онда өзіміздің кен орынымыз бар. Мәрмәр тасын сол елде өңдейміз. Енді соны Қазақстанға да экспорттасам деген ниетім бар. Кез келген үлкен көлемде жеткізіп бере аламын. Бағасы да арзан. Сапасы да өте жоғары. Мәселен, бізде мәрмәр тасты сатып алу шаршы метрі 40 мың теңгеден басталады екен. Ал мен Астана қаласына дейін 25-26 мың теңгенің жобасында әкеліп беруге дайынмын. Онымен ғимараттардың қасбетін қаптауға, алаңдарды абаттандыруға, ішкі әрлеу жұмыстарын жасауға болады", - деді ол.

Рүстемнің еңдігі бір жоспары - қорғасын өндіру. Түрлі ассорименттегі бұйымдар дайындап, экспортқа шығармақ. Қазір қаржы мәселесін шешуде. Көп ұзамай кірісетін болады. Кен орындары көп, бірақ сапалысын іздеп, жаңа жылдың алдында ғана тапқан. Карьер Қандағардың оңтүстік бетінде орналасқан.

"Қазу, өндіру, руданы тазалау жұмыстарынан соң Пәкістан арқылы Қытайға апарып, сол жақта балқытып, дайын өнім шығарамыз деп отырмыз. 1 тонна рудада 96%-ға дейін қорғасын болады екен. Сонысымен тиімді. Тиімді демекші, ұйымдастыру-өндіру жұмыстары да арзан. Бір күнде 25 тонналық контейнерден 10 контейнер жөнелтіп отырмақпыз. Қорғасын сүрме рудасынан алынады, ал одан алтын, күміс, платина сияқты басқа да металдар табылып қалуы мүмкін. Ол жағын да кәдеге жаратуды ойластырып жүрміз", - дейді кәсіпкер жерлесіміз.

Адалдық – антпен тең

Ауғанстан теологиялық мемлекет екені бәрімізге белгілі. Сондықтан да адалдыққа қатты мән береді. Неге? Өйткені, ол жақтағылар шариғат заңымен жүреді, өлім жазасы бар. Егер біреу біреуді алдар болса, ең жоғарғы жазаға ұшырауы мүмкін. Сол себеп алаяқтық деген атымен жоқ.

"Өзімнің 800 мың долларға алданғаным бар. Алаяқтықтың қандай кесапат екенін жақсы түсінем. Сол уақыттарда қаржы полициясынан да қайран болмады. Ал ауғанстандықтар аманатқа мықты. Бірақ, өкінішке қарай, оларды алдап кеткен қазақстандық кәсіпкерлер бар екен. Ұн әкеліп беремін деп ақшасын алып, ұшты-күйлі жоғалып кеткен. Міне, солармен өз аттарынан сөйлесу үшін олар маған сенімхат жазып берді. Тіпті сотқа жүгінуге де құқым бар. Олар телефондарын көтермей, кеңселерінен ұстатпай қашып жүр. Сол себеп таяуда бір адвокат жалдап, соттасуға сенімхат жазып бердім", - дейді Рүстем Сабыржанұлы.

Айтуынша, оған ауған билігі де, кәсіпкерлері де инвестор ретінде қарайтын көрінеді. Жергілікті адамдарға жұмыс тауып беріп отырғаны үшін құрмет тұтады. Тіпті күрделі жағдайға қарамастан қажырлы кәсіп етіп жүргеніне бек риза. Ал кейіпкеріміздің өзі болса осы қиын-қыстау жолда қолдау көрсеткен тілектес жандарды ұмытпай айтып жүреді. Ауғанстанға келуіне алғашқыда балуан күнгі бапкері көмектескен екен.

Ол кісіні бүгінде бүкіл Қазақстан таниды. Серік Жұмашев ағамыз грек-рим күресінен Ұлттық команданың бас бапкері болған. Оның басшылығымен 2022 жылы Азия чемпионатында біздің құрама ел тарихында бірінші рет жеңімпаз атанған еді. Жат жерде жүргенінде бизнесмен жерлесімізге Ауғанстандағы Қазақстан елшілігі де үлкен қолдау көрсетіпті.

Әсіресе, елшіліктен Әли есімді өзі сияқты Солтүстік Қазақстан облысының тумасы кездесе кеткені жырақтағы жұмыстарды "бастауы қиын" кезінде біраз жеңілдеткен.

Тағы бір жеңілдеткен тұс - ол жақта салық төлеу жүйесі қалыптаспаған, экономикаға ақша әкелсең болғаны, жұмысыңды емін-еркін жүргізе бересің. Алдап кету деген атымен жоқ. Өйткені, ол жақта адалдық – антпен тең. 

Бір мақсат – "Сауда үйін" ашу

Қазір отбасымен Алматы қаласында тұрып жатқан кейіпкеріміз биыл Астанаға көшіп келуі мүмкін екен. Өйткені, сөз басында айтқан, Ауғанстанның экономика министрі Азизи Нуриддин Қазақстаннан "Сауда үйін" ашуға көмектесуін өтініпті. Соның шаруасымен келіссөздер жүргізу, ғимарат іздеу, штат ашу, байланыс орнату жұмыстарын қолға алмақ. Мұндағы мақсат – қос ел арасындағы ынтымақтастықты нығайта түсу.

"Петропавлдан Қытайға барып тауар тасыған ең бірінші адам мен едім, міне енді Ауғанстанға қақпаны қорықпай ашқан алғашқы қазақстандықтардың бірі боп отырмын. Ендеше, біздің кәсіпкерлерге бастан аяқ көмектесуге дайынмын. Қазір ол жаққа Еуропаның өзі үлкен қызығушылық тантып отыр. Олар әзірге туристік мақсатпен көптеп келуде. Сол сияқты қазақстандық бизнесмендерді де де шақырамын. Әуежайдан күтіп алып, аралатып көрсетуге, тәліп үкіметімен келіссөздер жүргізіп беруге дайынмын. Мұнда пепси, кола, анар шырыны, құрғақ жемістер, шәй, кілем, мақта, жеміс-жидек, бағалы тастар сынды тағы да басқа өнімдер өте көп. Сауда-саттық жасаңыздар, қызмет көрсетіңіздер, өндіріс ашыңыздар. Ауғанстан деген 100 миллион халқы бар үлкен нарық. Тіпті транзит жол тауып, көрші нарықтарға шығуға да көмектесе аламын", - дейді Рүстем Смағұлов.

Көмек көрсетуге жерлесіміздің қарым-қабілеті де, тәжірибесі де молынан жетеді. Сол жүргенде пуштунше, қытайша, ағылшынша, орысша сөйлей біледі. Ана тілі өз алдына. Сөз соңында, "ауған халқы өзінің тәуелсіздігі үшін күресіп жүрген қайсар халық. Бірақ неге екені белгісіз, оның халықаралық имиджін құбыжық етіп көрсету тырысады. Ал шындығында олай емес. Тұрмысы төмен демесең, сауатты адамдар, 25 пайызы ағылшынша біледі. Халқының саны да, көптеген деректерде көрсетілетіндей аз емес", - деп базынасын жеткізді.

Ендеше, әмбеге жауынгерлігімен танылған Ауғанстан мемлекетімен ынтымақтастықты нығайта түскеннен ұтыларымыз жоқ.

Оның кезекті бір батыл қадамын Қазақстан былтыр жыл соңында жасады. "Талибан" ұйымын экстремистер тізімінен алып тастады.

Осылайша, оларды экономикалық әріптес деп таныды. Ендігі кезек, кәсіпкерлерде.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу