Тамбиев "Сарыарқадан" кетті

2631

Жоғарғы хоккей лигасына қатысатын қарағандылық "Сарыарқа" команданың бас бапкері Леонид Тамбиевпен келісім-шартты тоқтататыны жайлы ресми сайтында хабарлады.

Тамбиев "Сарыарқадан" кетті

Осыдан бір жыл бұрын Қарағандыда Леонид Тамбиевті сиқыршы деп те атаған еді. Себебі Жоғарғы хоккей лигасының 2018-2019 жылғы маусымында плей-оффқа шығу үшін командаға бас бапкерлікке тағайындалған санк-петербургтік "Динамоның" экс-бапкері қарағандылықтарды турнирлік кестенің ортасынан өрге сүйреді.

Биылғы маусымда жанкүйерлер "Сарыарқа" мен Тамбиевтан жеңіс күткендерімен, қарағандылық команда 2019/2020 ж маусымдағы чемпионатта плей-оффқа жолдама алу үшін күресіп жүрді. Нәтижесінде, лиганың екінші конференциясында 5-орынға ие болды. Сонымен, кездесулердің алғашқы айналымында "СКА-Неваға" қарсы ойнап, сериядағы бес ойында да жеңіліс тапты.

Әрине, "Петров Кубогі" иегерінің плей-оффтың алғашқы айналымынан-ақ шығып қалғанына команда басшылығының да әсері бар деп ойлаймыз. Ал, "Барыс" Гагарин Кубогінің жартылай финалына дейін жетіп, елдегі төтенше жағдайға, яғни коронавирустың таралуына байланысты келесі кездесулерді өткізуден бас тартты. Сондықтан, "Сарыарқа" екінші айналымға жолдама алған күннің өзінде де коронавирусқа байланысты ойнауға мүмкіндігі болмайтын еді.  Қалай болғанда да енді келесі маусымды қарағандылық клуб жаңа бапкермен бастайтын болды.

"Екі тараптың өзара шешімі бойынша "Сарыарқа" хоккей клубының бас бапкері Леонид Григорийұлы Тамбиевпен жасалған келісім-шарт бұзылды. "Сарыарқа" хоккей клубы Леонид Григорийұлын бірлесе қызмет атқарғаны үшін, сонымен қатар, әрине, Петров Кубогі үшін де алғысын білдіреді! Табыс, мықты денсаулық, жарқын жеңістер, сондай-ақ болашақта кәсіби тұрғыдан биіктен көрінуіне тілектеспіз", - деген хабарлама "Сарыарқаның" ресми парақшасында жарияланды.

Ермұхамед Мәулен
 

 
 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу