Тамызда инфляция 16%-дан асып кетті

2183

2023 жылы инфляция 7,5-9,5%, 2024 жылы – 5,5-7,5% деңгейінде болжануда.

Тамызда инфляция 16%-дан асып кетті

Тамыз айының қорытындысы бойынша, елімізде жылдық инфляция 16%-тен асып кетті. Азық-түлік өнімдерінің қымбаттауы 20,8%-ға жетті. Бұл туралы Үкімет отырысында айтылды, деп жазады inbusiness.kz тілшісі.

"Қазақстандағы инфляцияның айлық динамикасы орташа жылдық мәннен асып, әлі де жоғары болып отыр. Елдегі инфляцияның өсуіне азық-түлік бағасының өсуі үлкен үлес қосуда", – деді Ұлттық банк төрағасының орынбасары Ақылжан Баймағамбетов. 

Оның айтуынша, азық-түлік өнімдеріне бағаның өсуі 20,8%-ға жетті. 

Азық-түлік емес инфляция да импорттық тауарлардың қымбаттауына байланысты 15,5%-ға дейін өсті.

"Ақылы қызметтер инфляциясы 10,1%-ға жетті. 2022 жылғы 1 шілдеге дейін тарифтерді көтеруге мораторийдің аяқталуына байланысты барлық өңірлерде монополист-кәсіпорындардың қызметтеріне тарифтер өзгерді. Ағымдағы жылдың қорытындысы бойынша, жаңартылған болжамдарға сәйкес, инфляция 16-18% деңгейінде күтіледі, бұл біздің алдыңғы бағаларымыздан жоғары және нақты инфляция, фискалдық Импульс және инфляцияның тұрақты компоненттерінің жеделдеуі күтілгеннен жоғары болуымен байланысты", – деп атап өтті төраға орынбасары.

Ол 5 қыркүйекте Ұлттық Банк базалық мөлшерлемені 14,5% деңгейінде сақтағанын еске салды. Орта мерзімді перспективада сыртқы бағалардың күтілетін төмендеуі, РФ-да инфляцияның баяулауы ішкі сұранысты фискалдық ынталандырумен нивелирленеді, деп есептейді Баймағамбетов.

"2023 жылы инфляция 7,5-9,5%, 2024 жылы – 5,5-7,5% деңгейінде болжануда", – деп түйіндеді ол.

Ал Үкімет басшысы Әлихан Смайылов өңір әкімдіктері мен мемлекеттік органдарға әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағаларын тұрақтандыру, азық-түлік өнімдерінің өндірісін ынталандыру және ішкі нарықты толықтыру бойынша жұмыстарды күшейтуді тапсырды. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу