Таңбаланған тауар тұтынушының қалтасын қағады

2661

Мемлекет таңбаланған тауар тұтынушыларды контрафактіден қорғайды, қазақстандық тауардың ЕАЭО нарығына шығуына мүмкіндік береді және тауардың сапасы мен қауіпсіздігіне кепіл болады дегенді алға тартады. Ал кәсіпкерлер: "Таңбаланған тауардың көзге көрінбейтін түйткілі бар" деп безектейді.

Таңбаланған тауар тұтынушының қалтасын қағады

Inbusiness.kz тілшісі таңбаланған тауардың артықшылығы мен кемшілігін анықтауға тырысты.

Осыдан 4 жыл бұрын біздің ел Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) аумағында тауарлар­ды сәйкестендіру құрал­дарымен таңбалау тура­лы келісімді ратифи­кациялады. Содан бері тауарды таңбалау саясатын жүзеге асырып келеді.

Қазақстан сауда кәсіпорындары қауымдастығының атқарушы директоры Ермек Рахметовтің айтуынша, бұл – өте айқын және нақты жүйе.

"Таңбаланған тауар әлдекімдердің отандық өндірушілердің брендін қолдан жасауына тосқауыл болады және Қазақстанда өндірілген өнімді ЕАЭО нарығында кедергісіз жылжытуға мүмкіндік береді. Мемлекет таңбаланған тауар арқылы қаржы ағынының ашықтығын арттырып, контрабандалық тауар айналымының алдын алады. Тұтынушыларға келетін болсақ, олар  сапасыз тауарға ақша шығындамайды", – деді атқарушы директор.

Қаржы министрлігінің мәліметінше, жыл сайын кеден органдары тауар контрабандасына қатысты 5 мыңнан астам фактіні әшкерелейді. Салдарынан республикалық бюджет 1 млрд теңге кірістен қағылады. Ал отандық өндірушілер ішкі нарықта көрші елдерден заңсыз жеткізілген арзан өніммен бәсекелесуге мәжбүр болады.

Таңбаланбаған тауар отандық өнімнің ЕАЭО нарығына, атап айтқанда Ресей нарығына кірігуін айтарлықтай тежеуі мүмкін. Себебі 2020 жылғы 1 маусымнан бастап Ресей Федерациясы өздеріне импортталатын бірқатар тауарды міндетті түрде таңбалауды қолға алды.

Тауарды таңбалау біздің елде кезең-кезеңімен жүзеге асырылып жатыр. Әу баста тері бұйымдары мен аяқ киім таңбаланды. Тауар тізімі бірте-бірте кеңейіп келеді.

Естеріңізге салайық, елімізде тауар таңбалау ісі 2017 жылдың қарашасында басталды. 2018 жылы Қаржы министрлігі теріден жасалған өнімдерді электронды таңбалаудың қанатқақты жобасын қорытындылағанда импорттаушылар саны 30%-ға, кедендік баж бен салық түсімі 40%-ға ұлғайғанын жариялады.

"Қазақстанда таңбалау жүйесін енгізу 2025 жылға қарай бюджетті қосымша 2,6 трлн теңге кіріспен толықтырады деп жоспарланды. Көрсетілген уақытта кедендік және салықтық түсім 58 млрд теңгеге жетуге тиіс", – деді Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев.

Теріден жасалған өнімдер

Бірегей RFID деген таңбамен белгіленді. Шара шеңберінде 236 487 өнім таңбаланды. Нәтижесінде, тері нарығындағы ішкі салық мөлшері 600 млн теңгеге артты.

Тері өнімдерін өндірушілер мен импорттаушылар әр тауарға таңба қойғызу үшін 400 теңгеден төледі. 310 теңге RFID таңбаға жұмсалса, таңбаны меншіктеуге 90 теңге қажет болды.

Темекі өнімдері

2020 жылғы 1 қазаннан бастап 2 өлшемді Data Matrix кодымен таңбалана бастады. Таңбаланбаған темекі 2021 жылғы 1 қазанға дейін сатылды. Өтпелі кезеңнен кейін дүкен сөрелерінен таңбаланбаған барлық темекі өнімі алынып тасталды.

Бүгінгі таңда елде акцизделетін темекі өнімінің 99,9%-ы таңбаланады.

Сауда және интеграция министрлігінің болжамынша, 2025 жылға қарай заңды темекі өндірушілер мен импорттаушылардың кірісі 38,6 млрд теңгеге жетеді.

Аяқ киім

Өткен жылдың 1 қарашасынан таңбаланып жатыр. Қабылданған шара шеңберінде ел аумағына таңбаланбаған аяқ киім енгізуге тыйым салынды.

Біле жүріңіз, көлеңкелі аяқ киім нарығы жалпы көлемнің 48,5%-ын құрайды. Аяқ киімді таңбалау нарықты контрафактіден қорғайды.

Ресми ақпаратқа сәйкес, көпшілік киіп жүрген аяқ киімнің 3,1%-ы ғана отандық өнім. Қалғанының барлығы шекара асып келеді. Оның жартысы ел аумағына заңды, жартысы заңсыз енеді.

Болжам бойынша, 2025 жылға қарай таңбаланған аяқ киімнен түсетін табыс 21%-ға дейін өседі. Мемлекет аяқ киім саудасына салынатын қосымша құн мен баж салығы есебінен бюджетті 45 млрд теңгемен толтырады.  

Сауда және интеграция министрлігінің жариялауынша, алдағы 5 жылда аяқ киім сатумен айналысатын азаматтардың кірісі 149,5 млрд теңгеге жетеді.

Дәрі-дәрмек

Әу баста қанатқақты жоба аясында таңбаланды. Жобаға 5 дәріхана, 8 медициналық мекеме, 2 импорттаушы, 2 дистрибьютор, 4 отандық дәрі өндіруші қатысты.

Таңбаланған дәрі-дәрмек арасында обырды, С гепатитін, АИТВ инфекциясын, жүрек ауруларын емдеуге арналған препараттар, урсозим гепатопротекторы, аллергияға қарсы дәрі-дәрмек болды.

SellIn сараптамалық деректер базасының мәліметінше, 2019 жылы елдегі фармацевтикалық нарық көлемі 778,9 млн долларды құрады. Ал Сауда және интеграция министрлігі жалпы өнімдегі заңсыз тауар айналымының үлесі 12% деп нақтылады. Дәрі-дәрмекті таңбалау осындай заңсыздыққа жол бермеуді көздейді.

Алкоголь өнімдері

Еліміздегі көлеңкелі сауданың төрттен бір бөлігін құрайды. Бұл – ресми дерек.

Осыған дейін үкімет таңбалау жүйесі арқылы арақ-шарап өнімдерінің заңсыз саудасына тосқауыл қоюды көздеп отырғанын мәлімдеді. Ал Сауда және интеграция министрлігі алдағы 5 жылда заңды бизнес өкілдерінің табысы 80,7 млрд, бюджет кірісі 19,4 млрд теңгеге жетеді деп болжады.

Алкоголь өнімдерін таңбалаудың қанатқақты жобасына 3 отандық, 4 шетелдік компания қатысты. Олардың өнімдері Data Matrix кодымен таңбаланды.

Жеңіл өнеркәсіп өнімдері

Былтырдан бастап таңбаланды. Жобаға 26 компания тартылды. Олардың арасында киім, соның ішінде сырт киім және тоқыма өндірушілері мен импорттаушылары болды. Жобаға қатысушыларға таңбалау үдерісі үшін жеке жол картасы әзірленді.

Алдын ала жасалған болжам бойынша, жеңіл өнеркәсіп өнімін таңбалаудың нәтижесінде 2025 жылға дейін қазынаға 9,5 млрд теңге кіріс кіреді. Ал заңды бизнестің табысы 48 млрд теңгеге артады.

Сүт өнімдері 

Сынақ режимінде таңбаланды. Йогурт, айран, май, ірімшік, сүзбе, балмұздақ сынды тауарларға DataMatrix коды берілді.

Айта кетейік елімізде сүтті қайта өңдеумен айналысатын 214 кәсіпорын бар. Оның 13-і ғана өнімін сыртқа шығарады.

Сауда және интеграция министрлігі тауарды таңбалау заңды сүт өндірушілердің табысын 16,5 млрд теңгеге, ал бюджетке түсетін түсімді 2 млрд теңгеге арттыратынын мәлімдеді.

Бүгінге дейін сатылған барлық сүттің 6,5%-ы көлеңкелі нарыққа тиесілі екені анықталды. Бұл – сауда сөрелеріндегі әрбір сегізінші сүт өнімі тұтынушының денсаулығына қауіп төндірді деген сөз.

Қапталған су және құрамында қанты бар сусындар

Өткен жылдың 1 шілдесінен бастап қанатқақты жоба аясында таңбалана бастады. Жобаға өндірушілер, импорттаушылар, дистрибьюторлар сонымен қатар бөлшек сауда дүкендері қатысты.

ЕАЭО елдерінде...

Таңбасыз тауарға тыйым салынып жатыр. Бұл шара заңсыз, сапасыз тауар айналымына тосқауыл қоюы керек.

Үкіметтің есебінше, 2025 жылға қарай заңды бизнестен түсетін табыс 337 млрд теңгеге дейін өседі. Санды сөйлетіп, санға сенсек, көгеріп, көктеп кететін сияқтымыз. Алайда "Асатпай жатып, құлдық" деудің реті келіңкіремейді. Өйткені бізде әдемі сөз бен санның соңы сиырқұйымшақтанып кететіні бар.

Кәсіпкерлердің көзқарасы

Мемлекеттің көзқарасымен ұштаспай тұр. Себебі олар таңбаланған тауар қосымша шығынды талап ететінін алға тартып, тауардың түпкілікті құны тұтынушының қалтасын қағатынын айтып жүр.

"Қазақстанның тікелей сатылымдар қауымдастығы" заңды тұлғалар бірлестігінің бұрынғы атқарушы директоры Анастасия Калашникова осыдан 2 жыл бұрын сәйкестендіру белгісі енгізілген бірқатар тауарлардың бағасы бірнеше позиция бойынша 20 млрд теңгеден асатынын айтқан болатын. Одан бері қаншама инфляция болды. Жоғарыдағы көрсеткіштің ұлғайғаны айдан анық.

Кәсіпкерлер тауарды таңбалауды жасырын салық ретінде қабылдады. Өйткені ол автоматты түрде тауар бағасына және қатардағы қазақстандықтың қалтасына салмақ салды. Бұл жағдай тұтынушылар арасында күмән туғызып, бизнесмендердің бүйрегін контрафактіге бұрғызбасына кепілдік жоқ.

Қазіргі таңда сырттан дайын тауар әкеліп, оған отандық өнімнің жапсырмасын желімдейтін, осының есебінен отандық өндіруші ретінде артықшылыққа ие болатын жалған өндірушілер мәселесі өзекті болып тұр. Алайда бізде бұл туралы ешкім ләм-лим демейді.

"Қанатқақты жобалардың өзі техникалық қиындықты бастан кешірді.

Кодтар дұрыс есептелмеді, таңбалау әлемдік стандартқа сай болмады. Бұған ЕАЭО елдері арасында криптография туралы келісімнің жоқтығы себеп болды", – деді Анастасия Калашникова.

Оның сөзінше, таңбаланған тауар көптеген шағын және орта бизнес субъектілерін нарықтан тыс қалдыруы ықтимал. Бұлай болса, мемлекет салықтан қағылады, жұмыссыздардың қатары көбейеді. Өндірушілер шығын шегіп, тұтынушылар тауарға зар болып қалады.

"Әлемдік тәжірибеде Кеден одағы елдерінде белгіленгендей тауарды жаппай таңбалау жоқ, – деді Анастасия Калашникова.

Мәжіліс депутаты Дания Еспаева тауарды таңбалау қажет деген пікірді қолдайды. Алайда бұл іс қатаң шара арқылы жүзеге асырылып жатыр деп санайды.

"Тауарды таңбалауды заңсыз өнімдермен күресу тетігі ретінде тек акцизделетін тауарға ғана қолдану керек. Халықаралық тәжірибеде осылай жасалады", – деді депутат.

Айбын Асқарұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу