Таңғы дайджест: Жаппай жеңілді

1491

Бірден бес спортшымыз жарысты аяқтады.

Таңғы дайджест: Жаппай жеңілді

Бокстан Қазақстан ұлттық құрамасының өкілі Серік Теміржанов 57 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсетіп, Токио Олимпиадасында 1/8 финалында жұдырықтасты. Оның қарсыласы 2017 жылғы Әлем кубогының күміс жүлдегері, АҚШ өкілі Дьюк Раган болды. Жекпе-жектің қорытындысы бойынша Теміржанов 0: 5 есебімен ұтылды.

Тағы бір қазақстандық боксшы Надежда Рябец Токиодағы Олимпиада ойындарындағы алғашқы жекпе-жегінде жеңіліп қалды. Ол 75 келіге дейінгі салмақта канадалық Тамара Тиболтқа 1: 4 есебімен есе жіберді.

Қазақстандық дзюдошы Ислам Бозбаев үшін Токиодағы Олимпиада ойындары аяқталды. 90 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде 1/32 финалда ол әзербайжандық Маммадали Мехдиевтен жеңілді. Айта кетейік, Ислам алғашқы айналымда бразилиялық Рафаэль Македтен басым түсіп, Олимпиада ойындарын жеңіспен бастаған болатын. Алайда екінші айналымда жолы болмады.

Сонымен қатар садақ атудан Санжар Мұсаев 1/32 финалда қытайлық Ван Дапэнге 4:6 есебімен жеңіліп, жарыстан шықты.

Дмитрий Баландин Олимпиадада 200 метр қашықтықта брасс әдісімен жүзуде финалға өте алмады. Баландин екінші жартылай финалда 2: 09.22 уақыт көрсеткішімен сайысты жетінші орында аяқтады. Бұл нәтиже оған финалға шығуға мүмкіндік бермеді. Осылайша жаппай жеңілген спортшыларымыз Токиодағы Олимпиадада өнер көрсетулерін аяқтады.

Айта кетейік, аталған спортшылардан бөлек бүгін Нұр-Сұлтан уақытымен 11:00-де велоспорттан Алексей Луценко, 11:00-де еліміздің бірінші ракеткасы Елена Рыбакина, 14:00-де теннистен микстте Ярослава Шведова/Андрей Голубев және 16:15-те спорттық гимнастикадан бірден финалға үш жоладама алған Милад Карими жарыс жолына шығады. Бұдан бөлек 81 келі салмақта 1/8 финалда Бекзад Нұрдәулетов Имам Хатаевқа қарсы шаршы алаңда сынға түседі.

Ермұамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу