Танымал ет түрін жеуге ресми түрде тыйым салынды

221

"Таң самал елінде" азаматтарға тоңазытқыштарының ішіндегі тамақтың құрамын шұғыл түрде өзгертуге тура келетін сияқты. 

Танымал ет түрін жеуге ресми түрде тыйым салынды Фото: ЖИ

Оңтүстік Корея ескіден қалған гастрономиялық дәстүрін қайта қарауға біржола бел буды: ел ит етін тұтынудан толықтай бас тартты. 2027 жылдың ақпан айынан бастап "Таң самал елінде" тағамға пайдалану үшін иттерді өсіруге, союға және сатуға ресми түрде тыйым салынады. Жаңа ит фермаларын, мал сою орындарын және мұндай етті өңдейтін кәсіпорындарды құруға қазірдің өзінде тыйым салынды, деп жазды inbusiness.kz.

Корея көне салтты ізгілікке алмастырды

Әлемдік ақпарат құралдары бұл шешімді "тарихи" деп бағалады: Оңтүстік Корея билігі көптеген ғасырларға созылған ит етін жеу тәжірибесіне нүкте қоятын заңды түпкілікті бекітті. Бұл бұқараға еш соққы емес екен: бүгінде корейлердің басым көпшілігі ит етін онсыз да жемейді. Керісінше, бұл дәстүр елдің халықаралық имиджіне барған сайын көп нұқсан келтіріп жатқан еді, сондықтан тыйымның пайда болуы табиғи құбылыс болатын.

Мысалы, World Dog Alliance қайырымдылық ұйымы сонау 2012 жылдың өзінде-ақ Ұлыбритания Үкіметін серіктес елдегі бұл қатыгездікке тоқтау салуға шақыратын онлайн-петицияны табысты өткізген. 2015 жылы бұл мәселе ақыры ағылшын патшалығының Қауымдар палатасында талқыланды.

Сонымен қатар, Change.org сайтында 2018 жылғы қысқы Олимпиада ойындарына бойкот жариялау туралы петицияға 450 000-нан астам қол жиналды. Сол 2018 жылы Humane Society International/Korea және Korea Animal Rights Advocates (KARA) өкілдері ит етін өсіретін фермаларды кезең-кезеңімен жоюды бастау туралы үндеумен бірге 1 миллион қол қойылған петицияны Сеулдегі Президент резиденциясына – Көк үйге өздері жеткізіп, табыстады. Ел билігі ол талапты қарауға уәде етті.

Міне, енді жаңа заң иттерді сою үшін өсіруге, сондай-ақ бұл етті мүшелеуге, сатуға және одан тамақ әзірлеуге тыйым салады. Бұл ретте осы салада жұмыс істейтін жұмысшыларды өзге мамандыққа даярлау, бизнеске – басқа кәсіпке қайта мамандану үшін субсидиялар беру жоспарланған.

Anadolu Ajansı агенттігі Оңтүстік Корея қазірдің өзінде ит фермаларын белсенді түрде жойып жатқанын мәлім етті. Индустрияның үлкен бөлігі іс жүзінде "тіршілігін" тоқтатты: КР Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, фермалардың 82%-дан астамы жабылған. 2027 жылдан бастап заң талабын бұзушыларға үш жылға дейін бас бостандығынан айыру немесе 30 миллион вонға дейін (ҚР Ұлттық банкінің бағамымен шамамен 9,6 миллион теңгеге тең) айыппұл салынуы мүмкін.

"Біз субсидиялар арқылы барлық ит фермасына 2027 жылға қарай өз бизнесін өзгертуге және жабуға көмектесеміз", – деді ведомство өкілі.

Би-би-си еске салғандай, 2024 жылдың 9 қаңтарында иттерді ет үшін өсіруге тыйым салатын заң алғаш рет қабылданған болатын. Дегенмен ол кезде оларды жеуге әлі де рұқсат еді. Сол кезде Парламент құжатты көпшілік дауыспен қолдады: 208 депутат "жақтап" дауыс берсе, екеуі қалыс қалды. 

Ит етінің саудасына түпкілікті тыйым салудың бұған дейінгі әрекеттері өндірушілердің жаппай наразылығы салдарынан сәтсіз аяқталып отырды. Сондықтан жаңа заң осы жануарды сою және сату үшін өсірушілерді бизнестен бас тартқызу мақсатында оларға өтемақы төлеуді қарастырады. Заңды талқылау кезінде ферма иелері Парламент алдында қарсылық шерулерін ұйымдастырды. Сондай-ақ Сеулдегі депутаттардың үйлері мен қаланың көрікті, туристік тартымды жерлеріне екі миллион итті өргіземіз деп қорқытқан.

Бұдан ерте, 2018 жылдың маусымында Бучхон қаласының муниципалды соты иттерді ет үшін өлтіруді заңсыз деп таныған үкім шығарды. Бұл маңызды шешім елдегі жануарларды қорғаушылардың өткір сынынан кейін қабылданды.

Кулинарлық культтен қатаң тыйымға дейін

Өзгерістердің басты жақтаушылары – батыстық құндылықтарға бағдарланған жергілікті жастар, үй жануарларының иелері және жануарлар құқығын қорғаушылар болды. Сол кездегі президент (2022 жылдың 10 мамырынан 2025 жылдың 4 сәуіріне дейін) Юн Сок Ёл өзінің сайлауалды науқаны кезінде иттерді ет үшін өсіруге тыйым салуға уәде берген. Ал, оның әйелі, бірінші ханым Ким Кеон Хи жаңа заңды және тыйым салуды ашық қолдағандардың белсендісі болды. Оның жануарларды өте жақсы көретіні белгілі: ерлі-зайыптылар панажайлардан өз баспанасына 6 ит пен 8 мысықты алған.

КР Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, 2024 жылы Оңтүстік Кореяда 1 150-ге жуық ит фермасы жарты миллионнан астам итті өсірген. Сондай-ақ 34 сою орны, 219 жеткізуші-дистрибьюторлық компания және ит етінен дайындалған тағамдар ұсынатын 1 600-ге жуық мейрамхана жұмыс істеген. Өз кезегінде, Ит етін өсірумен айналысатын фермерлердің корей қауымдастығы бұл тыйым 1,5 миллион ит өсірілетін 3 500-ден астам фермаға, сондай-ақ 3 000 мейрамханаға кері әсер ететінін мәлімдеген.

Ақпарат құралдарының мәліметінше, бұған дейін ит етінен тағамдар ұсынатын мейрамханалардың саны 20 мыңға жетуші еді. Алайда бүгінде Сеул мен Бусанның танымал туристік аймақтарында мұндай тағамдар мәзірден жоғалып кетті. Жергілікті тұрғындар бұл "тағамды" туристерге ұсынбауға тырысады, бірақ тәрелкедегі еттің қайдан шыққанын да кейде жасыруды жөн көреді екен.

Animal Welfare Institute ұйымы бұл индустрияның жылдық көлемін 200 миллион долларға бағалады. Оның дерегінше, Оңтүстік Кореяда жылына екі миллионға дейін ит союға жіберіліп отырған, ал, осы кезеңдегі ит етін тұтыну көлемі 100 мың тоннадан асқан. Сұраныс, әсіресе, жазда, ай күнтізбесі бойынша ең аптап үш күн – Бокналь мерекесі кезінде күрт өсетін. Ит етін жеу "ыстықта төзімділікті арттыруға ықпал етеді" деген жергілікті наным-сенім бар.

"Бұл масқара тірлік енді тарих қойнына кетіп барады. Корея тұрғындарының көпшілігі ит етін тағам ретінде тұтынудан бас тартып, бұл жануарлардың азаптарына нүкте қоятын, ескірген салт тек тарих оқулықтарында қалатын бетбұрыс кезеңіне жеттік", – деп мәлімдеді жануарларды қорғаумен айналысатын Humane Society International ұйымының корей кеңсесінің атқарушы директоры Чхэ Чжун А.

Ит еті ежелден корей асханасының бір бөлігі болып саналғанымен, соңғы жылдары оны тұтыну күрт азайды: ит етінің ең ірі базары – Моран бірнеше жыл қатарынан сауданың төмендеуі салдарынан ақыры 2018 жылы ресми түрде жабылып тынды.

Мұндай етті "Таң самал елінде" кейбір егде жастағы адамдар ғана жейді екен, ал, қала тұрғындары, әсіресе, жастар үшін бұл тағам өзіндік бір тыйым-табуға айналды. Сеулдегі Animal Welfare Awareness, Research and Education талдау орталығы жариялаған сауалнама көрсеткендей, респонденттердің 94%-дан астамы соңғы бір жыл ішінде ит етін мүлдем жемегенін айтқан. Шамамен 93%-ы болашақта да оны жеуге ниеті жоқтығын мәлімдеді.

Мейрамханалар, базарлар үшін иттерді тек фермерлер ғана емес, сонымен қатар "мезі еткен" үй жануарларын союға өткізе салатын қарапайым азаматтар да жеткізіп, пайда тауып келіпті. Humane Society International ұйымының еріктілері "Лилли мен Пинчтің құтқарылу хикаясын" әңгімеледі: олар біраз уақыт қожайындарының сүйікті ермегі болыпты, алайда күндердің бірінде иелері "енді керек емес" деп шешіп, ет фермасына сатып жіберген. Онда жабайыланып, сұрықсыз күйге түскен жас иттер лас торларда өлетін күнін қамыға күткен. Олардың жолы болды: ұйым заңсыз өндірісті жабуға және иттерді АҚШ-тағы жаңа қожайындарына жіберуге көмектесті.

littlehearts.org мәліметінше, Оңтүстік Корея тұрғындарының 5%-дан 30%-ға дейінгісі өмірінде бір рет болсын ит етінің дәмін татып көріпті. Дегенмен, қазіргі кезде халықтың аз ғана бөлігі оны жүйелі түрде тұтынады.  

Жануарларды қорғаушылар сондай-ақ далада адасып, жоғалып кеткен үй иттері де фермаларға түсіп қалатынын алға тартты. Әйтсе де, негізгі "етті тұқым" – Нуреонги болып есептелді.

Жануарларды аяған ешкім болмапты: тым тар жүк көліктеріне топырлата тиеп, тасымалдайтын. Оның ішінде төбеттердің бір бөлігі тұншығып өлген, омыртқасының сынуы сияқты ауыр жарақаттар алған. Базарларда қасапшылар жануарларды сатып алушылардың көзінше тоқпен соғып, немесе мойнын бұрап өлтіруші еді.

Дос, қазына әлде тағам: ит етін қай елдерде жейді?

Оңтүстік Кореяда тыйым салынғанына қарамастан, бұл тәжірибе бірқатар басқа елдерде сақталып қалды. tourweek.ru хабарлауынша, ит еті Солтүстік Корея (КХДР), Вьетнам, Қытай, Лаос, сондай-ақ Ресейдің Қиыр солтүстігінің және Қиыр Шығысының кейбір тұрғындарының гастрономиялық мәдениетінің бір бөлігі болып қала беруде. Дәмі жөнінен оны шошқа етімен салыстырады, бірақ оған қарағанда, майы аз, сіңірлеу және қаттырақ келетін көрінеді.

Ит етін тұтыну дегенде ең алдымен, дәстүрлі түрде Қытай, нақтылағанда, оның оңтүстік провинциялары Гуанси мен Гуандун ауызға алынады. Жыл сайын маусым айында өтетін Юйлиндегі ит еті фестивалі кеңінен танымал. Дәстүрлі қытай медицинасында мұндай ет "бойға қуат беріп, жылытатын" өнім саналады екен. Бірақ соңғы жылдары ҚХР саясаты өзгеруде: 2020 жылы иттер ресми түрде "мал" тізімінен шығарылды, ал, ірі қалаларда тұтыну көлемі күрт азайды.

Солтүстік Кореяда ит еті "қуаттандыратын" тағам ретінде тұтынылады. Ол, әсіресе, "танджи-тхан" – қою сорпа түрінде танымал. Бұл ретте, мемлекеттің жабықтығына байланысты нақты статистикасы, тұтынудың шынайы ауқымы белгісіз болып қалуда.

Вьетнамда бұл ет негізінен елдің солтүстігінде, мерекелік немесе "ерекше" дастарқанда ұсынылады. Бұл тағам "сәттілік әкеледі" деп есептеледі және "айдың табысты аяқталуын білдіреді". Басқа аймақтардағыдай, бұл әдет өткен күннің еншісіне кетіп барады: жастар мен белсенділер оған қарсы шығуда.

Ит етін тұтыну тағы қай жерлерде тәжірибеде бар:

• Филиппин – тыйымдарға қарамастан, жекелеген аймақтарында.

• Лаос пен Камбоджа – деревняларда, жергілікті қауымдастықтарда.

• Нигерия және Гана – кейбір этникалық топтарда.

• Швейцария – сирек болса да, тарихи тұрғыдан тұтыну тәжірибесі шалғайдағы альпілік аймақтарда болған.

Жануарларға деген көзқарастың әр елді мәдениет пен тарих арқылы қалыптасатынын түсіну маңызды. Еуропада ит – адамның досы. Қазақстанда – жүйрік тұлпар мен қыран бүркітпен қатар "жеті қазынаның" бірі. "Жеті қазына" ұғымы қазақ көшпенділерінің дәстүрлі мәдениетіндегі ер-азаматтың идеалын, даналық пен бақ-берекені бейнелейтін 7 қасиетті құндылықты біріктіреді.

Азия мен Африканың бірқатар елінде ит еті ұзақ уақыт бойы тамақ немесе емдік зат ретінде қабылданды. Жаһандану, жануарларды қорғау қозғалыстары мен қоғамдық көзқарастардың өзгеруі мұндай тәжірибелердің азаюына және біртіндеп жойылуына алып келуде.

Мысал ретінде Египеттегі жанжалды келтіруге болады: 2018 жылы беделді депутаттардың бірі Маргарет Азер қаңғыбас иттердің санын азайту үшін бұралқы жануарларды ит етін жейтін елдерге экспорттауды ұсынды. Бұл идея жануарларды қорғаушылар мен құтқарушылар тарапынан қатаң сынға ұшырап, іске аспай қалды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу