Танымал генерал жаңа қызметке тағайындалды

4185

Орыс тілді басылым журналистері не туралы жазды. Inbusiness.kz–тің баспасөзге жасаған апталық шолуы.  

Танымал генерал жаңа қызметке тағайындалды

camonitor.kz: "Қазақстандықтар шетелдік жұмысшылардың орнын баса ала ма?", деп жазады басылым. Бұл газеттің хабарлауынша президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2020 жылдан бастап шетелден шақырылатын жұмыс күшін азайту керек деген тапсырмасын сарапшылар әртүрлі қабылдап отыр. Себебі бір жағынан бұл жұмыссыз жүрген қазақстандықтарды жұмыспен қамтамасыз етеді, алайда жетіспейтін мамандардың орнын қалай толтырамыз деп алаңдайды.   

Мақала авторы көтеріп отырған мәселеге жауап алу үшін президент қоры жанындағы Әлемдік экономика және саясат институтының сарапшысы Айман Жүсіпованың пікірін білген. Сарапшы маманның айтуынша, қазақстандық нарыққа техникалық білімі бар мамандар жетіспейді. Оны шешу үшін білімді әрі білікті мамандарды даярлап шығару қажет. Бұл  мақсатқа қол жеткізу үшін мамандары даярлайтын оқу орындарының деңгейін көтеру керек.

"Сөзсіз отандық нарықта техникалық бейінді мамандар сұранысқа ие. Қазақстан индустриялық-инновациялық дамуды көздесе, онда бұл сұраныс өсе беретінін ескеруіміз керек. Алайда біздегі орта-техникалық білім беру деңгейіміз сын көтермейді. Білімді, білікті мамандардың көп болуы осыған байланысты дүние. Бұл бізде ғана емес күллі посткеңестік аймаққа тән жағдай", – дейді Айман Жүсіпова.

fergana.ru: "Помпео Американың Ирактағы елшілігінің алдындағы тәртіпсіздікке байланысты Қазақстан мен Өзбекстанға бару сапарын кейінге қалдырды", – деп хабарлайды басылым. Жоспар бойынша, оның сапары қаңтардың 3-7 аралығында болуы тиіс болған. Алайда оның сапары кейінге қалды, себебі ол Вашингтонда болуы керек, Ирактағы жағдайды бақылап, Таяу Шығыстағы америкалықтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуі тиіс. 

Бұл жайында мемлекеттік департамент өкілдері жасаған мәлімдемесінде айтылған. Мемлекеттік хатшының бұл елдерге қашан баратыны алдағы уақытта белгілі болады, деп хабарлаған департаменттің баспасөз хатшысы Морган Ортагус.

"Помпео Қазақстанға жаңа жылдың алғашқы жұмыс күні – бесінші қаңтарда келуді жоспарлаған, сол күні ол Өзбекстанға аттануды тиіс болатын", – деп хабарлайды басылым.

Liter.kz: "Димашты Якутиядағы жанкүйерлері қазақ тілінде құттықтады", деп хабарлайды республикалық басылым. Газет мәліметі бойынша, құттықтау видеосы даладағы аязда, түнде жазылған. 
"Жаңа жыл құтты болсын!!! Жаңа жылда сіздің 2019 жылмен салыстырғанда жеңісіңіз көп болсын! Денсаулық, бақыт, жақсылық  әкелсін! Аман болыңыз! Біз Якутияда сізді жақсы көреміз", – деген тілектерін білдірген әншінің жанкүйерлері.

Сонымен қатар құттықтау тілектерін олар  әншінің туысқандары мен Қазақстанның өзгеде музыканттарына жеткізген.
zakon.kz: "Алматыда жүкті әйелді құтқарған жігіт марапатталды", – деп жазады интернет-басылым. Қаңтардың 2 күні полиция департаментінің ғимаратында Қазақстанның Ішкі істер министрінің жарлығымен 23 жасар Темірлан Қадауовқа "Төтенше жағдайлардың алдын алуда және жоюда үздік шыққаны үшін" медалі табыс етілді. 

Алматылық азаматтың ерлігі туралы Әсем Жапишева өзінің Facebook парақшасында жазған болатын. Қарапайым жігіттің батыл әрекеті көптің жүрегін тербеткен болатын.

Жас жігіт төтенше жағдай кезінде ерлік көрсетті және жанында отырған жүкті әйелді кеудесімен жауып құтқарды. Бұдан бөлек, жігіт алған жарақатына қарамастан барлық шұғыл қызметтер келгенге дейін басқа жолаушыларға ұшақтан шығуға көмектескен.

"Темірлан Қадауов бұл марапатқа лайық. Бірінші кезекте, бұл өз халқының атынан адамдардың алғысы", – деп атап өтті полиция өкілдері.

Естеріңізге сала кетсек, Bek Air әуекомпаниясының Алматы-Нұр-Сұлтан бағытындағы ұшағы желтоқсанның 27 күні апатқа ұшыраған болатын

ehonews.kz: "Танымал генерал жаңа қызметке тағайындалды", деп жазады басылым. Желіде видеосы тарап, қызметінен айырылған Атырау облыстық полиция департаментінің бұрыңғы бастығы Аян Дүйсембаев жаңа қызмет алды, ол Маңғыстау облысы әкімінің кеңесшісі болып тағайындалды. 

Басылымның хабарлауынша, Аян Дүйсенбаевтың қызметтен кетіп, танымал болуына шендіге құрметтеп, ат мінгізіп жатқанын видеосы септігін тигізген болатын. Бұл видео президент назарына ілігіп, Қасым-Жомарт Тоқаев құқыққорғау мекемесінің басшысына генералдың тәртібін қарап, зерттеу жүргізуді тапсырған болатын.

Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев өз кезегінде Атырау облыстық полиция департаментінің бастығы Аян Дүйсембаевты қызметінен босату туралы ҚР Президенті Әкімшілігіне ұсыныс жасаған болатын.  

Гүльмира Қамзиева

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу