Дофамин-сайттар дәстүрлі онлайн-шопингті өзгертуде
Алғашында бұл әлдебір әзіл, тіпті алаяқтық сияқты көрінеді. Тұтынушы маркетплейстардың немесе нақты бір сервистің сайтын, ұялы қосымшасын ашып, тамақты немесе киімді таңдайды. Іріктеген тауарларын "себетке" мұқият жинайды. Ары қарай тауарды жеткізу мекенжайын енгізеді де, тапсырыс түймесін басады. Ақыр соңында өзіне ешқашан әкелінбейтін затты сабырмен "күтеді".
Тапсырыстың ақысы шотынан ұсталмайды. Курьер де оған қоңырау шалмайды. Есік алдында ешқандай қорап пайда болмайды. Дегенмен, пайдаланушы бәрібір өз дегеніне жетеді: ол қалаған заттарына тапсырыс беруден ләззат алады, деп жазды inbusiness.kz.
Бұл фейк-сауда форматы әлемдегі танымал жаңа трендке айналды. "Дофамин сайттары" (dopamine sites немесе DopamineShop) деп аталатын платформалар қарапайым сауда-саттық тізбегін нағыз цифрлық аттракционға айналдырып жатыр.
The Korea Times мұндай сервистер интернеттегі сауданы тұрмыстық әрекеттен нағыз қойылымға, тамашаға айналдырып жатқанына назар аудартты. Оның сарапшыларының түсіндіруінше, сауда-саттықтан ләззат алу үшін міндетті түрде бірдеңе сатып алу шарт емес.
Бұл үрдіс бізде де байқалады: Қазақстанның, Ресейдің e-commerce нарығындағы ойыншылар оғаш үрдісті байқаған: шопоголиктер қаптатып тапсырыс рәсімдейді, бірақ келген тауарды алып кетпейді, онысы "тапсырыс беру пунктерінде" айлап жатады. Ал, жаңа тренд саланы бұл проблемадан арылтады.
"Өйткені шопоголиктердің көбісі эмоционалды рахатты тауарды іздеу және оған тапсырыс беру кезінде-ақ алады: керекті затын тапқанда бір қуанса, "корзинасын" тауарға толтырып, тағы бір шаттанады. Ақыр соңында тапсырыс беру де оны қуанышқа бөлейді. Тиісінше, кейбірі қорапты алып қопаруды қажетсінбейді. Ең қуатты дофамин адамда марапатты алған сәтте емес, оған жақындаған кезде пайда болады", – дейді клиникалық психолог Мадер Бенгису Билген.
Мұны қазақтар "тойдың болғанынан боладысы қызық" дейді. Басқаша айтқанда, күту процесі соған қол жеткізудің өзінен әлдеқайда мол эмоционалды әсер беруі ықтимал.
Dopamine sites жасаушылары бұл күтуді дербес сервис деңгейіне жеткізді. Пайдаланушы үшін мұның тағы бір артықшылығы бар – қаржылық салдары жоқ, яғни, адам шығын шығармайды. Тиісінше, жұбайыңызға немесе ата-анаңызға бірден бес бірлік аяқ киімнің не үшін қажет болғанын түсіндіріп әуре болмайсыз. Картадағы ақшаңыздың азайып қалғанын көріп, қапаланбайсыз.
Тапсырысты сарыла күтпейсіз. Ол келіп жеткенде тауардың өлшем-размері немесе сапасы көңіліңізден шықпай қала ма деп алаңдамайсыз. Сатып алу жолының барлығын жүріп өтіп, оған бір-ақ қадам қалғанда тоқтай аласыз.
Қазіргі қымбатшылық пен экономикалық күйзеліс кезінде әлденені сатып алмаса, ішкен асы бойына сіңбейтін саудақұмар адамдарды құтқару үшін бұл тренд тартымды көрінеді. Психологтар мұны мысалы, никотин сағызына немесе алкоголсіз сыраға ұқсатады: адам сыра ішкендей болады, бірақ ақырғы нәтиже болмайды, яғни, масаймайды.
FoodNeverComes ақшасыз шопингтің қалай жұмыс істейтінін көрсетті
Абсурдты, әрі қызықты жаңа тұтыну рәсімін FoodNeverComes үлгісінен байқауға болады. Экранда пайдаланушы кез келген мейрамхананы таңдайды, оның мәзірін парақтап, тағамдардың суреттерін қарап шығады. Шынайы тұтынушыларының қойған рейтингтері мен қалдырған пікірлерін зерделейді.
Себетін небір дәмді тамаққа толтырады, тапсырыс рәсімдейді. Тіпті виртуалды курьердің қозғалысын да бақылай алады. Содан кейін тапсырыс беруші қанағаттанған сезіммен қалтафонын сөндіреді де, плитадағы не тоңазытқыштағы дайын тамағын жеуге көшеді. Себебі, курьердің ол тамақты әкелмейтінін жақсы біледі.
FoodNeverComes сервисінде әлемнің 18 мейрамханасының шынайы мәзірі көрсетілген. Жоба бетінде оның пәлсафасы жазылған: "Order the food. Skip the bill" – "Тамаққа тапсырыс бер. Төлемді өткізіп жібер". Сервис тамақты әкелмеуге уәде береді, бірақ күту процесінің өзін ойын-сауыққа айналдырған.
Айтқандай, виртуалды тапсырыс жасалғаннан кейін сервис таңдалған тағамның рецептін ұсынады. Қаласа, клиент соның негізінде ол асты өзі жасап ала алады.
Сайтта былай жазылған: "18 елдің тәбетті ашар тағамдарын қара, себетті толтыр, тапсырыс бер және дофаминіңді қоректендіру үшін мәңгілік күт. Тамақ ешқашан келмейді – есесіне дофамин келеді. 1 571 407 тілек орындалды, 0 доллар жұмсалды. Есеп жалғасуда".
Ұқсас қағидат киім, косметика, электроника және басқа да тауарлар сатылатын виртуалды маркетплейс – DopaHaul-да жұмыс істейді. Онда себет жинауға, жеткізу мекенжайын және тіпті жалған төлем деректерін енгізуге болады. Алайда тапсырыс тек виртуалды күйінде қалады, орындалмайды.
Бұдан бөлек, Dopamine Shop-та арзан ұсақ-түйектер сыртында абсурдты ірі лоттар да бар. Мысалы, 99 миллион долларға кез келген адам ғаламшарды, оның серігін сатып ала алады. Онда "төлем өтті" деп жазылады, сіздің планетаны сатып алғаныңыз көрсетіледі, бірақ картаңыздан бір тиын шығын шықпайды.
Әйтсе де, бұл ойынның байқала бермейтін проблемасы бар. Виртуалды тапсырыс үшін банк картасының мәліметтерін көрсетуді талап етпейді (оны талап етсе, әсіресе, келген содты сұратса, бұл – алаяқтар).
Бірақ мұндай сервистер пайдаланушыға қатысты басқа деректерді жинайды: олардың қандай тауарларды жиі қарайтынын, себетке нақты не қосатынын және шамамен қанша ақша жұмсауға дайын екенін тіркеп отыруы ықтимал. Мұндай ақпарат электрондық сауда және жеткізуші компаниялар үшін коммерциялық құндылыққа ие. Соның негізінде әлгі адамға не жарнамалап, қандай тауарларды ұсыну керектігін нақты біледі.
Психологиялық тәуекел де жоқ емес. Егер адам бір сценарийді – іздеу, таңдау, рәсімдеу мен күту әрекеттерін үздіксіз қайталай берсе, сауда-саттыққа деген қызығушылық бәрібір жоғалып кетпейді, қайта күшейе түсуі мүмкін. Яғни, фейк-шопинг терапияға айналмайды, шопоголиктерді айықтырмайды.
Маркетологтар мұны "тұтынуға еліктеу эффектісі" деп атайды. Егер бала әлдебір дүкеннің сөресіндегі нақты бір затқа әрқайым телміре қарап жүрсе, күндердің күнінде, қалтасына жеткілікті ақша түссе, нақты соны сатып алуға жүгіруі мүмкін.
Виртуалды шопинг жасау, мукбангтарды тамашалау немесе блогерлердің қораптарды ашқан видеоларын қарау адамды зерігуден, жан күйзелісінен немесе жалғыздықтан бір мезетке құтқаруы да ғажап емес. Алайда олар көңіл-күйді уақытша жақсарта алғанымен, психологиялық тәуелділікті немесе дағдарыстың түп-төркінін, себебін жоя алмайды.
Нәтижесінде, фейк-шопинг кейбір адамға импульсті сауда-саттық жасамауына, белгілі бір уақыт бойы ештеңе сатып алмауына жәрдемдесуі ықтимал. Ал, басқаларды керісінше, нақты бір затты ақыры сатып алуға ынталандырады.