"Тараз" "Астананы" жеңіп, сенсация жасады

1487

Екінші орынға талас қыза түсті.

"Тараз" "Астананы" жеңіп, сенсация жасады

Өткен турда "Қайратқа" есе жіберген "Астана" командасы 17 турда "Тараздан" ұтылды. Нәтижесінде күміс жүлдеге талас қыза түсті.

Елордалық команда екінші орынға көтерілу үшін 3 ұпай еншілеуі керек еді. Алайда ойында аутсайдер саналған "Тараз" жеңіске бастар жолды тапты. Командаға жеңіс сыйлаған жалғыз голды 33 -минутта Серж Ньюадзи соқты.

Айта кетейік, "Астананың" бұл ойынға 5 негізгі құрам ойыншысы қатысқан жоқ. Жарақатына байланысты Лука Шимунович, Урош Радакович, Дорин Ротариу, Пиерос Сотириу алаңға шықпады. Ал, Тигран Барсегян сары қағаз алған ескертулеріне байланысты ойынға қатыспады.

Ойын соңында елордалық команданың бас бапкері Андрей Тихонов кездесу туралы пікірімен бөлісті: 

"Қазір асығыс қорытынды жасағым келмейді. Бірақ, біз кем дегенде есепті теңестіру үшін қарсылас қақпасына қауіп төндіре алдық. Ойынның біршама бөлігінде допты жақсы бақылауда ұстадық, алайда қарсылас сәтті қорғана білді. Бірінші таймда жіберген жалғыз қателік, қақпамызға соғылған голға алып келді. Өкінішке қарай, біз ротация жасайтын мүмкіндіктен айрылып отырмыз. Сондықтан да команда төрт ойын қатарынан бір құраммен ойнауға мәжбүр. Дегенмен, біз бүгін жеңіліске лайық болмадық", - деді Тихонов. 

Алда құрама командалардың ойынына байланысты үзіліс болады. Сонымен қатар бас бапкер команданың жоспары туралы да айтып өтті.  

"Құрамаға бармайтын ойыншылар үйлеріне қайтып, үш күндік демалыс алады. Артынша үш күн жекелей жаттығу жұмыстарын жасайды. Барлығы бапкерлер құрамының бақылауында болады. Алматыға қайтып келген соң жұмысты жалғастырамыз. Құрамаға кеткен футболшыларға үлкен жүктеме болайын деп тұр. Олар 15 және 18 қараша күндері ойнаса, содан кейін 21, 24, 27 және 30 қараша күндері қайта алаңға шығады. Бұл өте тығыз кесте. Оның үстіне қосалқы құрамға жас футболшылардан басқа ойыншылар таппай отырмыз", - деді "Астананың" бас бапкері.

Бұл матчтан кейін "Астана" 27 ұпаймен үшінші орында қалды. "Тараз" 17 ұпаймен сегізінші орынға көтерілді.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу