"Тараз" бес жаңа ойыншымен толықты

2806

"Тараз" футбол клубы бес футболшымен еңбек келісім-шартын жасады.

"Тараз" бес жаңа ойыншымен толықты

"Оле Бразил" академиясында тәлім алған Берік Шаихов биылғы футбол маусымында "Тараз" намысын қорғайды. 27 жастағы Берік футболдағы мансабын 2012 жылы "Астана-1964" командасында бастаған. Әр жылдары "Жетісу", "Астана", "Ертіс", "Шахтер" секілді командаларда ойнаған. Былтыр "Қызылжар" сапында өнер көрсетті.

Португалиялық жартылай қорғаушы Педру Мигел Эужениу да "Тараз" сапына алынды. 30 жасар ойыншы Португалия, Болгария, Түркия елдерінің біріншіліктерінде өнер көрсеткен. Былтыр "Жетісу" командасында 11 матчта 4 гол соққан. "Берое" командасымен Болгария кубогі мен Суперкубогін иеленген.

Сондай-ақ, "Тараз" Кот-д'Ивуарлық жартылай қорғаушымен толықты. 27 жастағы Коджо Альфонсе бұған дейін "Арарат-Армения" сапында 55 матч өткізіп, үш рет мергендігімен көзге түскен. Әр уақытта португалиялық "Фейренси", "Жил Висенте", "Миранделла" секілді клубтарда өнер көрсеткен. 2 рет Армения Премьер-лигасын, бір рет сол елдің Суперкубогін жеңіп алған.

"Тараз" нигериялық қорғаушы Фэйт Обилормен де келісімге келді. Ол Финляндия біріншілігінде 10 жыл "ХИК", "Интер", "РоПС" клубтарында ойнаған. 2020 жылы ақпанда "Шериф" сапына ауысқан. Бұл клубта 20 матчтың 17-не қатысқан.

Сербиялық жартылай қорғаушы Ненад Адамович те жамбылдық клуб сапына ауысты. Соңғы екі футбол маусымында "Жетісу" командасында 48 матч өткізген ол кезінде Сербия U-19 жастар құрамасында 13 рет алаңға шыққан. Сондай-ақ, "Хайдук", "Динамо" (Минск), "Витебск" командаларында өнер көрсеткен. 2014 жылы Белоруссия чемпионатының үздік сұрмергені атанған. 2014-2016 жыл аралығында Еуропа лигасында 12 матч өткізіп, чехиялық "Виктория" командасына жеңіс голын (1:0) соққан.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу