Таразда өткен кездесу 2:0 есебімен алаң иелерінің пайдасына аяқталды. Ойынның 6-минутында Милен Гамаков есеп ашты. Қосымша уақытта Әлішер Сүлей (95) матчтың нүктесін қойды. Осы жеңістің арқасында 21 ұпай жинаған "Тараз", "Астананы" (20) екінші орынға ығыстырып, бірінші орынға көтерілді. "Ақжайық" (11) 11-қатарда қалды.
Матчтан кейін "Тараздың" бас бапкері "Ақжайықпен" өткен ойын туралы пікір білдірді.
"Бұл турдың соңғы матчы болғандықтан оң нәтижемен аяқталған жағдайда турнир кестесінде көш бастайтынымызды жақсы түсіндік. Бірақ психологиялық тұрғыда ауыртпалық салатынын білдік. Нәтиже жақсы болғанымен, ойынға көңіл толған жоқ. Қарсылас команданың шабуылы күшті болмаса да, қорғаныста жақсы екені белгілі. Біз үшін ыңғайсыз команда. Дегенмен мұндай қорғанысты қалай бұзу керектігі бойынша өз жоспарымыз болды. Ал алаңда оны толық жүзеге асыра алмадық. Жылдам соғылған гол жалпы ойынның барысына әсер еткен шығар", – деді Нүркен Мазбаев.
Сонымен қатар бас бапкер алдағы трансфер уақытында жақсы шабуылшы алып, команданы күшейткісі келетінін айтты.
"Қазір командада 24 алаңдағы ойыншы, 3 қақпашы, жалпы саны 27 футболшы бар. Олардың 16-сы матчтарға қатысуда. Ал өзгелері жас ойыншылар. Біздің жақын келешектегі резерв осы балалар. 2000-2003 жылғы жастар да бар. Олардың жаттығуы үнемі біздің бақылауымызда. Сондай-ақ трансфер кезінде жақсы шабуылшы алып күшейсек, команда алдына жаңа әрі жоғары мақсаттар қоюға болады деп ойлаймын", – деп қоса кетті бас бапкер.
Сонымен қатар турнирдің аутсайдері "Мақтаарал" 11-турда көшбасшы команда "Каспийді"жеңді. "Түркістан Аренада" өткен кездесу 2:1 есебімен "Мақтааралдың" пайдасына аяқталды. Ойынның 35-минутында Беллал Себаихи алаң иелерін алға шығарды. 50-минутта Мақсат Тәйкенов пенальтиден мүлт кетпей, таразы басын теңестірді. Ал алты минуттан кейін Алекс Бруно жеңісті голды соқты. Осылайша биылғы маусымдағы дебютант команда Қазақстан чемпионатындағы екінші жеңісіне қол жеткізіп, тоғыз ұпаймен соңғы орында қалды. 19 ұпайы бар "Каспий" үшінші сатыға төмендеді.
Ермұхамед Мәулен