Тараз қаласында заңсыз жолаушылар тасымалы тыйылмай тұр

2263

Жамбыл облысы орталығындағы автобекет маңында алыс жолға қатынайтын көліктер қауіпсіздік ережелеріне сай емес.

Тараз қаласында заңсыз жолаушылар тасымалы тыйылмай тұр

Көліктік бақылау органдарының қызметкерлері осылай деп дабыл қаққанымен, нәпақасын жолдан тауып жүрген жүргізушілердің де өз уәждері бар. Мұндағы көлік жүргізушілеріне мәселені шешу үшін бір ай уақыт берілгенімен, олар құзырлы мекемелер тарапынан қойылып отырған талаптармен келіспейді.

Жамбыл облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы мамандарымен кездесуге 50-ден астам жүргізуші жиналды. Жауаптылардың айтуынша, олардың көліктері алыс жолға арналмаған, қатынауға қауіпті.

"Бұл проблема жүргізушілерге бұған дейін бірнеше рет ескертілді. Осы айда аталған мәселені шешудің өзге де жолдарын қарастырамыз. Өйткені бекітілген заң талаптарына сәйкес, Тараздан алыс қалаларға қатынап жүрген сегіз орындық минивэн көлігі жолаушыларды үш жүз шақырым қашықтықтан артық межеге тасымауы тиіс. Қазір қалада 10-15 жылдан бері тұрақты емес жолаушы тасымалымен айналысатын, 70-80 шақты көлік бар. Бұл да заңсыздық. Автовокзал аумағынан жолаушы жинайды, онысы да заң талаптарына сәйкес емес", – дейді басқарма басшысы Бақытжан Жәнібеков.

Алайда мұндағы жүргізушілердің көпшілігі 8-ден 16-ға дейін орындықты шағын автобустарды тізгіндеген. 10-20 жылдан бері көлік жүргізіп, осындай кәсіпке үйренген олар бұрын мүлде болмаған, тосыннан енгізілген мұндай заңдылықты түсінбей дал. Десе де, тиісті шешім шығару үшін тағы бір ай мерзім белгіленді.

"Менің жүргізуші болып жолда жүргеніме 10 жылдан асты. Мұндай сұмдық бұрын болған емес, ешқандай проблема жоқ болатын. Олар бізге жүргізуші санатын ауыстыруды талап етуде. Ал біз нанымызды осыдан тауып отырмыз, бәріміздің басымызда кредитіміз бар. Мәселені шешуге бір-ақ ай беріп отыр. Бұл мерзімді бүкіл жүргізуші санатын ауыстыра қояды деп айта алмаймын. Кемінде жыл соңына дейін уақыт берсе деген ұсынысымыз бар", – дейді жүргізуші Әлім Дуанов.

Осылай шырылдаған  жүргізушілер: "Бізде бәрі заңды!",– дейді. Олар жеке кәсіпкер ретінде тіркелген, патенттері де бар. Ал көліктік бақылау органы қызметкерлері барлық іс-шаралар жолдағы апаттарды азайтуға, сонымен қатар бірінші кезекте жолаушылардың қауіпсіздігін сақтау мақсатында жасалып жатқандығын жеткізді.

Әсел Мұратбекқызы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу