"Тараз" кезекті жеңісіне қол жеткізді

1735

Жамбылдық клуб жеңісті голды соңғы минуттарда соқты.

"Тараз" кезекті жеңісіне қол жеткізді

"Ақсу" Қазақстан Премьер-лигасының жетінші турында "Таразға" жол берді. Матч Павлодардағы Орталық стадионда өтіп, 1:2 есебімен аяқталды. Ойынның 11-минутында Жорже Элиас есеп ашып еді, 55-минутта Асланбек Кәкімов жауапты гол соқты. Ал 92-минутта Бауыржан Байтана кездесудің нүктесін қойды. Осы жетістігінің арқасында "Тараз" алтыншы орынға тұрақтаса, "Ақсу" 13-орында тұр. 27 сәуірде сегізінші тур аясында "Тараз" өз алаңында "Ақтөбені" қабылдайды, "Ақсу" сырт алаңда "Ақжайықпен" кездеседі.

"Тараздың" бас бапкері Нұркен Мазбаев Премьер-лиганың жетінші турындағы "Ақсуға" (2:1) қарсы өткен ойынға қатысты пікір білдірді.

"Бұл қиын ойын болатынын білдік. Өйткені "Ақсуға" шегінерге жол болмады және олардың жеңіске жеткісі келді. Бірінші таймда жақсы шабуылдарымыз болды, нәтижесінде гол соқтық. Екінші гол да соға алар едік. Бірақ мүмкіндікті пайдалана алмадық. Екінші таймда доп жіберіп алдық. Үзіліс кезінде ойыншыларға кез-келген жағдайда соңына дейін, соңғы секундқа дейін ойнау керек деген ойымды айттым. Нәтижесінде, соңғы секундтарда футболшыларымыз жеңісті жұлып әкетті. Командамыздың жанкүйерлерін осы жеңісімен құттықтаймыз. Сондай-ақ алаңда жеңіс үшін күрескен жігіттерге алғысымды білдіргім келеді. Жалпы қарсыласымыздың ойын стилі мені тәнті етті. Павлодарлық команда сапында қазақстандық футболшылар көп. "Ақсуға" алдағы уақытта сәттілік тілеймін. Турнирлік кестеге қараңызшы, 1-ден 10-орынға дейінгі әрбір команданың алғашқы үздік үштікке дейін көтерілуге мүмкіндігі бар", – деді Нұркен Мазбаев.

"Тараз" сапында жергілікті футболшылар көп. Бас бапкер бұл клубтың стратегиясы екенін атап өтті.

"Біз бұл стратегияны қолдаймыз және нәтижеге жетеміз. Бүгінгі таңда команда құрамының 80 пайызы жергілікті футболшылар. Расымен де, бұл менің шешімім емес, клубтың стратегиясы. Матч алдында мен ойыншыларға бүгінгі 20 адамның ішінен кез-келгені негізгі құрамда ойнай алатынын, барлығы өздерінің көрсеткен ойындарына байланысты екенін айттым. Қосалқы құрамда қалғандардың әрқайсысы алаңға шығу арқылы ойынды жақсарта алуы керек. Ойыншылар осындай мақсатпен алаңға шығып, жеңіске жету үшін бар күш-жігерін жұмсаса, біздің болашағымыз зор", – деп қоса кетті "Тараз" ФК бас бапкері.

Сонымен қатар "Қайрат" Қазақстан Премьер-лигасының жетінші турында "Тұранға" есе жіберді. Түркістандық клуб маусымдағы алғашқы голын соқты. Алматыдағы Орталық стадионда өткен матч 0:1 есебімен аяқталды. Ойындағы жалғыз голды 31-минутта Азат Нұрғалиев пенальтиден соқты.

Ал "Ордабасы" Қазақстан Премьер-лигасының жетінші турында "Қызыл-Жарды" қабылдады. Шымкенттегі Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы стадионда өткен кездесу 3:1 есебімен аяқталды. Ойынның 12-минутында шымкенттік клубтың шабуылшысы Серж Ньюадзи баспен гол соқты. Бірақ 41-минутта Юрий Бушман айып добын тамаша орындап есепті теңестірді. 90-минутта Ньюадзи дубль авторы атанды. Ал үш минуттан кейін Карам Сұлтанов мергендік танытып, матчтың нүктесін қойды.

"Ақтөбе" Қазақстан Премьер-лигасының жетінші турында "Мақтааралмен" үш ұпайды сарапқа салды. Матч Ақтөбе қаласында өтіп, 1:0 есебімен алаң иелерінің пайдасына аяқталды. Ойынның 67-минутында Никита Маляровтың соққан голы "Ақтөбеге" жеңіс сыйлады.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу