Сенсация. "Тараз" көш бастады

1309

Тараздықтар қатарынан төртінші ойында жеңіске жетіп, турнирлік кестеде көш бастады.

Сенсация. "Тараз" көш бастады

"Тараз" футболшылары Қазақстан чемпионатының тоғызыншы туры аясында өткен матчта "Мақтааралды" жеңді. "Түркістан Аренада" өткен кездесу 1:0 есебімен аяқталды. 77-минутта Мақсат Әмірхановтың соққан голы матч тағдырын шешті. Осы жеңістің арқасында "Тараз" 17 ұпай жинап, турнирлік кестеде 1-орынға көтерілді. Ал 5 ұпайы бар "Мақтаарал" соңғы орында қалды.

Сондай-ақ "Ақсу" мен "Каспий" өзара мықтыны анықтады. Павлодардағы Орталық стадионда өткен матч 2:0 есебімен "Ақсудың" пайдасына аяқталды. Ойынның 9-минутында Али Гаджибеков алаң иелерін алға шығарды. Ал кездесу соңында Еркебұлан Тұңғышбаев командасының екінші голын соқты.

"Шахтер" Қазақстан Премьер-лигасының тоғызыншы турында "Тобылды" қабылдады. Қарағандыдағы "Шахтер" стадионында өткен кездесу 4:1 есебімен аяқталды. Ойынның 32-минутында Алекса Аманович өз айып алаңында қолмен ойнағаны үшін алаңнан қуылды. Нүктеге келген Тимур Досмағамбетов пенальтиді сәтті орындады. Екінші таймның басында Николай Ковталюк есепті еселеді. 61-минутта Досмағамбетов тағы да пенальтиден гол соқты. Ал 70-минутта қосалқы құрамнан шыққан Айбар Жақсылықов есепті қысқартты. 81-минутта алаңға шыққан Роман Мұртазаев бірнеше секундтан кейін ойынның нүктесін қойды.

Тоғызыншы турда "Ақтөбе" "Ақжайықты" 2:1 есебімен жеңді. Ойынның 10-минутында Ақжайық шабуылшысы Оралхан Өміртаев есеп ашты. 49-минутта Йоахим Адукор таразы басын теңестірді. Ал 73-минутта Сердер Сердеров жеңіс голын соқты.

Алматылық "Қайрат" Қазақстан Премьер-лигасының тоғызыншы турында "Қызыл-Жармен" кездесті. Матч Алматыдағы Орталық стадионда өтіп, 1:1 есебімен аяқталды. Ойынның небәрі алтыншы минутында "Қайраттың" капитаны Рикарду Алвеш қауіпті ойнағаны үшін қызыл қағаз алды. Бірінші тайм аяқталар тұста Сұлтанбек Астанов мергендік танытты. Ал 64-минутта Дарко Зорич қарсылас қақпасынан саңылау тапты. Осы матчтан кейін 13 ұпаймен "Қайрат" турнирлік кестеде 10-орынға, ал 7 ұпайы бар "Қызыл-Жар" 13-орынға жайғасты.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу