"Тараз" көшбасшылығын сақтап қалды

1474

Жамбылдық клуб соңғы минуттарда гол соғып кетті.

"Тараз" көшбасшылығын сақтап қалды

"Қызыл-Жар" Қазақстан Премьер-лигасының оныншы турында "Таразды" қабылдады. Матч "Астана Арена" стадионында өтіп, 1:1 есебімен аяқталды. Ойынның 79-минутында қосалқы құрамнан шыққан Мишель Нкололо есеп ашты. Бірақ қосымша уақытта Елдос Ахметов пенальтиді сәтті орындап, командасына бір ұпай алып берді.

Айта кетейік, "Қызыл-Жар" - "Тараз" (1:1) кездесуі төрешілер дауымен аяқталды. Матчтың 88-минутында петропавлдық жартылай қорғаушы Артур Мурза тараздық ойыншыны өз айып алаңында құлатты. VAR-ға ұзақ шолу жасағаннан кейін матчтың бас төрешісі Рустам Омаров "Қызыл-Жардың" қақпасына пенальти белгілеуді ұйғарды. Оны тараздықтардың капитаны Елдос Ахметов сәтті пайдаланды. Бұл шешімге ашуланған Григорий Лория матч кезінде төрешіге наразылығын білдіру үшін алаңға жүгірді. Алайда "Қызыл-Жардың" бас бапкері Әли Әлиев Лорияны тыныштандырды, содан кейін алаңнан алып кетті.

Осы кездесуден кейін жамбылдықтар көшбасшылығын сақтап қалса, 8 ұпаймен "Қызыл-Жар" 13-орында қалды.

Алматылық "Қайрат" футболдан Қазақстан чемпионатының оныншы турында "Атыраудан" ірі есеппен жеңілді. Алматыдағы Орталық стадионда өткен кездесу 3:0 есебімен аяқталды. Үш гол да бірінші таймда соғылды. 15-минутта "Атырау" қорғаушысы Николай Тарасов есеп ашты. Араға жеті минут салып алаң иелері он ойыншымен қалып, "Қайраттың" жартылай қорғаушысы Андрей Ульшин қызыл қағаз алды.

Үзіліске дейін мұнайшылар тағы екі рет гол соқты. Алдымен 38-минутта Тарасов дубль жасаса, қосымша уақытта Андрия Филипович басымдықты нығайта түсті. Осы жеңістің арқасында "Атырау" 17 ұпай жинап, ҚПЛ турнирлік кестесінде қосымша көрсеткіштер бойынша "Астананы" (17) артқа тастап, үшінші орынға көтерілді. "Қайрат" (13) тоғызыншы орында қалды.

"Тобыл" футболдан Қазақстан чемпионатының оныншы турында павлодарлық "Ақсуды" жеңді. Қостанайда өткен кездесу 2:0 есебімен аяқталды. Ойынның 12-минутында Зоран Тошич "Тобылды" алға шығарды. Екінші таймда Асхат Тағыберген (73-ші) командасының басымдығын еселеп, ойынның нүктесін қойды. "Тобыл" 15 ұпай жинап, турнирлік кестеде бесінші орынға көтерілсе, "Ақсу" (10 ұпай) оныншы орынға жайғасты.

Сонымен қатар 10-тур аясында "Ордабасы" мен "Астана" клубтары күш сынасты. Шымкенттегі Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы стадионда өткен кездесу 1:2 есебімен елордалық команданың пайдасына аяқталды. Матчтың 16-минутында Педро Эудениу қақпашымен жеке-дара шығып, өз мүмкіндігін гооға айналдырды. Ал бірінші тайм аяқталар тұста Серж Ньюадзи мергендік танытты. Ойындағы жеңісті голды 95-минутта Станислав Басманов соқты.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу