Қызылордалық "Қайсар" Қазақстан Премьер-лигасының бірінші турында "Таразды" қабылдады. Ғани Мұратбаев атындағы стадионда өткен матч 2:3 есебімен жамбылдық клубтың пайдасына аяқталды.
Ойын барысында "Қайсар" 2:0 есебімен алға шыққан болатын. 5-минутта Елдос Ахметов өз қақпасына гол соғып алса, 22-минутта Мақсат Байжанов "Қайсардың" екінші голын соқты. Араға үш минут салып "Тараз" есеп айырмасын қысқартты. Абзал Таубай бұл голды өз еншісіне жазды. 36-минутта Абылайхан Жұмабек өз мүмкіндігін жақсы пайдалана білді. Ал бірінші тайм аяқталар тұста Бауыржан Байтана көзге түсіп, командасына жеңіс сыйлады. Жамбылдық клуб бұл жеңістен кейін турнирдік кестеде үшінші орынға көтерілді. Ал "Қайсар" соңғы орындардың біріне жайғасты.
Сонымен қатар қостанайлық "Тобыл" футболдан Қазақстан чемпионатының алғашқы турында оралдық "Ақжайықпен" кездесті. "Тобыл Аренада" өткен матча алаң иелері 2:0 есебімен жеңіске жетті. Ойынның 30-минутында Азат Нұрғалиев көзге түсіп, командасын алға шығарды. Ал 75-минутта Асхат Тағыберген айып соққысын сәтті орындап, матчтың нүктесін қойды. Сенімді түрде үш ұпайға қол жеткізген Григорий Бабаян шәкірттері бірінші орынға көтерілді. Ал оралдық клуб соңғы орындарда қала берді.
Ал Ақтаулық "Каспий" "Ақтөбені" қабылдады. "Жас Қанат" стадионында өткен матч 1:1 есебімен аяқталды. Қос команда алғашқы таймда гол соға алмады. Бірақ 52-минутта алаң иелері сапында Уаджди Сали айып соққысын керемет орындап есеп ашты. Ал 60-минутта Максим Федин пенальтиден гол соқты.
Бір ұпайды қанағат еткен "Каспий" турнирлік кестеде жетінші орынға тұрақтады. Ал "Ақтөбе" клубынан бұған дейін үш ұпай шегерілген болатын. Сондықтан Бага шәкірттері соңғы орынға жайғасты.
Ермұхамед Мәулен