Футболдан Қазақстан чемпионатының екінші турында "Тараз" командасы "Ордабасыдан" басым түсті. Кездесу Тараздағы Орталық стадионда өтіп, 1:0 есебімен алаң иелерінің пайдасына аяқталды. Матчтың 20-минутында Абылайхан Жұмабек қақпашымен жеке-дара шығып, жеңісті голды соқты.
Матчтан кейін "Ордабасының" бас бапкері Александр Седнев ойын (0:1) жайлы пікір білдірді.
"Маған тек "Таразды" жеңіспен құттықтау ғана қалып тұр. Нақтырақ айтқанда, алғашқы тайм біз үшін сәтсіз болды. Оң нәтижеге қол жеткізуге екінші таймда көрсеткен белсенділігіміз жеткіліксіз болды. Бірінші таймда алаңға үйреністік деп айта алмаймын. Ол екі команда үшін де бірдей болды. Бірақ мен неліктен біздің осындай ойын мәнерін таңдағанымызды түсінбеймін. Қысқа және орта деңгейдегі пастармен ойын көрсетуге тырыстық. Мұның соңы қақпамызға соғылған голға алып келді. Екінші таймда біз қалай ойнау керектігін түсіндік және футболшыларымыз қарсыласқа қысым көрсету арқылы өз күштеріне сенімді болды. Алайда допқа иелік ету әрдайым артықшылыққа жата бермейді. Бізге қорытынды соққы ғана емес, соңғы пас та жетіспеді. Оған асығыстығымыз бен алаң сапасы, ең бастысы біздің шеберлігіміз кінәлі. Біз дұрыс шешім шығарып, ойынды жақсартамыз деп ойлаймын", – деді Александр Седнев.
Сонымен қатар петропавлдық "Қызыл-Жар" Қазақстан Премьер-лигасының екінші турында қарағандылық "Шахтерға" есе жіберді. "Астана Аренада" өткен матч 0:1 есебімен аяқталды. Ойынның 81-минутында "Шахтердың" жас футболшысы Абылайхан Назымханов қарсылас қақпасынан саңылау тауып, командасына жеңіс сыйлады.
Қарағандылық "Шахтер" командасының бас бапкері Магомед Адиев ойынға қатысты пікір білдірді.
"Матч екі команда үшін де қиын болды. Бүгін ширақ, біз қалағандай әсерлі ойын болады деп күткенбіз. Матч алдында мен жігіттерге ойынның белгілі бір кезеңі болатынын, оған аздап шыдамдылық таныту керектігін айттым. Менің командам дұрыс жасады деп ойлаймын. Қарсыластың аймағынан қателік тауып, гол соқтық. Шым-шытырық ойынға қарамастан, жеңіске жетіп, нәтижеге қол жеткіздік. Гол соғатын мүмкіндіктерді пайдаланып, матч соңында қиналмауымыз керек еді", – деді Магомед Адиев.
Қазақстан Премьер-лигасының екінші турында "Ақсу" "Астананы" минималды есеппен жеңді. Павлодардағы Орталық стадионда өткен матч 1:0 есебімен аяқталды. Кездесудегі жалғыз әрі жеңісті голды 81-минутта алаңға қосалқы құрамнан шыққан "Ақсудың" шабуылшысы Мирас Тұрлыбек соқты. Осылайша павлодарлық клуб Премьер-лигадағы дебюттік жеңісіне қол жеткізді және турнирлік кестеде 4 ұпаймен әзірге көш бастап тұр.
"Ақсудың" бас бапкері Руслан Костышин "Астанамен" болған ойынға қатысты пікірін білдірді.
"Барлықтарын тартысты ойыннан кейінгі жеңіспен құттықтаймын. Мен Павлодарда жанкүйерлердің футболды жақсы көретінін және үлкен талап қоятынын сезіне алдым. Егер, осындай қолайсыз ауа-райында стадионға келсе, демек бұл олардың осы спортты қатты жақсы көретінінің дәлелі", – деді Руслан Костышин.
Ермұхамед Мәулен