"Тараз" таңқалдыруын тоқтатар емес

1475

Жергілікті футболшыларға сенім артатын жамбылдық команда жанкүйерлерін қуантып тастады. Бұл жолы олар легионерлерге қыруар қаржы төлейтін "Шахтерді" жеңді.

"Тараз" таңқалдыруын тоқтатар емес

"Тараз" өз алаңында "Шахтерді" қабылдағанымен, матчтың фавориті "Шахтер" болатын. Букмекерлік кеңселер солай шешім шығарды. Алайда жасыл алаңдағы іс-қимылдар мүлде бөлек өрбіді. "Астана" мен "Ақтөбе" секілді командалардан ұпай алып жүрген "Шахтер" өткен турда "Мақтааралдың" екі аяғын бір етікке тығып тұрып жеңді. Алайда намысы қайралып тұрған "Таразға" шамасы жетпеді. Нүркен Мәзбаевтың командасы екінші таймда жарқырап шыға келді. Ойынның бірінші бөлігінде іліп алар ештеңе орын алмады. Бауыржан Байтананың өкшемен берген ғаламат пасынан кейін шабуылшы Абылайхан Жұмабек есеп ашты. Қазақстан жастар құрамасында Шотландияға гол салған форвард ішкі біріншілктегі екінші голын салды. Ірі денелі шабуылшы мұнымен тоқтамай, даму үстіне дами береді деген пікірдеміз.

Бауыржан Байтана осы матчта гол салмады, бірақ бәрібір де ойынның үздігі атанды. Себебі ол тағы бір керемет пас шығарып, Әділет Кеңесбектің гол салуына мүмкіндік жасап берді. Осыған дейін ол үш мәрте ассистенттік жасаған, енді оған осы матчтағы тағы екеуін қосыңыз. Қазақстан біріншілігінде нәтижелі пас шығаратын ойыншылар қатарында ол жеке дара көш бастап тұр. Осындай ойыншының Қазақстан ұлттық құрамасына алынбай жүргені көпшілік жанкүйерді таңдандырады. Бәлкім маусым айындағы Ұлттар лигасының матчына шақырту алып та қалатын шығар. Ал матчтың 95 минутында айып алаңының ішінде Елдос Ахметов қолмен ойнап қойды. Пенальти. Айдос Тәттібаев мүлт кетпеді. Шабуылшы чемпионаттағы екінші голын салды. Ал соңғы секундтарда Михаил Габышев Әділет Кеңесбекті шынтақпен бір ұрып құлатты. Сол үшін төреші оған қызыл қағаз көрсетті. Есеп 2:1 "Тараздың" жеңісі. Осы үш ұпайдың арқасында жамбылдың командасы турнирлік кестенің 7-орнына көтерілді. "Ордабасы" командасының да еншісінде 8 ұпай болғанымен, олардың салған голдарының саны көбірек. "Тараз" болса 5 гол салып, қақпасына 5 гол жіберген. Енді жергілікті талантты ойыншылардан жасақталған "Тараз" 21 сәуір күні "Ақсу" командасына қонаққа барады.

6-турда сонымен қатар тағы бір матч ойналды. Жексенбі күніне белгіленген "Мақтаарал" - "Ақсу" кездесуі Түркістан қаласындағы стадионда ойналды. Себебі "Мақтааралдың" өзінің жеке стадионы жоқ. Өзге клубтардың стадионын паналап жүрген жайы бар. Десе де, Ферапонтовтың командасы бірінші мәрте жеңіске жетті. Негізі, ойынның басында Айбол Әбікен гол салып, "Ақсу" алға шықты. Бірақ бұрыштама кезінде молдовалық ойыншы Розгонюк таразы басын теңестірді. Сосын, қорғаушылардың қателігінен кейін Рамазан Кәрімов гол салып, "Мақтаралға" 3 ұпай сыйлады. Бұл жетісайлық команда үшін тарихи жеңіс болды. Өйткені олар осыған дейін Қазақстан премьер-лигасында өнер көрсетпеген еді.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу