"Тараз" "Тобылды" жеңе алмады

1607

Қазақстан чемпионатының 11-туры "Тараз" - "Тобыл" кездесуімен басталды. Медальға таласып жүрген "Тобыл" сүреңсіз ойнады. 

"Тараз" "Тобылды" жеңе алмады

Қостанай командасы "Тобыл" мұнша дәрменсіз болады деп кім ойлаған? Матч басталмас бұрын кездесудің анық фавориті болып тұрған "Тобыл" алаңға шығысымен титықтап қалды. Сәтсіздіктер сериясын жасап жүрген Сенин Себайға сенім арту қиын. Шабуылшы гол сала алмай жүргеніне біршама уақыт болды. Ортадағы грузиялық легионерлер бапкердің тапсырмасын орындай алмай жатты. Квеквескири мен Канкава қайта-қайта доптан айырылды. Бірлі-жарым шабуыл жасағанымен "Тараз" қақпашысы Мұхамеджан Сейсен ол шабуылдардан еш секем алмады. Қазақстан жастар құрамасының қақпашысы өте сенімді тұрды. 

Екінші таймда "Тараз" ұйқысынан оянғандай, ширақ қимылдап, алға қарай лап қойды. Кезінде "Ливерпульде" ойнаған Тони Сильва гол салатын екі мүмкіндікті мүлт жіберді. Турнирлік кестенің соңғы жағында жүрген жамбылдықтардың ойыны "Тобылға" қарағанда әдемірек көрінді. Әсіресе, Әлішер Сүлей қостанайлық қорғаушыларды кезек-кезек алдап, әбден мезісін шығарды. Қорғаныстағы Бекзат Шадмановтың ойыны да сүйсіндірді. Жас қорғаушы Қазақстан ұлттық құрамасына шақыртуға лайықты екенін байқатты. 

Матч фавориті "Тобылға" қарағанда "Тараздың" гол салатын мүмкіндіктері көп болды. Серж Ньюадзи мен Тони Сильваның шабуылдағы іс-әрекеттері "Тобылға" өте ауыр тиіп жатты. Кейіннен алмасып шыққан Братислав Пуношевац пен Бауыржан Тұрысбектер де қауіпті сәттер жасауға ұмтылды. Жалпы алғанда "Тараз" жеңіске лайықты еді. Тек команда қатарында Мақсат Әмірханов пен Горан Бркич екеуі жиі қателесті. 

Сонымен матч, 0-0 болып, тең аяқталды. Бұрыштамалар саны да 3-3 болып, тең түсті. Айтпақшы, екінші таймда алаңға алмасып енген Азат Нұрғалиев Қазақстан чемпионаттарындағы 426-матчына шығып, бұл көрсеткіш бойынша 4-орынға көтерілді. 

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу