"Тараз" үшінші орынға көтерілді

1905

Жергілікті жастардан құралған таланттардың командасын кім тоқтатады? Жамбылдың командасы осы турда "Ақтөбенің" екі аяғын бір етікке тықты.

"Тараз" үшінші орынға көтерілді

"Тараз" командасы "Ақтөбені" 3 доп айырмасымен жеңді. Нұркен Мәзбаевтың сенімін ақтаған Жақып Қожамберді есеп ашты. Сосын Абылайхан Жұмабек есепті еселеді. Ол "Ақтөбе" қорғаушыларын жас балаша алдады. Қақпашы Стас Покатилов жақын бұрышқа тебілген допты әдеттегідей тоса алған жоқ. Бауыржан Байтана ойнаған матчында асисстенттік жасамаса ұйқысы тыныш болмайды. Сондықтан ол бұрыштамадан пас көтерген соң Абылайхан Жұмабек тағы гол салды. Бұл голдан соң Владимир Мұқанов қызметінен кетті!

Қыруар қаржы жұмсамай-ақ, жергілікті жастарға сенім артса, бөлінген қаржыны қалтаға басып жемқорлық жасамаса клубтар дамымағанда қайтеді? Клуб директоры болып келген Жандос Ахметовтың жұмысы көзге көрініп тұр. Футболшылар жанын салып ойнап, жалақыларын уақытылы алады. Клуб ірі кәсіпорындармен келісімге отырып, жаңадан демеушілер тартылды. Түркиядан су жаңа футбол киімдері алынып, футбол орталығынан бастап 500-ге жуық жас жеткіншек жаңа футбол формасын алды. Игі бастамалардың барлығы ортақ нәтижеге кепіл екенін айтпасақ та түсініп отырған шығарсыздар.

Сонымен қатар Қазақстан футболын таңқалдырып тұрған тағы бір команда бар. Ол – "Ордабасы". Шымкенттің командасы Түркияға оқу-жаттығу жиынына да бара алмай, қаржы мәселесін кешеуілдетіп барып шешті. Бірақ Белорусь бапкері қызметінде қалып, сол Седневтің қолтаңбасы анық көрініп жатыр. Олар осы турда "Қайраттың" өзін 3:1 есеббімен жеңді. Қазір турнирлік кестенің екінші сатысында тұр.

Ал бірінші орында – "Каспий". Өткен турда "Астанадан" 4:0 жеңілген ақтаулық команда осы турда қарағандылық "Шахтерді" 4:0 қылып жеңді. Бірінің артынан бірін голды топырлатқан маңғыстаулықтар көш басындағы орнын сақтап қалды. Ал чемпионаттың нағыз мықтылары "Тобыл" мен "Астана" кеше бір-бірімен тең түскен еді. Енді олардың келесі турдағы ойындары өте маңызды рөл ойнайтын болады. Ақтаулық команданың бірінші орында қанша уақыт сақтап тұрары сол ұжымдарға байланысты.

Сөз соңында "Тұран" мен "Атыраудың" тең түскенін айта кетейік. Жас маман Қуаныш Қабдолловты кезінде қызметінен босатқан "Атырау" әкімдігі қазір сол қателіктерін түсінгендей. Себебі Қабдоллов келгелі бері "Тұран" жеңіліп көрген жоқ. Екі ойын тең, бір жеңіс тіркелді. Енді алдағы уақытта "Тұран" одан әрі дамып, жоғарғы орындарға қол соза бастауы да мүмкін. Себебі түркістандық команданың ойыны енді ретке келгені байқалады.

"Қызылжар" мен "Мақтааралдың" ойыны да тең аяқталды. Турнирлік кестенің түбінде жүрген аутсайдерлер деңгейлеріне сәйкес тең ойнап шықты. Есеп 1:1. Жетісайлық команда жеңіп тұрған еді, 96 минутта гол жіберіп алды. Валерий Каршакевич Карповичтің командасын жеңілістен аман сақтап қалды.

Енді 9-тур ойындары 1-2 мамыр күндері өтеді.

Ермұхамед Мәулен 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу