Таразда нан бағасы тағы қымбаттады

2932

Тараз қаласында нан бағасы тағы қымбаттады. Осыған дейін 70 теңгеден сатылып келген бөлке нан енді 75 теңгеден сатылуда.

Таразда нан бағасы тағы қымбаттады

Мамандардың сөзіне қарағанда, бағаның көтерілуіне былтырғы жылдың соңында солтүстіктегі бидай құнының 55 теңгеден 75 теңгеге, бірінші сұрыпты ұнның 68 теңгеден 98 теңгеге дейін көтерілуі негіз болған.

"Инфляциялық үдерістерді тежеу мақсатында биылғы 5 наурыздан бастап тұрақтандыру қорынан 94 теңгеден алынған 4 314 тонна ұнның келісі наубайханаларға 85 теңгеден сатылып, бөлке нанның бағасы 70 теңге көлемінде тұрақталған болатын. Ол үшін қажетті ұн көлемінің баға айырмасын өтеуге тұрақтандыру қорынан 38,8 млн теңге қаржы жұмсалды. Жамбыл облысында астық ору науқаны жүріп жатқанымен, орылған бидайдың көлемі нарықтағы бидай бағасын төмендетуге әсер етпейді, бірақ баға тұрақтылығын қамтамасыз етеді", – деді Жамбыл облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы азық-түлік мониторингі бөлімінің басшысы Марс Сейдібаев.

Жергілікті әкімдік өкілі ас атасының ендігі жоғары құны 75 теңгеден аспайтынын мәлімдеді. Сондай-ақ, облыстағы нанның орташа бағасы республика бойынша ең төменгі деңгейде екен. Ал республикалық орташа баға 83 теңгені құрайды. Бұл ретте тұрақтандыру қорындағы 686 мың бөлке нан 55 теңгеден әлеуметтік дүңгіршектер, коммуналдық базарлар және ірі сауда орындары арқылы "Корзина", "Смолл", "Нұрислам", "Дәмдес",  "Гаухар" дүкендеріне тұрақты өткерілмек.

Айта кетейік, Тараз қаласындағы "Ассорти", "Кристалл", "Нұрислам", "Акбар" сауда орындарында бөлкелерді 50-65 теңгеден тарату науқаны жалғаса береді.

Еске сала кетейік, өткен жылдың соңында Тараз қаласындағы сауда нүктелерінде бір бөлке нанның бағасы 75 теңгеге дейін көтерілген. Алайда  кәсіпкерлермен кездескен облыс билігі бағаны тұрақтандырып, оны 60-65 теңге көлемінде қалдырған болатын. Сонымен қатар бұған дейін Тараз қаласындағы нан бағасы еліміздегі ең арзан баға саналатын.

Әсел Мұратбекқызы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу