Аудан орталығы Ақжарда бір аптадан бері бензин болмаған. Тұрғындар алыс-жақын ауыл-аудандарға қатынайтын көліктердің қаңтарылып тұрғанын айтуда.
Аудан тұрғыны Жарас Тұрысбеков жанармай бекеттеріне бірнеше күн қатарынан барған. Бірақ бензин жоқ. Шарасы таусылған ол жағдайды видеоға түсіріп, өзінің фейсбук парақшасына жүктеген.
Мәселенің мән-жайын білу үшін видео авторына хабарласып көрдік.
- Соңғы бір апта болды Ақжарда бензин жоқ. Жылда осылай кәсіпкерлер бірнеше күн бензин сатпай халықты зарлатып, бағаны көтеріп алады. Ақыры шарасыз аласың. Жақын маңнан ала қоятындай жер жоқ. Осы жылдың қаңтар айында тағы жанармай бойынша дабыл қаққанбыз. Баға 200 теңгеден асып кетті. Сол кезде әкімдіктегілер келіп, алты айға дейін қымбаттамайтынын айтты. Бірақ үш айдан кейін баға тағы шарықтады, - дейді Ақжар ауылының тұрғыны Жарас Тұрысбеков.
Оның сөзінше, ауданда 1 литр бензиннің бағасы 210 теңге екен.
- Қазір Ақжардағы үш жанармай бекеті бар. Ешқайсысы бензин сатпай отыр. Бағаны тағы көтеруді көздейді. Көліктер тізіліп тұр. Арасында бір тоннадан ғана там-тұмдап береді. Ал аудан орталығында 7 мың халық бар. Қайсысына жетеді? Сырттан келіп-кетер басқа көлікті айтпағанда. Бұл әдейі істеліп отыр. Ауыл-ауылдың арасына қатынаудан қалдық. Кейбірі 100 шақырым жердегі Боғасқа барып бензин құяды, - дейді Жарас Тұрысбеков.
Көлік жүргізушілерінің сөзіне сүйенсек, Ақжарда жанармай жоқ кезде, Боғастағы май құю бекеті әр көлікке 20-30 литрден артық бензин бермейді екен. Ал аудан орталығынан 100-150 шақымымдық ауылдар бар. Олардың Боғасқа жетуі қиямет көрінеді.
Тұрғындар көршілес Зайсан ауданында 1 литр бензинның бағасы 182 теңге екенін айтады. Ал шекара шебінде орналасқан Тарбағатай ауданында бензиннің "жоқ" болып қалатыны дағдыға айналып бара жатқандай. Бұлай деуге себеп те бар. Ақжарлықтар қаңтар айында жанармай жоқ деп бір шуласа, 2021 жылдың сәуір айында тағы дабыл қаққан болатын.
Аталған жағдайды Тарбағатай аудандық әкімдігі растап отыр. Аудандық кәсіпкерлік бөлімі мәселенің бірнеше күнде шешілетіндігін айтты.
- Ауданымызда үш жанармай бекеті бар. Екеуінде бензин таусылып қалды. Қазір Ақжар ауылы бойынша бір, Тұғыл ауылы бойынша бір жанармай құю станциясы істеп тұр. Мәселенің туындауына жанармай бекеттеріне бензинның кешіктіріліп жеткізілуі себеп болып отыр. Баға өзгермейді. Алдағы уақытта бұндай мәселе қайталанбайды, - дейді Тарбағатай аудандық кәсіпкерлік бөлімінің бас маманы Ілияс Серікұлы.
Кәсіпкерлік бөлімі бағаның тұрақты болатынын айтқанымен, жанармай құю станцияларының бірінің иесі бензин бағасы өседі деп жорамалдайтынын айтады.
- Cтанциямда бензин таусылғанына бір апта болды. Ал көрші станцияда бүгін сағат 11-де таусылған екен. Бензинді Павлодардан алдырамыз. Яғни, ондағы зауыттың өзінен емес, ортада тағы бір компания бар, солар жеткізіп береді. Олардан вагонмен ала алатындар ғана жанармай алады. Біз бензин тапшылығының себебі неде екенін өзімізге жеткізетіндерден сұрап жатырмыз. Олар бағаға қатысты болуы мүмкін дегенді айтады. Жалпы, расымен, қымбаттайтын кезде ылғи осындай жағдай болады. Бізге бензин жоқ екенін айтып бірнеше күн бермейді, артынан "бензин бар, бірақ енді бағасы мынанша болады, аласыздар ма?" деп хабарласады, - деді кәсіпкер Әсел Батырғалиқызы.
Айта кетейік, Тарбағатай тұрғындары Ақжарда "ҚазМұнайГаз", Qazaq Oil сынды ірі жанармай құю желілерінің бекетін ашуды көптен бері сұрап келеді. Себебі аудан көршілес Қытай елімен шекаралас жатыр. Оның үстіне облыс орталығынан 400 шақырымдай шалғайда орналасқан. Ресми деректерге сүйенсек ауданда 20 мыңға жуық халық бар.