Тәрбие сағатын әлеуметтік желіге салу үшін ғана өткізетін мұғалімдер бар

Қызылорадада жұмысынан босатылған және сөгіс алған директор, тәрбие орынбасарлары бар. 

Тәрбие сағатын әлеуметтік желіге салу үшін ғана өткізетін мұғалімдер бар Фото: canva.com

Тәрбие сағатын әлеуметтік желіге жүктеу үшін ғана өткізетін сынып жетекшілері де кездеседі, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі. 

Білім саласындағы айтуға ауыз бармайтын соңғы жаңалықтардан соң Қызылорда облыстық білім басқармасының басшысы Асқарбек Есжанов БАҚ өкілдерімен кездесіп, бірқатар мәселе барын ашық айтты. 

- Қазір арнайы "Жол картасын" әзірледік. Сондықтан, барлық мектепті зерделеп шығатын боламыз. Басқарма жанынан құрылып жатқан түрлі орталық осы білім беру ұйымдарына тексеріс жасап, олардың жұмысын бақылайтын негізгі топ боп саналады. Енді тәрбие саласы бойынша болған олқы жағдайларды өздеріңіз де білесіздер. Өкінішті жағдай, әрине. Баланың орны қайтып келмейді. Сондықтан біз қатал шешімге барып жатырмыз. Қоғам пікірі де екіге бөлінді. Мектеп директоры мен тәрбие ісі жөніндегі орынбасарын жұмысынан босаттық. Мұны құптамағандар да болды. Біз қаншама баланың тағдырынан бір директордың тағдырын артық қоймаймыз.

Білімдегі тәрбиенің ақсап тұрғанына бірінші кезекте тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлардың психологтармен, әлеуметтік педагогтермен, ата-анамен бірізді байланыстың жоқтығынан болып жатыр. Әрине, көпке топырақ шашудан аулақпыз. Сынып жетекшілері тәрбие сағаттарын әлеуметтік желіге жүктеу үшін ғана өткізеді. Баламен тікелей байланыс жоқ, ата-анамен де байланыстың жүйелілігі шамалы. Бірінші кезекте ұстаздан талап етіп отырғанымыз – баланың тәрбиесімен тікелей ұстаз айналысуы керек, - деді ол.

Сондай-ақ, Асқарбек Темірбекұлы "Мен Қожаның шырағын жаға алмадым" деп бармақ тістеген Рахманов ағайдың сөзін бүгінде көп педагогтың айта алмайтынына қынжылады. Сөз арасында ұстаздардың әлеуметтік жағдайы үшін бірнеше жерде жұмыс істейтінін де жеткізді. 

- Біздің ұстаздарымыз екі жақта жұмыс істейді, басқа да білім беру орталықтарында педагогтық қызмет атқарады, репетитор болады, әрине, олардың әлеуметтік жағдайының жақсы болғаны дұрыс, бірақ ұстаздық жауапкершілік деген болуы керек қой. Сіздер де жақсы білетін Рахманов ағайдың феномені әрбір ұстаздың ұстанымы болуы керек. Сол Рахманов ағай "мен Қожаның шырағын жаға алмадым" деп өзін кінәлі сезінеді. Қазір өзін кінәлі сезінетін ұстаз бар ма? Бәрі өзін сүттен – ақ, судан – таза ұстағысы келеді. Мектебінде олқылық болып жатқанын ұстаз білсе, ол дабыл қағып ата-анаға айтуы керек. Болмаса, директорға айтуы керек. Олар да, мектеп директорлары да көп жағдайда фактілерді жасырғысы келеді. Қазақ айтады ғой "ауруын жасырған өледі" деп. Мектеп директорларын жұмыстан босатқанымызбен, оны ұстаз деген атынан айырған жоқпыз. Олардың кез келгені ұстаз бола алады, - деді Сырдың бас ұстазы. 

Еске салайық, бұған дейін елімізге белгілі психолог баламен жұмыс істеуде логикалық басы бар, аяғы бар жоба керек екенін айтқан болатын.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу