Тәрбиешіден құрт ауруы анықталған балабақшада ата-аналар шу көтерді

3092

Бүгінде балабақшадағы тәрбиешінің сырқаты туралы құпияны ата-аналарға айтып қойған дәрігер жұмысынан қуылды.

Тәрбиешіден құрт ауруы анықталған балабақшада ата-аналар шу көтерді

Қарағанды қаласындағы "Толағай" балабақшасынан шу шықты. Мұндағы тәрбиешінің бірі туберкулез сырқатын жұқтырғанын ата-аналар естіп, дүрліккен. Бұл ақпаратты емханада жұмыс жасайтын ата-ананың бірі таратыпты. Осыдан кейін ата-аналардың кейбірі жұмыстан қалса да, балаларын бақшаға жібермей қойған. Балалары үшін алаңдаған олар "қызметкердің сырқаты жөнінде неге ескертілмеді" деп балабақша меңгерушісіне наразы.

"Ертерек білгенімде баламды балабақшаға уақытша жібермей қоя тұратын едім. Мекемеде бәрі анықталып, сақтық шаралары жасалғанша, келмеу керек еді. Балабақша басшылығының бұл жайт туралы айтпай, жасырын ұстағандарын түсіне алмаймын",  – деп қынжылады ата ананың бірі Неля Семушева.

Ал "Толағай" балабақшасының басшысы "тәрбиеші дер кезінде дәрігерге қаралды, мекемеде залалсыздандыру жұмыстары жүргізілді" деп алаңдаған жұртты сабырға шақырды.

Денсаулық саласы мамандарының осы оқиғаға қатысты мәліметіне зер салсақ, тәрбиеші 13 желтоқсанда жөтел қысып, сырқаттанған соң өзі емханаға барып қаралған. Мұнда оның құрт ауруға шалдыққаны анықталып, туберкулезге қарсы диспансерге жатқызылған. Тәрбиеші өткен жылдың мамырында жоспарлы түрде флюорографиялық тексеруден өтіпті. Сол кезде өкпесінде ешқандай дерт білінбегендіктен, алаңсыз жұмыс істей берген.

"Қазіргі уақытта тәрбиеші туберкулезге қарсы диспансерде тиісті ем алып жатыр. Бірнеше ай бойы ем қабылдайды. Ол дәрігерге қаралған бойда бірден жұмысқа уақытша жарамсыздық парағын ашқызып, жұмысқа шықпаған, сол себепті балаларға жұқтырған жоқ деп үміттенеміз", – деп мәлімдеді облыстық туберкулезге қарсы диспансердің директоры Қалдыбек Исмаилов.

Тәрбиеші жұмыс істеген топтағы 30 баланың денсаулығын тексеру үшін манту сынамасы алынған. 25 балада сырқаттың паталогиясы анықталмаған, ал бес балаға қатысты сынама қорытындысы алдағы күндері шығады. Сонымен қатар сырқаттың негізгі ошақтарының бірі ретінде тәрбиешінің отбасы мүшелері де тексеріліп, олардан анықталмапты. Ал бүгінгі күні тәрбиеші қаралған емханада күндізгі стационар операторы жұмысын атқарып жүрген медициналық қызметкер жұмыстан шығарылған. Баласы аталмыш балабақшаға барып жүрген ол, өзге ата-аналарға тәрбиешінің құрт ауруына шалдыққаны туралы мәліметті таратып жіберген.

"Аталмыш медициналық қызметкер емхананың күндізгі стационарының операторы болып қызмет атқарды. Арнайы ережеге сәйкес ол медициналық құпияны сақтауы керек еді. Ондай мәліметті таратуға болмайтынын біле тұрып ақпаратты таратқаны үшін заң бабы бойынша жұмыстан босатылды",  – деп мәлімдеді облыстық  денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Айжан Иса.

Арайлым Еркебаева

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу