Шығыс Қазақстан облысының Зырян қаласында тариф үшін текетірес басталды. Қаланы жылумен, сумен қамтып отырған "ЗМЭП" мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны алдағы бес жылға жаңа тариф бекітуді ұсынды.
"Алғашқы жылы ыстық су мен суық судың бағасы шамамен 20%-ға қымбаттауы мүмкін. Ал 2023 жылға қарай тариф құны қазіргі бағадан 60%-ға дейін өседі", – делінген компанияның хабарламасында
"Біз тарифті көтеру керектігін жақсы түсінеміз. Бірақ оның мөлшері ақылға қонымды болу керек деп ойлаймын. Табиғи монополияны реттеуге жауапты қызметтер ең әуелі энергия мен көмірдің бағасын тежеп ұстауы тиіс. Оларды бетімен жіберген соң артынан коммуналдық қызмет те өседі. Жылда қайталанатын жағдай осы", – деді аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Элла Гейгер.
"ЗМЭП" МКК-нің электр қуатын беруші компания алдындағы 35 млн теңге қарызы да жағдайды ушықтырып тұр. Құбырлардың ескіріп, бұрынғы "Водоканал" мекемесінен қомақты қарыз"мұраға" қалғанын желеу еткен кәсіпорын тарифті қайта бекітпесе болмайды деген ұстанымынан бас тартар емес.
"Биыл электр қуаты екі теңгеге қымбаттады. Ол да қалтамызға салмақ салып тұр. Хлордың да бағасы тоқтаусыз өсіп жатыр. Жанармайдың да құны шарықтап кетті. Салдарынан көмір әкелу, күл шығару сияқты жұмыстардың шығыны ұлғайды. Суық түсе салысымен жер үйге жалғанған су құбырлары жарылады. Оның барлығын жазда қайта қопарып, жаңарту қажет. Тарифті көтермесек, аталмыш жұмыстарға қаржы таба алмаймыз", – деді кәсіпорын директоры Алексей Леонов.
Коммуналдық мекеме жылу тарифін тұрғындар үшін 15%-ға, заңды тұлғалар үшін 37%-ға, су бағасын жеке тұлғалар үшін 14,9%-ға, заңды тұлғалар үшін 61,3%-ға көтеруді ұсынып отыр.
Зырян ауданының әкімі Нұржан Тоқсейітов бұл шартты орындау мүмкін емес екенін айтады.
"ЗМЭП" мекемесі біздің аудан үшін стратегиялық кәсіпорын. Сондықтан "Нұрлы жол" бағдарламасы аясында инфрақұрылым желісін жаңартуға көмектесіп отырмыз. Әлі күнге дейін ешкімнің иелігіне жатпайтын желілер бар. Солардың кесірінен судың 37%-ы далаға кетіп жатыр. Осы сияқты мәселелерді шешуге көмектесеміз. Күл шығару, көмір әкелу сияқты шаруаларға көлік пен жанармай бөлуге болады. Ол үшін коммуналдық мекеме тариф жоспарын бізбен келісе отырып бекітуі керек. Біз кәріз бен жылу жүйесін бір мекемеге біріктіргенде ең әуелі халықтың игілігіне жұмыс істесін деген ойда болдық. Қаланың коммуналдық мәселесін халықтың қалтасынан шешу мүмкін емес", – деді НұржанТоқсейітов.
Лауазымды тұлғаның ұстанымын табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестік пен тұтынушылардың құқығын қорғау департаменті де қолдап отыр. Департамент басшысы Қайрат Оразбаев кез келген тариф бағамы инфляция деңгейінен аспауы тиіс екенін алға тартты.
"Бұл "ЗМЭП" басшылығының қалауы ғана. Тарифтің күрт өсуіне жол бермейміз. Оны бекітудің өз тәртібі бар. Ең көп дегенде 7-8%-ға өсуі мүмкін. Одан артса, тұрғындардың қарызы күрт көбейеді. Бұл мәселе бойынша арнайы комиссия құрып, жан-жақты зерделеу қажет", – деді Қайрат Оразбаев.
Есімжан Нақтыбайұлы, Өскемен