Тарифті арзандатуға жол бермеген шенеунік сотталды

3900

Қарағанды облысы тұрғындарының 1 млрд 763 млн теңгені монополистке артық төлегені үшін табиғи монополияларды реттеу агенттігінің облыстық департаменті бастығының орынбасары істі болды.

Тарифті арзандатуға жол бермеген шенеунік сотталды

Қарағанды облыстық прокуратурасы тексеріс барысында табиғи монополияларды реттеу агенттігі департаментіндегі былықтың бетін ашты. Тексеріс кезінде белгілі болғандай, 2015-2017 жылдар аралығында облыстағы жиырма шақты коммуналдық кәсіпорынның тарифте көрсетілген шығындары шын мәнісінде аз болып шыққан. Яғни монополистердің біреуі жұмыс барысында жанар-жағармайға қаражат үнемдесе, екінші бірі банк қызметіне төленетін немесе құрылғыларды жөндеуге кететін шығыстарды азайтқан. Шығындарды осылайша үнемдеу сметалық құжатпен салыстырғанда 5 пайызға көп болған. Негізінде коммуналдық кәсіпорындар яғни монополистер шығыстарды үнемдеген кезде табиғи монополияны реттеу агенттігі департаментінің мамандары уақытша өтелетін тарифті енгізеді. Ал монополист өз кезегінде қайта есептеу жүргізіп, қаражаттың бір бөлігін тұтынушыларға қайтаруға тиіс. Алайда тұтынушылар төлеген артық төлем қайтарылмаған. Прокурорлар монополияға қарсы орган шенеуніктері өздеріне пайда келтіру үшін бұл жайтты жұрттан жасырды деп есептейді.

Осылайша, қызмет барысында осындай олқылыққа жол берген ҚР табиғи монополияларды реттеу агенттігі департаменті бастығының орынбасары Кеңесбай Қозғанбаев қамауға алынған болатын.

"Кеңесбай Ғазизұлы Қозғанбаев ҚР ҚК 361 бабы 4 бөлігі 3 тармағы бойынша қылмыстық құқық бұзушылық жасады. Ол өзінің лауазымын пайдалана отырып, өзіне пайданың келуін ойластырды. Бұл әрекеті мемлекетке және қоғамға кесірін тигізді", – деп мәлімдеді сот барысында облыстық прокуратура прокуроры Әділбек Мақашев.

Сот барысында айыпталушы шенеуніктің қорғаушысы "Кеңесбай Қозғанбаевтың бұрын сотталмағаны, жұмыста және басқа ортада жақсы мінездеме алуы, әрі өз кінәсін мойындап өкінетіндігін сот назарға алса" деген пікірін білдірді.

Дегенмен тергеу-тексеру барысында құзырлы орган өкілдері шенеуніктің пара алғандығын көрсететін айғақты таппаған. Ал Кеңесбай Қозғанбаев қамауға алынғанына қарамастан жұмыстан шығарылмаған. Соңғы сот отырысында шенеунік өз айыбын толық мойындап, прокурормен процессуалдық келісімге келді.

Ақыр соңында сот шешімімен Кеңесбай Қозғанбаевқа үш жарым жыл бостандығын шектеу жазасы тағайындалды және мемлекеттік қызметте жұмыс жасау құқығынан айрылды. Дегенмен қызметіне адалдығын сақтай алмаған шенеунік сот залынан бостандыққа шықты.

Арайлым Еркебаева

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу