Ұлттық экономика министрлігі статистика комитетінің мәліметінше, 2019 жылдың бірінші тоқсанының қорытындысында республика бойынша электр энергиясын өндіру көлемі өткен жылдың бірінші тоқсанымен салыстырғанда 4,6% азайып, 28,1 млрд кВт/сағатты құрады. Өз кезегінде электр қуатын өндіру, бөлу мен тарату құны былтырғы осы уақыттағыдан 13,9% арзандап, 286,2 млрд теңгеге түсті.
Қазақстанның электр энергиясы мен қуат нарығы операторының (ҚЭҚНО) мәліметінше, жыл басындағы екі айда электр энергиясын тұтыну көрсеткіші республика бойынша былтырғы сәйкес уақытпен салыстырғанда 1,3% ұлғайып, 18,9 млрд кВт/сағатқа жеткен.
Биылғы жылдың қаңтар-ақпан айларында электр энергиясының өндірісі өткен жылдың алғашқы екі айымен салыстырғанда 4% төмендеп, 19 млрд кВт/cағатты құрады. Өндірілген энергияның жартысынан көбі, 40,2%-ы Павлодар облысына, 13,7%-ы Қарағанды облысына тиесілі болды.
Жалпы, қазіргі таңда республика бойынша 138 электр станциясы электр қуатын шығарады. Биыл жыл басындағы мәлімет бойынша, осылардың жалпы қуаттылығы 21901,9 МВт-қа жетіп отыр. Соның ішінде электр қуатының 92%-ы жылу және газ трубина электр станцияларына тиесілі болса, тағы 7,2%-ы су электр станцияларына және 0,7%-ы жаңартылмалы қуат көздерінен алынып отыр.
Жылу электр станцияларының ішінде көтерме нарықта "Екібастұз МАЭС-2", "ЕЭК" АҚ және "Екібастұз МАЭС-2 станциясы" АҚ өндіреді.
Айта кетейік, былтыр жыл басында Нұрсұлтан Назарбаев табиғи монополистерге бағаны төмендетуді тапсырды. Нәтижесінде жыл басынан бері тарифтер едәуір арзандады. Осы орайда, кей деректерде электр қуаты өндірісінің төмендеп, керісінше тұтыну көлемінің артқаны байқалады. Осы орайда, нарық ойыншылары алдағы уақытта нарықта электр қуатының тапшылығы орын алуы мүмкін екенін ескертіп отыр.
Мәселен былтыр жыл басындағы екі айда республика бойынша 19,6 млрд Квт/сағат электр қуаты өндіріліп, соның 18,6 млрд Квт/сағаты тұтынылса, биыл екі айда өндірілген 18,8 млрд Квт/сағат электр қуатының тұтынылған көлемі 18,9 млрд Квт/сағатты құрап, дефицит 1 млрд Квт/сағатқа жеткен. Яғни қазірдің өзінде нарықта дефицит орнай бастаған.
Бауыржан Мұқан