Париж Олимпиадасында Елдос Сметовтың тарихи жеңісінен кейін әлеуметтік желіде ерекше фотоколлаж тарады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Коллажда 1980 жылғы Олимпиада ойындардың трансляциясынан алынған кадрлар мен 2024 жылғы, яғни Париж Олимпиадасының марапаттау рәсімі қатар көрсетілген.
⠀
Бірінші суретте Қазақстанның аты аңызға айналған классикалық балуаны Жақсылық Үшкемпіров, екіншісінде 44 жылдан кейін ұлттық құраманың жаңа жұлдызы Елдос Сметов бейнеленген.
Бір қызығы, осыдан 8 жыл бұрын Жақсылық Үшкемпіров "Астана ақшамы" газетіне берген сұхбатында да осыны меңзейді.
"Менің жолымды Елдос Сметов басады. Менен кейін күрестен Олимпиада алтынын алатын қазақ сол болады", - деген екен.
"Тарих қайталанды" десек артық болмас.
Желі қолданушылары, мұны ерекше мистикаға балап, тіпті Жақсылық Үшкемпіров пен Елдос Сметовтың тұрысы, киген киімдерін ұқсатып жатыр.
Елдос Сметов те жеңістен кейінгі сұхбатында Жақсылық Үшкемпіровтің арманы орындалғанын айтты.
"Мүмкін емес нәрсе жоқ. Соған көзім жетті. Егер ниет болса, бәрін де жеңуге болады. Бәрі де қолдан келеді екен. Жақсылық Үшкемпіров атамыздың арманы орындалып, жекпе-жек түрлерінен қазақтан Олимпиада чемпионы шықты. Өте қуаныштымын! Өзімнің үшінші мүмкіндігімде чемпион атандым. Бұған дейін күмісті де, қоланы да алдым. Әлем чемпионы атандым. Халқымды қуантудан артық бақыт жоқ", - деді Сметов.