Тарихи финал! Елена әлемнің екінші ракеткасын жеңе ала ма?

691

Бүгін наурыздың 19-нан 20-на қараған түні 2:00-де еліміздің бірінші ракеткасы Елена Рыбакина WTA-1000 турнирінде Беларусь өкілі Арина Соболенкомен кездеседі.

Тарихи финал! Елена әлемнің екінші ракеткасын жеңе ала ма?

Қарсыластар биылдың өзінде қаңтар айында Аустралия ашық чемпионатының (Australian Open) финалында кездескен болатын. Одан кейін Рыбакина бірінші сетті 6:4 алғанымен, ойын соңында 3:6, 4:6 есебімен жеңіліп қалды.

Биылғы Индиан Уэллс турнирінің жүлде қоры 8 800 000 долларды құрайды. Жеңімпаз 1 262 220 доллармен қатар 1 000 рейтингтік ұпайға ие болады. Рыбакина жартылай финалдағы жеңісінен кейін әлемдік рейтингтегі жағдайын жақсартты. Ол WTA рейтингінде оныншы орыннан сегізінші орынға көтерілді. Егер финалда жеңіске жетсе, басқа теннисшілердің өнеріне қарамастан, ол әлемнің жаңа жетінші ракеткасы болмақ. Елена бұған дейін ешқашан оныншы қатардан жоғары көтерілмеген.

Естеріңізге сала кетейік, қазақстандық теннисші Индиан-Уэллс қаласында өтіп жатқан WTA-1000 турнирінің жартылай финалында польшалық Ига Швентекті жеңген болатын. Осы орайда ол әлемнің бірінші ракеткасына қарсы өткен матчқа қатысты пікір білдірді.

"Мен соншалықты жақсы ойнаймын деп ойламадым. Өйткені кеше менде өте қиын матч болды. Бүгін жоғалтатын ештеңем болмады. Жәй ғана кортқа шығып, ойыннан ләззат алғым келді. Расымен де солай болды. Ига - өте қиын қарсылас. Бірақ мен өте жақсы ойнап, соққы қайтарғанда, оған тіпті қиын. Ең жоғарғы деңгейде өнер көрсеттім. Ал мұндай сәттерде мен кез келген адамды жеңе алатынымды сезінемін. Дегенмен әр матчта өзіңді керемет сезініп, тамаша ойнай алмайсың. Ойынның нәтижесіне көңілім толады. Финалда да солай ойнаймын деп үміттенемін", - деді Рыбакина жеңістен кейін.

Ал Ига турнир кезінде қабырғасы ауырғанын айтты.

"Өте ауыр матч. Мен барымды салдым. Бірақ Елена бүгін мықтырақ болды. Өкінішке орай, қабырғаларымда ыңғайсыздық пен ауырсынуды сезініп тұрмын және мен үшін өзімнің жоғары деңгейімде сынға түсу қиын болды. Дәл қазір мен тек медициналық командаммен кеңесуім керек және қайта қалпыма келуге тырысамын", - деді әлемнің бірінші ракеткасы.

OptaAce Twitter аккаунтының хабарлауынша, дәл осындай қарсыластардың Australian Open финалында және Индиан-Уэллстегі турнирде кездескен жағдай екі рет қана орын алған. 2000 жылы Линсдей Дэвенпорт пен Мартина Хингис екі финалда да ойнаса, 2012 жылы Мария Шарапова және Виктория Азаренко кездескен. Осылайша, Рыбакина мен Соболенко осы екі турнирде де шешуші матчтарда кездесетін бір ғасырдағы үшінші ойыншы болмақ.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу