"Синьхуа" ұлттық агенттігінің жазуынша, 2014 жылы құрылған база содан бері 8 мыңнан астам жүк пойызын қабылдаған, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Дүйсенбіде автокөлік бөлшектері тиелген халықаралық жүк пойызы Қытай – Қазақстан логистикалық базасынан Өзбекстандағы Аблық теміржол стансасына жолға шыққан еді. Бұл рейс аталған база іске қосылғаннан бергі 8 мыңыншы жүк пойызы болып, тарих қойнауына енді.

Нанкин кедені биылғы бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша осы базадан және кері бағытта жөнелтілген Қытай – Еуропа/Азия жүк пойыздарының жалпы саны 485-ке жеткенін мәлім етті. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 3,8 пайызға көп. Атап айтқанда, биыл маусым айында бұл көрсеткіш алғаш рет 100-ден асты.
Ляньюньган портындағы Қытай – Қазақстан логистикалық базасы 2014 жылғы 19 мамырда ресми түрде пайдалануға берілген болатын. Ол Қытай мен Қазақстан арасындағы "Бір белдеу, бір жол" бастамасы аясындағы нақты жобалардың бірі әрі жаңа Еуразиялық трансконтиненттік көпірдің шығыс бастапқы нүктесіндегі маңызды халықаралық логистикалық хаб саналады.
2025 жылдың қорытындысы бойынша база қызмет көрсеткен Қытай – Еуропа/Азия бағытындағы 915 жүк пойызы жалпы саны 75 030 стандартты контейнер тасымалдады. Ал база арқылы өткен жалпы жүк айналымы 5,1597 миллион тоннаға жеткен. Демек, өткен жылмен салыстырғанда 13,74 пайызға артып отыр.