Тас жолдағы велоспорттан ерлер арасындағы топтық жарыста отандасымыз Алексей Луценко мәре сызығын бірінші болып кесті. Оның уақыт көрсеткіші 4 сағат, 13 минут, 11 секундты құрады, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Бұл – тәжірибелі велошабандоз Алексей үшін Аичи-Нагоя 2026 ойындарындағы 2-алтын медаль. Ол бәсекенің алғашқы күні жекелей сында жеңіске жеткен.
Қазақстан велоспорт мектебінің жарқын өкілі кәсіби карьерасында көптеген жетістікке қол жеткізді. Бұл қатарда 2012 және 2013 жылғы жастар арасындағы (U23) әлем чемпионатының қос алтыны бар. Париж-Ницца және Вуэльта Испания сынды жарыстардың кезеңінде жеңіске жеткен.
Тарихи нәтижеге шолу:
Бүгін Алексей Луценко жазғы Азия ойындарындағы алтын жүлдесінің санын 6-ға жеткізді. Енді ол бәсеке тарихында ең көп чемпион атанған отандасымыз.
- Инчхон 2014 – 1 алтын
- Джакарта 2018 – 2 алтын
- Ханчжоу 2022 – 1 алтын, 1 күміс
- Аичи-Нагоя 2026 – 2 алтын
Айта кетейік, Луценко Азия ойындарындағы топтық жарыста бұған дейін 2018 жылы да чемпион атанған.
Ерлер арасындағы топтық жарыстың қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасы бірден екі жүлдеге ие болды – Алексей Луценко алтын, Евгений Федоров күміс медаль жеңіп алды.
Осыған дейін көш басында Хиросима мен Бангкоктағы Азиадаға қатысып, 5 алтын медаль жеңіп алған Константин Негодяев (каноэде ескек есу) тұрды.
Жалпы XX жазғы Азия ойындары 4 қазанға дейін жалғасады. Қазақстан Ұлттық құрамасының сапында 558 спортшысы қатысып жатыр. Олар жарыс бағдарламасындағы 35 спорт түрінен жүлдеге таласады.