Тарихи жеңіс. Үш командамыз Конференция лигасының үшінші кезеңіне өтті

1509

Қазақстандық клубтардың үшеуі де Конференция лигасының екінші іріктеу кезеңінен сүрінбей өтті. Бұл үшін үш командаға да экстра-тайм қажет болды.

Тарихи жеңіс. Үш командамыз Конференция лигасының үшінші кезеңіне өтті

"Тобыл" Конференция лигасының екінші іріктеу кезеңінде хорватиялық "Хайдук" клубын еш қиындықсыз жеңді. Матч Қостанайдағы Орталық стадионда өтіп, 4:1 есебімен аяқталды.

Қос команда бірінші таймда гол соға алмады. Ал екінші тайм бастала салысымен алаң иелері шабуылды үдетті. Осындай шабуылдардың бірінде Душан Йованчич айып алаңының сыртынан соққы бағыттаған еді. Доп қорғаушылардың біріне тиіп, қақпа торында тулады. "Тобыл" мұнымен тоқтап қалмады. 61-минутта Зоран Тошичтің керемет пасынан кейін Игорь Сергеев есепті еселеді. Алты минуттан кейін дәл осы өзбекстандық шабуылшы Серікжан Мужиковтың сол қапталдан асырған пасын қақпаға дәл бағыттап, командасының үшінші голын соқты.

Бір минут өткеннен кейін Александр Марочкин өз айып алаңында ойын ережесін бұзды. "Хайдуктің" жартылай қорғаушысы Кровиновичтің он бір метрлік айып добынан жасаған соққысын Александр Мокин қайтара білді. Матч аяқталды ма деп едік, 94-минутта Эмир Сахити "Тобыл" қақпасының маңындағы қарбаласты сәтті пайдаланып есепті қысқартты.

Қос матчтың қорытындысы бойынша, есеп 3:3 болғандықтан, матч экстра-таймға ұласты. 118-минутта Асхат Тағыберген алыстан тамаша соққы жасап, командасына жеңіс сыйлады. Александр Москаленко шәкірттері үшінші айналымда словакиялық "Жилина" командасымен кездеседі. Алғашқы матч 5 тамыз күні өтеді, ал жауапты матч 12 тамызға жоспарланған.

Сонымен қатар "Шахтер" Конференция лигасының екінші іріктеу кезеңінде румыниялық "Стяуа" клубымен кездесті. Армениядағы "Республикалық" стадионда өткен қарымта матч 2:1 есебімен аяқталды. Қос матчтың нәтижесі бойынша есеп тең болғандықтан, ойын экстра-таймға, одан әрі пенальти сериясына ұласты. Кездесудегі алғашқы голды 11-минутта "Шахтердың" қорғаушысы Михаил Габышев соқты. Ал 76-минутта Флоринел Коман қорғаушылардың қателігінен кейін таразы басын теңестірді. Бірақ 91-минутта қосалқы құрамнан алаңға шыққан Айдос Тәттібаев қайтадан командасын алға шығарды.

Экстра-таймда қос команда гол соға алмады. Ал пенальти сериясында "кеншілердің" бағы жанды. "Шахтер" сапында Эдин Рустемович, Стефан Букорац, Иван Граф, Давид Атанаскоски, Айдос Тәттібаев пенальтиден мүлт кетпеді. Ал "Шахтер" қақпашысы Игорь Шацкий қарсылас ойыншының соққысын қайтара білді.

Конференция Лигасының екінші іріктеу кезеңінде "Астана" мен "Арис" командалары келесі айналымның жолдамасын сарапқа салды. Матч Грекиядағы "Клеантис Викелидиса" стадионында өтіп, 2:1 есебімен алаң иелерінің пайдасына шешілді. Ойынның 36-минутында Дмитриос Манос Непогодовтың қайтарған добын қақпаға қайта теуіп, командасын алға шығарды. Ал 78-минутта Лукас Саша баспен гол соғып, есепті еселеді. 86-минутта "Аристің" жартылай қорғаушысы Маттео Гарсия екінші ескерту қағазын алып, алаңнан қуылды.

Қос матчтың қорытындысы бойынша есеп теңескендіктен (2:2), жанкүйерлер экстра-таймға куә болды. "Астана" 30-минут бойы он адаммен қалған "Арис" қақпасының кілтін таба алмады. Тек төреші қосқан соңғы бір минутта Энео Битри айып добынан асырылған пасты қақпаға дәл бағыттап, жеңісті голдың авторы атанды. Елордалық клуб келесі кезеңде финляндиялық "КуПС" командасымен кездеседі.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу