Финалда Елена Рыбакина әлемнің 1-ракеткасы, "Үлкен дулыға" турнирлерінің төрт дүркін жеңімпазы, Беларусь өкілі Арина Соболенкоға қарсы бақ сынады.
Бірінші сетте есеп 3:2 кезінде брейк жасаған Елена Рыбакина өз артықшылығын сақтап, партияны 6:3 есебімен аяқтады.
Екінші сет тартысты өтті. Тай-брейкте Елена Рыбакина қарсыласына еш мүмкіндік бермей, 7:6 (7:0) есебімен жеңісті қорытындылады.
1 сағат 48 минутқа созылған матчта қазақстандық спортшы 13 эйс жасап, 6 брейк-пойнттың бірін пайдаланды. Ал Арина Соболенко 5 эйс орындағанымен, өз мүмкіндіктерін жүзеге асыра алмады.
Осылайша, Елена Рыбакина 1972 жылдан бері өткізіліп келе жатқан бұл турнир тарихында чемпион атанған алғашқы азиялық теннисші болды.
Бұған дейін Қытайдың Ли На (2013 жылы) мен Чжэн Циньвэнь (2024 жылы) финалға дейін жеткенімен, жеңіс тұғырына көтеріле алмаған.
Жарыс барысында барлық кездесуде жеңіске жеткен Елена Рыбакина 1 500 рейтингілік ұпай және 5,235 миллион АҚШ долларын (шамамен 2,75 миллиард теңге) иеленді.
Сонымен қатар, ол 2016 жылдан бері бір маусымда 500-ден астам эйс орындаған алғашқы теннисші атанды. Бұған дейін мұндай нәтижеге чехиялық Каролина Плишкова жеткен еді.
Биылғы маусымда Елена Рыбакина ТОП-10-ға кіретін 7 қарсыласын жеңіп, бұл көрсеткіш бойынша маусымның үздік ойыншысы атанды.
Жалпы, Елена Рыбакина өзінің кәсіби мансабында 11 WTA титулын жеңіп алған, оның ішінде Уимблдондағы тарихи жеңіс те бар.