3-8 тамыз аралығында Ақтау қаласындағы (Қазақстан) Каспий теңізінің жағасында әлемде тұңғыш рет World Schools Team Championship өтеді. Бұл туралы Қазақстан шахмат федерациясының баспасөз қызметі хабарлады. Чемпионаттың ерекшелігі сонда, оған шахмат үйірмелері мен секцияларының тәрбиеленушілері емес, шахматты жақсы көретін қарапайым әуесқой мектеп оқушылары қатысады.
Чемпионатты Халықаралық және Қазақстан шахмат федерациялары ұйымдастырады. Бас серіктес және басты демеуші "Freedom Holding Corp". Шара Маңғыстау облысы әкімдігінің қолдауымен өтуде.
Чемпионат екі категория бойынша 12 жасқа дейінгі және 18 жасқа дейінгі балалар арасында өтеді. 50 елден 300-ге жуық қатысушы келеді деп күтілуде. Ақтауға алыстан ат арытып, Перу, Мадагаскар, Сан-Томе және Принсипиден қатысушылар келеді. Чемпионаттың географиясы шынымен де әсерлі: төрт құрлықтың мектеп оқушылары өз мектебінің және елінің намысын қорғауға, әлем чемпионы атағы үшін күресуге және әлемнің әр түкпірінен жаңа достар табу үшін Ақтауға ағылады. Мысалы, турнирде бар болғаны 68 мыңға жуық адам тұратын Кайман аралдарының тұрғындарымен танысуға болады (салыстырмалы түрде бұл тіпті Жезқазған қаласының тұрғындарының санынан да аз).
Чемпионатта Қазақстанның намысын 6 қаладан 10 мектеп оқуышалры қорғайды. Оқушылар Чемпионатты асыға күтуде, шетелдік қонақтарды қарсы алуға дайын және ойынның жоғары деңгейін көрсету үшін қызу дайындық үстінде. Командалардың тиімді дайындығы үшін Қазақстан шахмат федерациясы Чемпионат қарсаңында Бурабайда оқу-жаттығу жиынын ұйымдастырады.