Тарихта алғаш рет Өзбекстан құрамасынан жеңілдік

1938

Футзалдан Қазақстан ұлттық құрамасы Өзбекстан құрамасымен екінші жолдастық кездесуін өткізді. Матч Нұр-Сұлтан қаласында өтіп, 6:4 есебімен қонақтардың пайдасына аяқталды.

Тарихта алғаш рет Өзбекстан құрамасынан жеңілдік

Бірінші таймда қазақстандықтар 3:0 есебімен алға шықты. Оразов, Ақбалықов және Дуглас мергендігімен көзге түсті. Алайда үзілістен кейін Рикардо Кака Игитаның орнына Рауан Атантаевты шығарды. Біздің жігіттердің босаңсығанын байқаған Өзбекстан құрамасы бес бірдей гол соқты. 36-минутта Арнольд Кнауб есепті қысқартқан еді, көп ұзамай қарсыластың қақпашысы мергендік танытып, матчтың нүктесін қойды.

Алғашқы жолдастық кездесуде Рикардо Кака шәкірттері 3:1 есебімен жеңіске жеткен болатын. Бірақ бұл жолы команда ірі есеппен ұтылып, бас бапкердің көңілін қалдырды.

"Біз әрқашан нәтижені ұмытпай, мәселелерді шешуге тырысамыз. Команданың екінші таймдағы ойынға деген көзқарасынан көңілім қалды. Біз әріптесіміз Рауанды ұятқа қалдырдық. Ол өте жақсы қақпашы. Біз Рауанды ұятқа қалдырмау үшін қажетті деңгейде ойнамадық. Иә, әрине, жеңіліс деген жақсы емес. Бірақ мен бұл ойынға риза емеспін", – деді Кака.

Сонымен қатар Игита да осы матчқа қатысты пікір білдірді.

"Біз Өзбекстанның жақсы команда, жақсы қарсылас екенін білеміз. Екінші таймның басында ойыншылар мұқият болмады. Жеңілістің бұдан басқа себебі жоқ. Бұл жақсы сабақ болды. Осы жеңілістен қорытынды шығару керек. Алда бұдан да қиын матчтар болады. Менің ойымша, бізде база бар. Еуро басталмас бұрын кейбір қателіктерді түзету қажет. Әрине, біз Еуроға дайын боламыз. Келесі қарсыластарымызды білеміз. Екеуіне де қарсы ойнадық. Біз сондай-ақ олардың ойындарын қарап, талқылайтын боламыз. Бұл жолы әлем чемпионатынан да қиынырақ болады деп ойлаймын. Топтағы қарсыластар өте мықты. Ал топтан шығу біздің басты міндетіміз", – деді Игита.

Еуропа чемпионатына дайындық барысында Кака шәкірттері Украинамен жолдастық кездесу өткізуді де жоспарлап отыр. Еуро-2022 19 қаңтар мен 6 ақпан аралығында Амстердам мен Гронингенде (Нидерланды) өтеді. Қазақстан құрамасының топтағы қарсыластары Италия, Словения және Финляндия құрамалары болады.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу