Тарихта болмаған рекордты төрт күнде жасадық

1812

Бүгінгі алғашқы алтын медальді Қазақстан қоржынына биатлоншы қызымыз Галина Вишневская салды.

Тарихта болмаған рекордты төрт күнде жасадық

Ол 7,5 шақырымдық спринтте алдына жан салмай, керемет нәтижемен Универсиаданың алтынын жеңіп алды. Бұл сайыстағы ату кезінде Вишневскаяның небәрі 1 ғана оғы нысанадан қиыс кетіп, мәреге 21 минут 43,1 секундта жетті.

Екінші орынды украиналық Яна Бондарь иеленді, ал қола жүлде ресейлік биатлоншы Анастасия Егороваға бұйырды. Өткен жолы қазақ еліне алғашқы алтынды сыйлаған Алина Райкова бұл жолы 12-нәтиже көрсетті. Өзге қыздарымыздың нәтижелері төменде:

1. Галина Вишневская (Қазақстан) — 21:43.1 (1+0)

2. Яна Бондарь (Украина) — +22.8 (1+1)

3. Анастасия Егорова (Ресей) — +36.7 (1+0)

7. Дарья Усанова (Қазақстан) — +1:06.0 (1+2)

8. Анна Кистанова (Қазақстан) — +1:11.1 (0+2)

12. Алина Райкова (Қазақстан) — +1:31.1 (0+1)

18. Елизавета Бельченко (Қазақстан) — +2:45.3 (2+2)

21. Анастасия Кондратьева (Қазақстан) — +3:05.8 (1+2).

Сондай-ақ ерлер де биатлон жарысында жүлдесіз қалған жоқ. 10 шақырымдық спринтте Роман Еремин 3-орын алып, ерлік жасады. Ол тек ресейлік спринтерлерден ғана қалып қойды. Роман ату кезінде қателік жібермегенде алтын алуы да мүмкін еді. Бірақ ол ату алаңында екі рет мүлт кетті. Ал барлық оғын дәл тигізіп, мергендігімен көзге түскен орыс биатлоншылары Семен Сучилов пен Дмитрий Иванов алтын және күміс медаль жеңіп алды. Қазақстан атынан сынға түскен өзге де спортшыларымыз жап-жақсы өнер көрсетті:

1. Семен Сучилов (Ресей) — 27:02.3 (0+0)
2. Дмитрий Иванов (Ресей) — +21.8 (0+0)
3. Роман Еремин (Қазақстан) — +22.3 (2+0)

6. Антон Пантов (Қазақстан) — +35.4 (1+0)
10. Василий Подкорытов (Қазақстан) — +58.7 (2+0)
16. Тимур Куц (Қазақстан) — +1:27.9 (0+0)
20. Максим Браун (Қазақстан) — +2:07.3 (1+1)
30. Владислав Витенко (Қазақстан) — +2:42.7 (3+0). 
 

Медеу мұз айдынында коньки жарысының нағыз қызған шағы. 500 метрлік қашықтыққа жүгіруде Екатерина Айдовадан тағы бір жүлде күткен едік, алайда бағы жанбады. Бірінші жүгірісте 4-інші келді, екіншісінде 3-нәтиже көрсетті, бірақ екі нәтиженің қорытындысында Айдова жүлделі орыннан тыс қалды.

Бұл бәсекеде оңтүстіккореялық конькиші Ким Хён Юн чемпион атанды. Жапониялық Ариса Цзюдзимото күміс медаль алса, қола жүлде орыс қызы Александра Качуркиноға бұйырды.
 

Төртінші алтын медальді қоржынға фристайлшымыз Юлия Галышева салды. Ол могул бәсекесінде барлық кедергіден қатесіз өтіп, алтыннан алқа тақты. Оның көрсеткен әдемі өнерін қазылар алқасы бәрінен жоғары бағалады – 73,80 балл. Оның ұпай саны өзінен кейінгі орыс қызы Анастасия Первушина (62.13) мен аустриялық могулшы Катарина Рамзауэрден (52.05) әлдеқайда жоғары болды.

Бесінші алтын алқа да осы могул бәсекесінде бұйырды. Бұл жолы біздің әлемге әйгілі фристайлшымыз Дмитрий Рейхердтен ешқайсысы оза алмады. Ресейден келген Сергей Шимбуевтың жарыс жолын өту уақыты сәл жылдамырақ болғанымен, төбедегі айналуы мен жалпы көрсеткен техникасы Рейхердттікінен әлдеқайда төмен болды. Біздің тағы бір беткеұстар могулшымыз Павел Колмаков та керемет өнер көрсетті, алайда төрешілер екінші орынға ресейлік фристайлшы лайық деп шешті. Дегенмен қола медаль да Колмаков үшін жаман нәтиже емес.

Жарыстар жалғасады, Қазақстан жалпы медаль көрсеткішінде Ресейден кейінгі 2-орында келе жатыр. Әзірге, яғни осы уақытта 5 алтын, 2 күміс, 7 қола, жалпы 13 медаль бар. Медальдар бәсекесі уақыт өткен сайын өзгеріп отыратынын естеріңізге саламыз.

Дәл қазір біздің қоржынымызға 6-шы алтын қосылды. Қазақстандық спринтер Иван Люфт шаңғымен жарыста алтын медальді жеңіп алды.

Иванның бүгін бабынан гөрі бағы жанды десек болады. Өйткені ол жартылай финалға күтпеген жерден шыққан болатын. Яғни жарыс жолына шыққан алтылықтың тек алдыңғы екі орынды иеленгені ғана жартылай финалға жолдама алады. Және барлық төрт ширек финалдық бәсекеде үшінші нәтиже көрсеткендердің арасынан уақыты жоғарысы жартылай финалға шығу керек болды. Ал ондай бақыт біздің Иванға бұйырыпты. Жартылай финалда Иван Люфт үшінші нәтиже көрсетті. Онда екі жартылай финалдық топтан үшінші орын алғандар ішінде тағы да Иванның жолы болып, финалға соңғы шықты. Ал ақтық финалға 3 қазақ, 3 орыс шықты. Қазақстан құрамасынан Алексей Малышев, Олжас Климин және Иван Люфт, ал орыс командасынан Владимир Фролов, Юрий Гаврилов және Егор Березин жарысып, алтын медальді Иван Люфт жеңіп алды.

Ол жарыстан кейін берген сұхбатында: "Мен өзім таңғалып тұрмын, қалай болғанын өзім түсінбей қалдым. Бүгін менің жолым болып тұр шамасы. Финалда қайдан күш пайда болғанын білмеймін, маған Жаратқан бір мүмкіндік бергендей болды. Мәреге бәрінен бұрын жетуім керек сияқты алды-артыма қарамай құйғындай ұшып кете бердім. Алтын алғаныма әлі сенбей тұрмын. Жаттықтырушыларыма рахмет, жарыс жолында айғайлап, маған күш беріп тұрды. Қазақ жанкүйерлеріне де мың алғыс!", – деп өз ойымен қуана бөлісті чемпион. Құттықтаймыз!

Және осы кросстық шаңғы бәсекесінде қыздарымыз да жарады. Анна Стоян небір Норвегия, Ресей мықтыларымен қатар өнер көрсетіп, қола медальді жеңіп алды. Аня жарыстан соң қуанғанынан жылап жіберді: "Мама, мен ақыры медальге қол жеткіздім, мені қолдаған, маған сенген саған көп рахмет анашым!", – деп көз жасына ерік берді.

Сонымен бізде қазір 6 алтын, 2 күміс және 7 қола медаль бар. Жалпы қоржынға 15 медаль түсті.

Жанат Қалықов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу