Тарихта жылан жылы еш тыныш өтпеген: Алдағы жылы не болуы мүмкін

12617

Халық шығыс дүниетанымындағы жыл санаудың 12 жылдық циклі бар екенін біледі. 

Тарихта жылан жылы еш тыныш өтпеген: Алдағы жылы не болуы мүмкін Фото: canva.com

Қазақтар да ежелден осы жыл санауды сіңірген, бір мүшел деп атап жатады. Сонымен, әр жыл жануар атымен аталып, өзіндік мінез бен қасиетке ие болып көрінеді. Жыл қайыру бойынша, іргемізде тұрған 2025 жыл – жылан жылына тұспа-тұс келіп тұр. Бұл жыл күрделілігімен, жұмбағымен және өзгерістерге толы кезеңдерімен танымал. Ендеше алдағы жыл қандай болуы мүмкін?

Нәубеті мол жылдар...

Тарихи оқиғаларды қарайтын болсақ, жылан жылында көптеген өзгерістер болғанын аңғарамыз. Небір қиыншылықтар, соғыстар, саяси өзгерістерді қоса алғанда, дүние тарихына оң өзгеріс алып келген оқиғаларын да тізбектеуге болады. Мәселен, ХХ ғасырда келген жылан жылдары түрлі оқиғалар болған: 1905, 1917, 1929, 1941, 1953, 1965, 1977, 1989. Осы сандардың әрқайсысы белгілі бір кезеңдерді еске түсіре алады.

Алысқа бармай-ақ, 1917 жылғы Қазан революциясын, 1929 жылы қазақ даласында болған ашаршылықты, 1941 жылы совет-герман соғысының басталуын айта аламыз. Бірақ қазақ халқы үшін жылан жылы қашан да жайлы жыл деп айтылады. Мысалы, қазақтың аңыз-әңгімелерінде "жылан жылы жылыс болды, жылқы жылы ұрыс болды, қой жылы зеңгер тоғыс болды" деген сөздер бар. Қаншама жайсыз оқиғалардың өткеніне қарамастан, алдағы жылды жақсылыққа жоруға тура келмек.

Жылан жылы деп жалпылама атау бергенімізбен, оның өзі "отты жылан", "су жыланы" деп бөлініп жатады. Бірі аласапыран арқылы келетін өзгерістерді, екіншісі жайлылықты білдіреді-мыс. Әрқайсысының өзіне тән мінез-құлқы, соған сай жылдың өтуі бар іспетті. Дегенмен бұл айтып отырғанымыз көбіне қытайлықтардың жылнамасында кездесетін жорамал екен. Ал қазақы жыл қайыруда мұндай дүние жоқ.

Бізде жылан жылы неліктен жақсыға баланады? Себебі өз еңбегін адал атқарған, нәпақысын тапқан жанға бұл жыл берекелі, табысты жыл болатыны тұспалданады. Сонымен қатар жылан жылы туған адамдар белгілі ғалым, ғұлама, данышпан атанады деп үміттенген. Бір мысал ретінде Абай Құнанбайұлының 1845 жылы, яғни, жылан жылында дүниеге келгенін айтамыз.

Әрқашанда барлық нәрсені жақсыға болжау бізге тән үрдіс. Халықтың сенімінде жылан ешқандай зиян келтірмейтінін, оған тиіспеген абзал екенін алға тартатын әңгімелер жетерлік. Тіпті, "үйге кірген жыланның басына ақ құйып шығарып жібер" деген сөзді бәріміз білеміз.

"Жылан мифологиясы" мыңжылдықтарды ашуға көмектеседі

Дін тарихында Адам ата мен Хауа ананың жұмақтан қуылуы жайлы тұста жылан жағымсыз сипатқа ие. Адамзат өткеніне қатысты аңыздарда жайсыз жағынан кездесіп тұратыны жасырын емес. Сол сияқты қазақ халқында да жыланды киелі санамайды, бірақ құрметпен қарайды.

Мәселен, түс жору бойынша, адам түсінде оратылған жылан көрсе – ғашық болу, биікке өрмелеп бара жатқан жылан көрсе – жақсы жаңалық немесе мансабы өсу, ал шағып алса – дұшпаны көбею деп жорамалдайды.

Жалпы, шығыс дүниетанымына тән саналатын жыл санаудың тарихы қайдан бастау алады? Неліктен санақты жануарлармен байланыстырған? Көпшілікке қызық бұл сауалдарды этнограф, ҚР Ұлттық музейінің аға ғылыми қызметкері Батырхан Жұмабайға қойып көрген едік.

– Жыл атауларын жануарларға телуді біз сонау Түркі кезеңінде басталған танымға жатқызамыз. Негізі менің ойымша, оның басталу уақыты одан әріде – Энеолит кезеңінен, яғни, түрлі жануарларды қолға үйрете бастағаннан деп санаймын. Кейіннен, ерте темір дәуірінде қытай жеріне таралған болуы мүмкін. Ал мифолог-ғалым Серікбол Қондыбай қазақ халқындағы жыланға байланысты түрлі мифтерді түркі кезеңімен байланыстырады. Қазақтар, жалпы түркі дәстүріндегі "жылан мифологиясының" болғанын дәлелдеу, айғақтар келтіру барысында кем дегенде кейінгі 6-8 мың жыл ішіндегі арғықазақтардың (дей-түркілердің) қай жерлерде мекендеп, кімдермен көршілес болғанын, яғни, қай жақтан шыққандығын анықтай алатынымызды жазған, – дейді маман.

Сонымен қатар ертеден жамандықтан сақтайды деп жыланның басынан бойтұмар тағу, әйелдер жағы "Жыланбас", "Жыланбауыр" деп ою, шаш өрімін жасау ісі болған.

Бұдан бөлек, халқымыздың нанымына сенсек, жылан жылы сабырлы болу керек деп айтылады. Шамасы, алдағы жылы өзгеріс көп болатын іспетті. Себебі жылан жылының қайсысын алсаңыз да, белгілі бір оқиғаларсыз өтпеген. Дегенмен бәрі тек жақсылыққа болсын деп, халық танымынан жаңылмаймыз.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу