Тасымал дағдарысы жаппай қымбатшылық тудыруы мүмкін

2519

Ғаламат жеңілдіктер мен жаппай сатылымдар шеруіне бой үйретіп, "саудагердің еркесіне" айналған қазақстандық сатып алушылар бүгінде дүкендердегі бағаға шошына қарайтын болды.

Тасымал дағдарысы жаппай қымбатшылық тудыруы мүмкін Фото: Жасанды интеллект көмегімен жасалды

Өйткені бұрынғы жомарт акциялар тарихтың еншісіне кетіп бара жатқандай, тіпті елдегі ең ірі гипермаркеттердің өзінде "сары баға" нағыз жеңілдікті білдірмейтін болды. Сатып алушылар бір кездері қолға ұстағанда салмағы сезілетін, акцияға толы жарнамалық брошюралардың да енді тым жұқарып қалғанына назар аудартады.

Бірақ бұл – мұзтаудың тек қылтиған ұшы ғана екен. Алда экономиканың барлық секторын нағыз қымбатшылық цунамиі шарпуы мүмкін. 

Бұл проблеманың түп-төркіні қазақстандық сауда орындарынан мыңдаған шақырым жырақта жатыр. Көрші Ресейді қуатты отын дағдарысы құрсаулап, нағыз көлік коллапсын тудырды.

Салдарынан, брендтік сәнді киім-кешектен бастап, жоғары технологиялық гаджеттер мен құрылыс материалдарына дейін тиелген көп тонналық алып фуралар бұрынғыдай көрші елдегі халықаралық дәліздермен зулап жүрген жоқ. Керісінше, жүк көлігі атаулы жанармайдың бір тамшысына зар болып, ресейлік жанармай құю станцияларында ғарыштан көрінетін, бірнеше шақырымға созылған мазасыз кезектерде таң атырып, күн батырып, кезегін күтуде.

"Бұрын логистика сағаттың механизміндей дәл, мінсіз жұмыс істейтін. Содан біз тауардың қашан келетін күнін нақты айта алатынбыз. Еуропа мен Азиядан шыққан фуралар РФ аумағын көктей өтіп, Астанаға 5-8 күнде, ал, Алматыға дейін 7-10 күнде құйындай ұшып жететін. Енді бұл схема іс жүзінде тас-талқан болды. Жеткізу мерзімдері 3-4 аптаға дейін созылып кетуде. Көліктеріміз ресейлік трассалар мен жанармай бекеттерінде қаңтарылып тұр", – дейді ресейлік-қазақстандық логистикалық компанияның менеджері Камиль Сабиров.

Республикамыз солтүстік көршінің транзиттік "күретамырларына" жіпсіз байланған: бүкіл импорттың 80-90%-ына дейіні біздің нарыққа дәл осы РФ аумағын басып өтіп жетеді. Алып жүк көлігінің жолда қалған әрбір мазасыз күнінің бүкіл шығынын кәсіпкерлер амалсыз тауардың құнына қосып, қарапайым тұтынушының қалтасынан өндіріп алады.

Бұған қоса, Ресейдегі ең ірі тауар тарату тораптары мен алып қоймаларының лапылдап өртене бастауы да отқа май құйғандай жағдайды ушықтырып жіберді. Өткен сенбіге қараған түні Украина РФ-тың орталық аймақтарына аса ауқымды, әрі қашықты қамтитын жойқын соққылар жасады.

Бұл шабуылдардың басты нысаны – Тамбов облысындағы және Мәскеу түбіндегі Электростальдағы Wildberries маркетплейсінің екі бірдей алып қоймасы болды. Украина Президенті Владимир Зеленский бұл нысандар әскери жеткізілімдерге және ұшқышсыз ұшақтардың компоненттерін өндіруге де пайдаланылғанын нықтады.

Жергілікті биліктің хабарлауынша, Тамбов облысының Котовск қаласындағы соққы салдарынан компанияның 7 қызметкері оқиға орнында қаза тауып, тағы 25 адам жарақат алған, біразының жағдайы ауыр. Электростальда бір адам мерт болған, 37 адам жараланған, олардың сегізі жансақтау бөлімінде ауыр халде жатыр.

Ең сорақысы, бұл тек қарсыластың әскери машинасының осы бағыттағы алғашқы "қадамдары" ғана сияқты. Euronews бұған дейін Ресейдің өзі бірінші болып, Украинаның логистикалық нысандарына, соның ішінде "Nova Poshta" (Жаңа пошта) жеткізу қызметінің сұрыптау орталықтарына бірнеше рет соққы беріп, көбісін жермен жексен еткенін еске салды. Міне, енді "асқанға тосқанның" кері келіп отыр.

ТМД кеңістігіндегі бұл әскери текетірестер түптеп келгенде нарықта жаппай тауар тапшылығын, көлік күйзелісін және қарапайым халықтың күнделікті тұтынатын тауарлар бағасының шарықтап кетуіне соқтырады. Оның үстіне бұл соққы әлі күнге Ресейден келетін импорттық ағынға толықтай тәуелді болып отырған Қазақстанның да қабырғасына қатты батары сөзсіз.

Көлік тарифтері – қымбатшылықтың жаңа толқынына сеп

ATI.SU жүк тасымалы биржасының сарапшылары РФ нарығында алдағы уақытта "инфляциялық жарылыс" бұрқ ете түсетінін ескертті: "Бұл жиналып қалған алып бөгет бұзылғанда ешкімге де оңай болмайды, ешкімді де аямайды" дейді олар. Сарапшылардың бағалауынша, "тұтастай алғанда тасымалдаушылар тығырыққа тіреліп, өте қиын жағдайда қалып тұр". Нарықтың тамырын басатын "Атракс" индикаторы бос жүк көліктерінің қауіпті тапшылығы туындағанын тіркеп үлгерді.

"Бүгінде тасымалдаушы компаниялар көк тиын да пайда тауып жатқан жоқ. Әлеуетті пайда тек алыс болашақта, барлық лизингтер мен қарыздар толық өтеліп біткен кезде пайда бола бастауы мүмкін. Оның өзінде, егер қымбат техникаңыз жолда бұзылмасын немесе жол апатына тап болмасын деңіз. Тек сонда ғана бұл көліктер тағы 2-3 жыл иесіне қандай да бір нәпақа әкеле алуы мүмкін: біз оларды тозғанша пайдалануға мәжбүрміз, өйткені дәл қазір оларды нарықта сатудың өзі мұң. Бұл ретте саладағы ахуал тіптен ушыға түсуде. Тасымалдаушылардың шығындарын еселеп арттыратын факторлар тым көбейіп кетті", – деді "ЛидерТранс" көлік компаниясының негізін қалаушы әрі директоры Михаил Устюжанин.

Оның байламынша, нарықты тұрақтылығынан айырып, теңселтіп тұрған басты фактор – отын тапшылығы. Жанармай карталары бойынша отынға берілетін жеңілдіктердің кенеттен жойылуы логистикаға қосымша соққы болды. Тік интеграцияланған мұнай компаниялары ("ВИНК") бұрын 15-20%-ға дейін жететін корпоративтік жеңілдік ұсынатын.

Енді оларды жаппай алып тастаумен шектелмей, үстінен тағы қосымша үстемеақылар енгізді. Сондықтан көптеген ресейлік тасымалдаушылар көліктерін мүлдем тоқтатып, қаңтарып қоюда немесе маршруттардың географиясын түбегейлі өзгертіп жатыр.

Мысалы, біразы тек өз облысында, республикасында және багына толтырылған жанармайы толық жететін көрші өңірде – тар шеңберде ғана жұмыс істеуге көшті, дейді сарапшы. Соның кесірінен Еуропадан Қазақстанға бет қоятын халықаралық жүк транзитіне қызмет көрсететін көлік-логистикалық компанияны табу қиындап бара жатқан көрінеді.

"ЛидерТранс" басшысының пікірінше, тасымал тарифтерін бұдан былай бұрынғы ескі деңгейде ұстап тұру – компаниялардың экономикалық тұрғыдан өзін-өзі өлтіруімен тең. Ақыр соңында олар логистика шығындарының екі есе өсуіне орай тарифтерін қатты жоғарылатуға мәжбүр болады. Бұл алда РФ арқылы жеткізілетін барлық тауар мен қызмет атаулының қымбаттауына әкелуі мүмкін.

Дағдарыс цифрлары және логистика антирекордтары

РБК хабарлағандай, биылғы мамырдың аяғынан шілденің ортасына дейінгі небәрі 1,5 айдай кезең ішінде Ресейдегі жүк тасымалының құны бірден 20%-ға ұлғайды. Өз кезегінде Forbes журналының мәліметінше, жылдық мәнде тарифтердің өсуі 28,8%-ға жетті. Ал, кейбір негізгі маршруттарда (мысалы, Ұлы Новгород – Петербор, Иркутск – Новосібір, Екатеринбург – Қазан) тарифтер 1,5 еседен астам өскен, деп жазды "Ведомости" басылымы.

"Бұл нарық аласапыранының басты қозғаушы күші, триггері – отын дағдарысы. Себебі, отын кез келген рейстің өзіндік құнының 30%-ын құрайды. ЖҚС-тардағы дизель тапшылығы жолда жүру уақытын автоматты түрде арттыруда. Өйткені жүргізушілер кезекте алтын уақытын жоғалтып, сағаттап босқа тұрады, кейбірінің жүгі босқа шіриді", – деді "Умная логистика" платформасының маркетинг жөніндегі директоры Александр Плешивых.

Freedom Global сарапшысы Владимир Чернов бұл бүкіл экономикалық жүйеге төніп келе жатқан дағдарыстың өте маңызды, әрі қауіпті нышаны екенін ескертті.

"Көлік шығындары іс жүзінде кез келген тауардың соңғы құнын қалыптастырады. Егер тасымалдаушы жанармай бекетін іздеп сандалса, кезекте тұрып уақыт жоғалтса, рейстегі қымбат күндерін құрдымға жіберсе және жанармайды тым жоғары бағамен сатып алуға мәжбүр болса, бұл шығындардың бәрі жеткізу құнына автоматты түрде қосылады", – деді Чернов.

Жанармайдың қымбаттауы – бұл инфляцияны өршітетін ең жойқын фактор, деп сөзін сабақтады ол: логистикалық шығындардың артуы ары қарай дүкендердегі бағада айқын көрініс тауып, халықтың күнделікті ішетін азық-түлігіне де, оны баспанамен қамтуға үлес қосатын құрылыс материалдарына да, тұрмысты жеңілдетуге тиіс техникаға да, өзге де өмірлік маңызды тауарларға қатысты таршылықты туғызады.

Тәуелсіз журналист Дмитрий Колезевтің пайымдауынша, отын дағдарысының ең қауіпті кезеңі енді ғана басталып жатыр және оның салдары бүкіл экономиканың тамырына терең бойлайтын түрі бар.

Жанармай құю бекеттері мен шекара өткелдеріндегі алып кезектер кесірінен РФ аумағы арқылы автотасымалдар бұрынғыдан әлдеқайда көп уақытты шығындайтын болды. "Коммерсантъ" газеті нарық қатысушыларының уәжіне сілтеме жасап мәлім еткендей, егер бұрын азиялық бағытта жүк көлігі тәулігіне орта есеппен 700 шақырымды бағындырса, бүгінде бұл көрсеткіш 500 шақырымнан да төмен құлдырап кеткен.

Содан транзит уақыты орта есеппен 23%-ға артып, 10-12 тәулікке дейін ұзап кетті. Оның үстіне Ресей өз шекарасынан бірінші кезекте отын тиелген бензовоздар легін өткізуге басымдық беретіндіктен, өзге жүктері бар фуралар шекараны кесіп өте алмай апталап тұруға мәжбүр.

Салдарынан тауарлардың тоқтаусыз қымбаттауы халықтың тұтынушылық сұранысын оңбай тұралатып кетуі ықтимал. Бұл тоқырау уақытша құбылыс па, әлде ұзаққа созылатын қауіпті трендке айнала ма – бұған нақты кесіп болжам жасауға сарапшылардың батылы бармай тұр. Бірақ бизнес әлемі бір нәрсеге бек сенімді: бұл экономикалық құрдымнан шығу үшін оларға ұзақ уақыт қажет болуы мүмкін.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу