Тасымалдаушыларға 55 млн теңгеден астам айыппұл салынды

5752

Көлікті бақылау органдары 10 айда 830 жолаушылар пойызын тексеріп, 2 366 заңға қайшы әрекетті әшкереледі.   

Тасымалдаушыларға 55 млн теңгеден астам айыппұл салынды

Көлік комитетінің төрағасы Әсет Асаубаев өткен 10 айда теміржол көлігімен 19 миллионнан астам жолаушы тасымалданғанын мәлімдеді.

"2018 жылдың басынан бері 101 құрам тексерілді және стандартқа сай келмейтін 800-ге жуық заң бұзушылық анықталды. Тасымалдаушыларға 55 млн теңгеден астам айыппұл салынып, кемшіліктерді жою шаралары қабылданды. Көлікті бақылау органдары биылғы 10 айда 830 жолаушылар пойызын тексеріп, 2 366 заң талабының бұзылғанын анықтады. Бұған қоса жолаушыларды билетсіз тасымалдаудың 1000-нан астам фактісін тіркеді", – деді комитет төрағасы.

Әсет Асаубаевтың айтуынша, қазіргі таңда 57 бағыттағы облысаралық жолаушылар тасымалын 9 тасымалдаушы жүзеге асырады. Оның екеуі ұлттық тасымалдаушы ("Жолаушылар тасымалы" АҚ, "Қала маңы тасымалдары" АҚ) жетеуі жеке компания.

"Вагон паркінің тозу деңгейі 45,9%-ды құрап, 2 600 бірлікке жетті. Бұл көрсеткішті төмеңдету үшін жоспарлы жұмыс жүргізіліп жатыр. Жолаушы тасымалдау вагонын сатып алған жағдайда сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау және бюджеттік несие ұсынатын мемлекеттік бағдарлама әзірленді. Нәтижесінде 2017 жылдан бастап 220 жаңа вагон сатып алынды. Бұл үшін 60 млрд теңгеден астам жеке инвестиция мен несиелік қаражат тартылды. Алайда, әлі күнге дейін демалыс және мереке күндері поездарда бос орындардың тапшылығы байқалады. Тәуелсіздік күні және жаңа жыл қарсаңында күн сайын 250 қосымша вагон тіркеледі. Астана - Павлодар, Астана - Алматы, Алматы - Шымкент бағыттарында уақытша поездар іске қосылады. Сонымен қатар ел азаматтарының өтініші бойынша биыл Қызылорда - Жезқазған (№617/618) және Қарағанды - Семей (№311/312) поездарының жүру бағыты Астана қаласына дейін ұзартылды", – деді ол.

Комитет төрағасының тәптіштеуінше, әуе көлігіндегі тәжірибеге сәйкес, поездар 3 сағаттан артық кешігетін болса, жолаушылар хабардар етіледі. Бұл жүйе 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап іске қосылады. Осы қызметті қолдану үшін жолаушылар вокзалдарда немесе www.bilet.railways.kz сайтында жол жүру құжаттарын рәсімдеу кезінде ұялы телефондарының нөмірін қалдырулары тиіс. Поезд кешіккен жағдайда тасымалдаушының жедел бөлімшесі смс арқылы хабарлайды. Бұл қызмет ақысыз атқарылады.

Жоғарыда көрсетілген сайтта "күту парағы" функциясы бар. Егер сізге қандай да бір поездан бос орын қажет болса, сайтқа жеке мәліметтеріңізді қалдырасыз. Бос орын пайда болған кезде электронды поштаға хабарлама келеді. Билетті рәсімдеуге 60 минут беріледі. Осы уақыт аралығында билетті сатып алмасаңыз, ол кезегін күтіп тұрған келесі жолаушыға ұсынылады.

Жолаушыларға мобильді құрылғылар арқылы (смартфон, планшет, ноутбук) ақысыз отандық фильм көру, өлең тыңдау, жол сондай-ақ жол жүрудің негізгі ережелерімен танысу мүмкіндігі беріледі. Айтпақшы, жол жүруді ерте жоспарлаған жолаушылар билетті жеңілдікпен сатып алу құқығына ие болады.

"Жолаушылар жол жүру билетін 44 күннен 30 күнге дейін 50%, 29 күннен 15 күнге дейін 40%, 14 күннен 10 күнге дейін 30% жеңілдікпен сатып ала алады", – деді Әсет Асаубаев.

Ол жеке бағыттар бойынша "Тұлпар-Тальго" пойыздарына билет бағасы неге қымбат екенін түсіндірді.

"Бұл пойыздар мемлекеттік бюджет есебінен қаржыландырылмайды және қолданыстағы стандартты пойыздарға балама ретінде ұлттық тасымалдаушы оны өз қалауы бойынша басқарады. Шығындарды жабу үшін тасымалдаушы жол жүрудің баға саясатын құбылтып отырады", – деді көлік комитетінің төрағасы.

Әсет Асаубаевтың айтуынша, 1433 нөмірі жолаушылардың өтініштерін тәулік бойы қабылдайды.

"Жолаушыларды билетсіз тасымалдау фактісі тіркелсе, төсек-орын жабдықтары талапқа сай болмаса 1433 нөміріне хабарлау керек", – деп қорытты сөзін комитет төрағасы.

Қанат Махамбет

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу