Тауарды Ресейде саудалаған екі есе пайдалы

6256

Пайдаға кенелу үшін кедергілерді жеңу керек.

Тауарды Ресейде саудалаған екі есе пайдалы

Қазақстанда жасалған сүт өнімдерінің Ресей сауда сөрелеріне қандай қиыншылықпен жететіні жайлы "Еуразиялық экономикалық интеграция әлеуеті" диалог алаңында кәсіпкер Александр Кузлякин "Атамекен" ҚР ҰКП, министрліктер өкілдері алдында бүкпесіз әңгімелеп берді.

Кедергілерге жиі кездессе де, тауарларын Ресейге шығаруға құмарлығын кәсіпкер көрші елде сүт өнімдерін екі есе қымбатқа сатуға болатындығымен түсіндірді.

"Ресеймен көптен бері жұмыс істейтін сүт өнімдерін өндіруші шағын кәсіпорынбыз. Дайын өнімді Қазақстанның солтүстік өңірінен жақын жердегі Омбыға жеткізу үшін талай қиыншылықтарды өзіміз жақтан да, Ресей тарапынан да тартып жатырмыз. Соған қарамай не себепті Ресеймен жұмыс істегіміз келетіндігін айтсам, сүт өнімдерінің орташа бағасы біздің кәсіпорында 300-320 теңге тұрады, ал Ресейде оларды 600-650 теңгеден саудалаймыз. Сол себепті Ресей нарығы өте тартымды",– дейді Александр Кузлякин.

Әлі шықпаған өнімге құжат жинауды не себепті бірнеше күн бұрын бастайтындығын да жайып салды.

"Аптасына бір рет, әр бейсенбі сайын дайын сүт өнімдерін Омбы қаласына жөнелтіп отырамыз. Ал өнімдерді рәсімдеуді дүйсенбі күні бастаймыз. Өнім дайын болмаса да неліктен дүйсенбіден бастайтынымызды сұрайсыздар ма? Өйткені, өнімдеріміздің сатылып үлгерілуге тиіс мерзімі үш тәуліктен жеті тәулікке дейін ғана. Яғни, тез бұзылатын өнім. Қазақстанда әлі де болса ешқандай қоспаларсыз табиғи сүттен таза өнім шығаратын біршама кәсіпорын бар екеніне рахмет!",– деді кәсіпкер.

Зауыт директоры дайын өнімдерді жеткізуде өте көп кедергілермен бетпе-беп келетіндігін айырықша айтты.

"Енді кедергілер туралы айтайын, бірінші ветеринарлық анықтама аламыз. Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің 2014 жылғы 257-ші бұйрығы бойынша бұл анықтама алынып тасталуы керек еді, бірақ әлі күнге дейін талап етілуде. Артынша мемлекеттік мекемелерге барып тағы да қыруар құжат жинаймыз. Содан кейін ғана түнделетіп Омбыға жол тартамыз. Тауар – тез бұзылатын өнім. Сол себепті тауарды таңертең Омбыға жеткізу керек. Шекараға келіп жеткеннен кейін қандай мәселелер бар? Жаз кезінде, мерекелерде, демалыс күндерінде көліктер сағаттап кезекте тұрады. Біздің тауардың бұзылуы тез. Шекарадан жылдам өткізу мүмкіндіктері бар ғой. Мысалы, Еуропаға барғанда саусақ ізін тексеру арқылы шекарадан 2-3 минутта өткізеді. Ал бізде 15 минуттан жарты сағатқа дейін рәсімдейді. Ресей шекарасында да дәл сол жағдай қайталанады. Дегенмен де, Ресей жағында жүк көліктері мен жеңіл машиналарға кезек екі бөлек болғандықтан біраз тезірек. Келесі проблема – Ресейде ветеринарлық тексеру. Ол жерде 13 сағатқа дейін тұрған кезіміз болды. Ветеринарлық тексеру орнында жұмыс істейтін мамандар тауарларды рәсімдеу үшін құжаттарды міндетті түрде қолмен тереді. Біздің ветеринарлардың электронды нұсқаларын қабылдамайды. Өйткені, басшылықтары рұқсат бермейді. Таңғы 3-5 кездерінде Омбыға келіп жетеміз де, жүк түсірушілермен әуреленеміз. Осылайша, кей кездері жолға бір тәулік уақыт жоғалтамыз",– деді қазақстандық сүт өнімдерін өндірушілердің өкілі.

Нұржан Көшкін

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу